Аяжан Еділованың өлімінен кейін екі аптаға жуық уақыт өтті. Оқиғаның егжей-тегжейін Алматы қалалық ПД басшысының орынбасары Рустам Әбдірахманов айтып берді. Бұл туралы «Караван» басылымы жариялады. 

Подполковник Рустам Әбдірахмановтың айтуынша, күдікті полицейлерге деген бірінші сөзі «Мен оның етін жеген жоқпын» болыпты. Марқұмның жақындарынан хабар келіп түскеннен кейін, тәртіп сақшылары жедел іздестіру шараларын жүргізіп, қыздың барған соңғы мекенжайын анықтаған. Алайда пәтер иесі есікті бірден ашпаған соң бұзып кіруге тура келген. Полицейлерді көрген ер азамат тамағына пышақ тығып, қолдары мен аяқтарып кесіп жіберген. 

ПД өкілі марқұмның денесі табылған үй күдіктінің ағасына тиесілі. Өзі Бельгияға оқуға кеткендіктен, пәтерде інісінің тұруына рұқсатын берген.

Криминалистер тоңазытқыштан марқұмның терісін, қаптардан оның ішкі ағзаларын тапқан. Бұған қоса, күдікті бойжеткеннің басын қазанға салып қайнатқаны да расталды. 

«Тек бас сүйегі ғана қалған. Қыздың денесінің кейбір бөліктерін күдікті түнде такси шақыртып, Бостандық ауданындағы Ә. Кекілбаев көшесіндегі қоқысқа тастаған. Мәйіттің қалған бөліктері пәтерден табылды», – деді Әбдірахманов. 

Сонымен қатар, ол күдікті өз кінәсін мойындап, оқиғаның қалай болғанын айтып берді. 

«Әлеуметтік желі арқылы танысып, бойжеткенді алдап, үйіне әкеліп алған. Аяжанның жұмысына такси шақыртып, үйінен шығып, жолға ақшаны өзі төлепті. Артынша үйде екеуінің арасында жанжал туып, күдікті қызды белдікпен қылқындырып өлтірген», – деп қосты ол. 

Күдікті марқұмның денесінен қалай құтылу керектігін интернеттен тапқан, дейді полицей. 

«Өлтірген соң бір жарым сағат не істерін білмеген. Түрмеден қорыққандықтан, мәйіттен құтылуға бел буған. Интернеттен қыздың денесін қалай құрту керек деп іздеп оқыған. Сосын ас үйдегі пышақпен оның денесін қонақ бөлмесіндегі еденде бөлшектеген», – деді тәртіп сақшысы. 

Сондай-ақ, күдікті Түркістан облысында мектепті үздік бағамен бітіріп, С. Асфендияров атындағы медициналық университетке оқуға түскені айтылды. Бірақ кейіннен Шымкенттегі ЖОО-ға ауысқан. Бірақ сабаққа келмегені үшін оқудан қуылыпты. 

ПД басшысының орынбасары күдіктінің сана-сезімі жайлы да айтып кетті. 

«Оның психикалық жағдайы туралы сарапшылар баға береді. Менің ойымша, оның есі дұрыс, жаза қолданылатынын біліп отыр. Кейіннен анықталғандай, ол Құранды жетік меңгерген. Алдағы уақытта дінге берілмекші. Күдікті тергеу кезінде егер аман-сау түрмеден шықса, жастарды оқытамын дейді. Өзінің қателігін еске алып, оны басқалары қайталамас үшін күш жұмсамақшы», – деді Әбдірахманов. 

Сөзінше, күдікті жазадан құтыла алмайды, ол заң алдында жауап беретін болады. 

Алдағы уақытта биологиялық, генетикалық, психологиялық-психиатриялық сараптамалар жүргізілуде екен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!