Ұстаз болу – мамандық таңдау ғана емес, болашақтың тағдырына жауапкершілік алу екенін студент кезімде түсіндім. Университет қабырғасында алған білім мен педагогикалық тәжірибе мені физика пәнінің мұғалімі болу – тек сабақ беру емес, ғылымға ғашық, терең ойлай алатын, ізденетін ұрпақ тәрбиелеу деген қорытындыға әкелді.

Физика тек формула мен заңдардың жиынтығынан ғана емес, ол – табиғаттың тілі, әлемнің үйлесімінен тұратын қызық ғылым. Әрбір қозғалыс, жарық, дыбыс, энергия немесе ғарыштағы құбылыс белгілі бір заңдылыққа бағынады. Осы заңдылықтарды оқушыға түсіндіру арқылы біз оның тек білімін ғана емес, дүниетанымын қалыптастырамыз. Сондықтан физика мұғалімінің ең басты міндеті – баланың бойында дайын жауапты жаттауға емес, сұрақ қоюға, дәлелдеуге, зерттеуге деген қызығушылықты қалыптастыру.

Бүгінгі қоғам ғылым мен технологияның жаңа дәуіріне аяқ басты. Жасанды интеллект, робототехника, жаңартылатын энергия көздері, ғарыштық технологиялар, цифрлық өндіріс – мұның барлығы физика ғылымының жетістіктеріне сүйенеді. Осындай кезеңде физиканы сапалы оқыту маңызды. Себебі елдің ертеңгі инженер, ғалым, конструкторлары мен өнертапқыштары бүгін мектеп қабырғасында білім алуда.

Қазақстанның дамуы ғылым мен білімнің сапасына тікелей байланысты. Мемлекет басшысы жариялаған ғылыми-технологиялық даму бағыттары, инженерлік мамандықтарға беріліп жатқан басымдық, өндірісті жаңғырту, энергетика саласындағы жаңа жобалар жаратылыстану ғылымдарын терең меңгерген мамандарды қажет етеді. Ал сол мамандардың алғашқы ұстазы – мектеп мұғалімі емес пе?! Осы жауапкершілікті сезіне отырып, мен физика пәнінің мұғалімі мамандығын таңдадым.

Педагогикалық тәжірибе барысында бір дүниеге көз жетті. Мен үшін сабақ тек мұғалімнің жаттанды дәрісінен, ал оқушының жай тыңдауынан тұрмайды. Сабақ барысында пікір алмасып, тәжірибе жасайтын, жаңалық ашатын шығармашылық орта қалыптасуы керек. Оқушы физиканы өмірмен байланыстырған кезде ғана пәнге қызығушылық танытады. Сондықтан болашақтағы еңбек жолымда дәстүрлі түсіндірумен ғана шектелмей, тәжірибелік жұмыстарды, цифрлық зертханаларды, ғылыми жобаларды, зерттеу әдістерін кеңінен қолдануды мақсат етемін.

Мәселен, Байқоңыр ғарыш айлағының Қазақстан жерінде орналасуының өзі жастардың ғылымға қызығушылығын арттыруға зор мүмкіндік береді. Ғарышқа ұшқан әр зымыран жер серігінің немесе ғылыми аппараттың жұмыс істеу қағидалары физика заңдарына сүйенеді. Осындай мысалдарды өмірмен байланыстыра түсіндіре алған мұғалім оқушының пәнге деген қызығушылығын еселей түседі. Көптеген жас ғалымның ғылым жолына келуіне мектептегі физика пәні мұғалімінің ықпалы болғаны жиі айтылады. Бұл ұстаз еңбегінің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Ұстаздың басты жетістігі – өзінің емес, шәкіртінің жетістігі. Егер менің оқушыларым ғылымды таңдаса, республикалық олимпиадаларда жеңіске жетсе немесе Қазақстанның дамуына үлес қосатын инженер, ғалым атанса, мен үшін одан асқан мәртебе жоқ шығар, сірә. Себебі «ұстаздан шәкірт озса игі» деген қанатты сөздер бекер айтылмаса керек.

Жас маман ретінде үздіксіз ізденудің маңызын жақсы түсінемін. Білім беру саласы күн сайын жаңарып келеді. Жаңа технология, жаңа әдістеме, түрлі цифрлық платформа мұғалімнен тұрақты дамуды талап етеді. Сондықтан кәсіби біліктілігімді жетілдіріп, халықаралық тәжірибелерді меңгеріп, заманауи оқыту тәсілдерін игеру – алдағы еңбек жолымдағы басты мақсатымның бірі.

Қазақстанда өндіріс орындарының жаңғыруы, атом энергетикасын дамыту мәселесі, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану, ғарыштық зерттеулерді кеңейту секілді бағыттар бойынша білікті мамандарға сұраныс жыл сайын артып келеді. Әр саланың негізінде физика ғылымы жатыр. Сондықтан физика мұғалімі тек оқытушы емес, еліміздің ғылыми әлеуетін қалыптастыруға үлес қосатын маңызды маман иесі саналады.

Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы «Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақ» деген. Осы сөзді өзіме өмірлік ұстаным ретінде қабылдаймын.

Айбике БЕКЕНТАЙ,
Физика пәні мұғалімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!