Білімнің кілті, өмірді танытушы құрал – кітап. Алға басу үшін «кітап» дейтін бақ керек. Алайда арғы жағын ойлай бермейтін азаматтар оқудан ада болған. Кітаптың қасиеті құрып, оқырмандары азайған заманның зардабы қандай болмақ?

Рухани мүгедектер көбейіп, жаны бос, тәні ғана түгел жандар көп бүгінде. Кітаптың қызығына бату көптің қолынан келмей тұр. Кітапхана сөрелерін шаң басып, оқырманы табылмаған қанша оқулық тұр десеңші. Желөкпелікке салынып, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен өтуге өкшелеп алған өрендердің кітап оқымауы – заманауи технологиялардың кесапаты. Ғаламторға, смартфонға байланған жасөспірім кітаптың бетін ашпақ түгіл, оған басын сұқпайды. Мойыны үзілгенше монитор бетінен бас алмайтын балалар болар шақтың бас болар, орда бұзар азаматтары деуге ауыз бармайды. Маржанмен емес, әлемжелідегі арзан біліммен азықтанып өскен ұрпақтан қандай болашақ күтуге болады?

Заман талғамы тым жоғарылап, технологиялар жаңартыл­ғанмен де жалғыз ғаламтордың білімі жалқы адамға да жетпейді. Себебі монитор артындағы үзік білімнің өзі кітап бет­терінен алын­ған. Тек оқулық ақта­рып, оны санаңа сіңірсең сенен артық «саналы адам» жоқ. Жетістіктің ең басты негізі – кітап. Тез ойлануға, тез шешім қабылдауға, өсіп-жетілуге жәрдем беретін де кітап. Онсыз ойлаудан қалып, ор текеден еш айырмамыз болмай қалады. Кемелденуге көмекші болар кітаптың қай ғасырда да орны бөлек, орамы бөлек. Сан ғасырлар бойы оқуға, көзді ашуға көңіл бөлінгені де сондықтан. «Алаш» салып кеткен  арлы жолды адал аттап, ақылды ұрпақ болуға талпыныс тағы қажет. Кітапты қолдан тастамай, қиянат қылмау – саналы адамның саясаты.

Қаншалықты көңіл бөлінгенмен жасөспірімнің оқуға деген  махаббатын ашу ақсап тұр. Елімізде іс-шаралар, ынталандыру үшін жасалатын жарыстар жиі ұйымдастырылады. Бәйгеге түрлі сый-сияпат тігіліп, үздік оқырманды анықтайды. Қанша үлестіріп, жеңістерімен құттықтаса да,  қызығушылық деңгейі сол қалпында сияқты. Күйіндіретіні сол…

Аружан ҚАРАБАТЫРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!