Адамзаттың әрбір үлкен жетістігінің түп-төркіні ғылымнан бастау алады. Бүгінгі жайлы өмір, заманауи медицина, озық технология – бәрі де бір кезде бір зертхананың тыныштығында туған идеяның жемісі. Сондықтан ғылымға қызмет ету – бір мамандықты ғана емес, адамзаттың ертеңіне қызмет етуді таңдау деген сөз. Осындай жауапкершілігі зор жолды таңдаған қазақстандық жас ғалымдардың бірі – Назгүл Сәкенова. Оның ғылымдағы ізденісі, әлемдік деңгейдегі тәжірибесі, өмірлік ұстанымы мен болашаққа деген көзқарасы жайлы сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

– Көпшілік ғылымды зертханамен ғана байланыстырады. Ал сіз ғылымның адам өмірін өзгертетін күш екенін қалай түсіндіңіз?

– Менде ғылымға деген қызығушылық бастауыш мектептен басталды. Сол уақытта Жансүгіров ауылындағы Сәтбаев мектебінде оқитынмын. Ұстазым Г.Сүлейменқызы бізге табиғатқа деген қызығушылықты сурет, әдебиет, ән арқылы оятатын. Негізі ғылымның өмірімізге қаншалықты әсерлі күш екенін мен тек уақыт өте келе түсіндім. Қазір біз күнделікті пайдаланып жүрген электр тоғы да, телефонымыз да, медицина диагностикасы да, дәрі- дәрмек те, барлығы өткен ғасырларда өмір сүрген ғалымдардың еңбегінің жемісі. Ал бүгінгі біз атқарып жатқан зерттеулер келесі буынның өміріне әсер етіп, жаңа өзгерістер әкеледі деп сенемін. Сондықтан ғылым тек зертхана емес, ол бүкіл қоғамның дамуын айқындайтын қуатты күш.

– Гарвардқа апаратын жол бір күнде салынбайды. Сол жолда сізге ең көп көмектескен қасиетті атаңызшы.

– Мен үшін Гарвардқа апарар жол бір сәтте ашылған жоқ. Ол баспалдақ секілді кезең-кезеңімен қаланды. Өйткені өмірде бір-екі сатыны аттап өту мүмкін емес, әр баспалдақтың өз орны бар. Ғылымға деген алғашқы қадамым Сәтбаев мектебінде басталып, ұстаздарымның қолдауымен нығайды. Кейін Назарбаев Зияткерлік мектебі мені жаңа мүмкіндіктерге жетеледі. Ал Назарбаев университетінде төрт жылдық бағдарламаны 3,5 жылда аяқтап, қалған уақытымды ғылыми зерттеулерге арнадым. Франциядағы Paris-Saclay университетінде екі жылдық магистратураны бір жылда тәмамдап, әр мүмкіндікті тиімді пайдалануға тырыстым. Одан кейін Германиядағы EMBL-де PhD бағдарламасын оқыдым. Әр кезең маған жаңа тәжірибе мен жаңа дағды сыйлады.

Назгүл СӘКЕНОВА: Қазақстандық жас ғалымдардың әлеуеті өте жоғары

Сол жолда маған ең көп көмектескен қасиет – ғылымға қызығушылық пен табандылық. Сұрақ қоюдан қорықпау, терең ойлану және әр істі адал ниетпен атқару мені үнемі алға жетеледі. Тіпті бір ғылыми конференцияда қойған батыл әрі тосын сұрақтарым Гарвард профессорының назарын аударып, зертханасына жұмысқа шақыруына себеп болды.

Қазір жолдасым Асқарбек Орақов екеуіміз Гарвардта ғылыми зерттеулермен айналысып жүрміз. Бірақ Гарвардты жеткен межеміз емес, келесі белеске бастайтын тағы бір баспалдақ деп қабылдаймыз. Өйткені әлі де бағындырар белестеріміз бен елге тигізер пайдамыз көп деп сенеміз.

– Бүгінде Гарвардта зерттеу жүргізіп, PhD студенттеріне ғылыми жетекшілік етіп жүрсіз. Қазақстандағы жас ғалымдар әлемдік ғылымға еркін араласуы үшін ең алдымен не өзгеруі керек?

– Менің ойымша, қазақстандық жас ғалымдардың әлеуеті өте жоғары. Мемлекетіміз жас болса да, оқушылар мен студенттердің білімі мен ынтасы әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп келеді. Мысалы, халықаралық пәндік олимпиадаларда біздің оқушыларымыз тұрақты түрде алтын, күміс, қола медаль жеңіп алады. Жақында ғана физикадан өткен халықаралық олимпиадада Қазақстанның бес оқушысы бес алтын медаль иеленді. Бұл – тарихи жетістік әрі біздің интеллектуалдық әлеуетіміздің көрсеткіші.

Әрине, кез келген салада қиындық бар. Әсіресе эксперименттік ғылыммен айналысу үшін заманауи зертханалар, құрал-жабдықтар мен реагенттердің жеткілікті болуы өте маңызды. Сонымен қатар белгілі бір ғылыми бағыттың қарқынды дамуы үшін сол саладағы зерттеушілер мен зертханалардың жеткілікті саны болуы қажет. Бұл тұрғыдан алғанда, бізде әлі де даму қажет бағыттар бар.

Дегенмен бұл жастардың әлемдік ғылымға араласуына кедергі болмауы керек. Қазір жасанды интеллект пен ақпараттық технологиялардың дәуірі. Биоинформатика, химинформатика сияқты бағыттарда қашықтан ғылыми тағылымдамадан өтіп, халықаралық зерттеу топтарымен жұмыс істеуге мүмкіндік мол. Осындай тәжірибе арқылы ғылыми мақалалар жариялап, әлемдік ғылымға өз үлесіңді қосуға болады.

Кейінгі жылдары жастарға арналған мүмкіндіктер де көбейіп келеді. Мемлекеттік бастамалармен қатар, жеке қорлар да ғылымды қолдауға үлес қосып жүр. Мысалы, жыл сайын 10 талантты студентті әлемнің жетекші университеттеріне жазғы ғылыми тағылымдамаларға жіберетін бағдарламалар бар. Менің жұбайым Асқарбек те осындай мүмкіндікті пайдаланып, оның кәсіби дамуына үлкен мүмкіндік болды.

Сондықтан менің ойымша, ең бастысы – жас ғалымдарға халықаралық ғылыми ортаға ертерек араласуға мүмкіндік беру, олардың қызығушылығын қолдау және әлемдік зерттеу қауымдастығымен байланысын күшейту. Сонда Қазақстанның жастары әлемдік ғылымда өз орнын сенімді түрде табады.

Назгүл СӘКЕНОВА: Қазақстандық жас ғалымдардың әлеуеті өте жоғары

– 600 үміткердің арасынан таңдалып, 234 мың долларлық беделді грантқа ие болдыңыз. Ал бізде «бұл қаржы қайда жұмсалады?» деген сұрақ туындап отыр…

– Бұл грант менің жалақымды жабады. Бұл маған тәуелсіз түрде өзіме қажет ғылыми зерттеу жұмысын жасауға мүмкіндік береді. Әдетте, университет немесе зертхана жалақы төлесе, академиялық еркіндік сәл шектеулі болады. Ал бұл грант маған дербес шешім қабылдауға, зерттеу бағытымды өзім таңдауға жол ашады. Әрине бұл қаражат зерттеудің өзіне, яғни реагенттерге, эксперименттердің толық құнына жетпейді. Бірақ басқа да гранттар бар, сондықтан осы ресурстарды біріктіріп, өзіме маңызды әрі қажет зерттеулерді жүргізе аламын.

– Шетелдегі ғылымның мүмкіндігі мол екені белгілі. Сонда да болашақта жинаған тәжірибеңізді Қазақстан ғылымының дамуына бағыттау жоспарыңыз бар ма? Отанға оралу ойда бар ма?

– Мен білімді ақысыз түрде Назарбаев зияткерлік мектебінде және Назарбаев университетінде алдым. Бұл маған мықты негіз болды. Мұнда біз сапалы білім алдық. Ал халықаралық тәжірибе мен білім сол негіздің үстіне қосылған қосымша болды. Сондықтан мен мұны өз елім үшін әртүрлі жолдармен пайда келтіруді өзімнің парызым деп санаймын. Өзім енді даму үстіндегі маман ретінде қазір берер көмегім – қазақстандық студенттерге ментор болу, олардың халықаралық ғылыми ортаға шығуына көмектесу, біздің зертханамызда тағылымдамадан өтуіне жәрдемдесу.

– Жұбайыңыздың да ғылым саласында еңбек ететіні белгілі. Бір шаңырақтағы екі зерттеушінің ортақ арманы мен кәсіби жолының бір болғаны керемет шығар…

– Иә, біздің оқиға әдеттегідей емес. Алдымен отбасы құрып, кейін ғалым болған жоқпыз, керісінше, бірге ғылымға қадам басып, тек содан кейін үйлендік. Біздің әңгімелеріміз, түсінігіміз, бір-бірімізді қолдауымыз өте ерекше. Өйткені біз ғылымда да, өмірде де бірге өстік. Он жылдан бері біргеміз, бакалаврды да, магистратураны да, PhD-ны да, ғылыми тағылымдамаларды да бірге өттік. Қазір екеуіміз де Гарвардта постдок ретінде жұмыс істеп жүрміз. Сондықтан біз жай ғана жұп емеспіз, өзімізді бір команда ретінде сезінеміз һәм бұл сезім біздің жолымызды әрі нығайтып, әрі жеңілдетеді.

Назгүл СӘКЕНОВА: Қазақстандық жас ғалымдардың әлеуеті өте жоғары

– Жақында ана атандыңыз. Ана болу ғылымға, мансапқа және өмірлік мақсаттарыңызға деген көзқарасыңызды қалай өзгертті?

– Мен үшін ана болу ғылымға деген көзқарасымды емес, өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Ана атанғаннан кейін аналарға деген құрметім бұрынғыдан да артты. Қоғамда әйелді әлсіз деп қабылдайтын түсінік бар. Алайда мен үшін анадан мықты адам жоқ. Себебі ана болу – өмір бойы жалғасатын, махаббат пен сабырды талап ететін ең үлкен жауапкершілік.

Кейде ана болу ғалым болудан да қиын жұмыс сияқты көрінеді. Ғылыми жоба бір күні аяқталады, ал аналық міндеттің аяқталатын уақыты болмайды. Ол күн сайын өзіңді жетілдіруді, балаңа уақыт пен көңіл бөлуді талап етеді.

Бүгінде отбасы мен ғылымды қатар алып жүрмін. Бұл екі рөл бір-бірін толықтырып, өмірге деген көзқарасымды тереңдетіп, жауапкершілігімді бұрынғыдан да арттырды.

Айтпақшы, жолдасым Асқарбек те Гарвардта әйелдердің денсаулығына әсер ететін вирустарды зерттейді. Сондықтан бұл тақырып біздің отбасымыз үшін кәсіби ғана емес, өмірлік тұрғыдан да ерекше маңызға ие.

– Айтыңызшы, әлемнің үздік зертханаларында еңбек етіп жүрген қазақ қызы ретінде, сіздің ойыңызша, Қазақстан ғылымын халықаралық деңгейге шығаратын ең басты ресурс не?

– Менің ойымша, ең басты ресурс – бұл біздің интеллектуалды капиталымыз. Яғни, оқушылар, мұғалімдер, мектептегі жүйе, білім беру жүйесі – бәрі өте сапалы. Мысалы, Жансүгіровтегі Сәтбаев мектебі, НЗМ мен Назарбаев университеті маған мықты іргетас қалыптастырды. Сол білімнің арқасында әлемдік деңгейдегі ғалым болып отырмын. Егер негізі әлсіз болса, ондай мүмкіндік те болмас еді. Сол себепті біздің білім жүйеміз өте жоғары деңгейде болуы қажет. Мұғалімдердің сапасы, олардың біліктілігі мен еңбегін бағалау да үлкен рөл атқарады. Білімге деген құрметіміз жоғары болса, болашақта ғалым да, жетістік те көбейетіні сөзсіз. Бұл бағытта үздіксіз даму мен сапалы білімге инвестиция жасау өте маңызды.

– Ғылым жолын қуған жас оқырмандарға лебізіңізді жеткізсеңіз…

– Ең алдымен, өздеріңізге сеніңіздер дегім келеді. Сіздер әлемнің кез келген еліндегі студенттен де, ғалымнан да еш кем емессіздер. Мұны өз тәжірибемізден жақсы білеміз. Жолдасым Асқарбек екеуіміз Қытайда, Жапонияда, Францияда, Германи- яда және АҚШ-та ғылыми тағылымдамадан өтіп, түрлі елдің ғалымдарымен бірге жұмыс істедік. Сол ортада қазақстандық жастардың білімі мен әлеуетінің әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екеніне көзіміз жетті. Сондықтан, ең алдымен, өз күштеріңізге сеніңіздер. Сондай-ақ сұрақ қоюдан ешқашан қорықпаңыздар. Кейде қарапайым көрінген сұрақтың өзі үлкен ғылыми жаңалықтың бастауына айналуы мүмкін. Еркін ойлап, қызығушылық танытып, өз пікірлеріңізді ашық айтудан тартынбаңыздар. Ғылымда сенімділік, ізденімпаздық және білуге деген құштарлық аса маңызды. Мүмкіндігінше ғылыми тәжірибеден өтіп, өз бағыттарыңызды табуға, ғылыми мақалалар жариялауға ұмтылыңыздар. Сонымен бірге шығармашылық еркіндікке шектеу қоятын, дамуға кедергі келтіретін жағымсыз ғылыми ортадан аулақ болып, үнемі ізденіп, сұрап-біліп жүруден жалықпаңыздар.

– Әңгімеңізге рақмет. Толағай табыс тілеймін!

Сұхбатасқан Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!