Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылғы 1 қыркүйектен Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталды.Оның қорытындысы бойынша мемлекеттік сектор үшін 50 резервші іріктелетін болады.

Іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімі және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ мемлекеттік тілді орташа деңгейден төмен емес деңгейде білетін Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.

Резервте болу мерзімі 3 жылды құрайды.

Резервшіні бос мемлекеттік лауазымға тағайындау құзыреттер жиынтығы ескеріле отырып және Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның ұсынымы бойынша конкурстан тыс тәртіппен жүзеге асырылатын болады.

Резервке алу үшін үміткерлерге бірнеше жүйелі кезеңдерден өту керек, оның ішінде:

1) күрделі сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау;

2) ситуациялық тапсырмаларды шешу;

3) құзыреттерді бағалау;

4) Сарапшылық комиссияда әңгімелесу;

5) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы.

Көптеген кезеңдер онлайн режимінде өтеді.

Құжаттарды қабылдау 30 қыркүйекке дейін pkrezerv.gov.kz цифрлық платформасында онлайн режимде жүргізіледі.

Елдің одан әрі дамуы мен гүлденуіне үлес қосуға дайын және қабілетті барлық азаматтарды Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеуге қатысуға шақырады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!