Ауылдан шыққан баланың маңдайына қала баласынан кем тағдыр жазылмаған. Бірақ кейінгі жылдары көзге жиі түсетін бір құбылыс бар. Кейбір жастардың бойына өзгені өзінен жоғары қою, өзін екінші қатардағы адам санау секілді көзге көрінбейтін, бірақ салдары ауыр психология сіңіп бара жатқандай. Әңгіме білімнің аздығында немесе қабілеттің төмендігінде емес. Мәселе адамның өзіне деген сенімінде жатыр. Қатарласының қолынан келген дүниені өзінің де жасай алатынына күмәнмен қарайтын, үлкен жиында сөз бастау керек болса үнсіз шетке ығысатын, жауапкершілік жүктелсе «бізден шықпайды» деп алдын ала шегініп қоятын жастар аз емес.
Осындай көңіл күй уақыт өте келе адамның мінезіне айналады. Өз күшіне сенбеген адам бірте-бірте өзгенің күшіне сүйенуге үйренеді. Сөйтіп, жаңа бастаманың орнын тәуелділік басады, әрекеттің орнын күтушілік алмастырады. Кеше ғана өзін өзгеден әлсіз санаған жас ертең маңызды шешімдерді де өзгенің қабылдауына көнгіп кетеді. Қоғамдағы масылдықтың тамыры көбіне осы жерден бастау алады. «Біреу келіп мәселені шешіп береді, біреу келіп жол көрсетеді, біреу келіп соңынан ертеді» деген үміт сананың тереңіне орнығып алады.
Қазақ тарихына көз салсаң, елдің маңдайына біткен талай тұлғаның үлкен шаһардың тас көшесінде емес, шағын ауылдың топырағында өсіп-жетілгенін көресің. Кешегі мал соңында жүрген қара бала кейін мемлекет басқарды, ауыл мектебінің тар сыныбында білім алған жастар ғылымның биігіне көтерілді, аудан орталығына барудың өзі үлкен оқиға саналатын заманда қазақтың талай азаматы әлемге танылды. Олардың ешқайсысы туған жерін кемшілік деп қабылдаған жоқ. Керісінше, сол ортадан алған шыдам мен төзімді, еңбекқорлық пен қайсарлықты өмірлік артықшылыққа айналдыра білді.
Әлеуметтік желінің дәуірінде бұл мәселе бұрынғыдан да күрделене түсті. Биік ғимараттар, қымбат көліктер, жарқыраған кеңселер мен сәнді өмір салты үздіксіз көрсетіліп жатқан кезде ауылдағы қарапайым жас өз өмірін өзгенікімен салыстырып, өзін әлдеқайда төмен тұрғандай сезіне бастайды. Қала табыстың жалғыз мекені сияқты көрінеді. Алайда өмірдің өзі мұндай түсінікті талай рет жоққа шығарды. Табысқа апаратын жолдың мекенжайы болмайды. Ол кейде шағын ауылдың шетінде интернеті әрең ұстайтын үйде отырып басталады, кейде шаң басқан көшеде велосипед айдап жүрген баланың арманынан бастау алады.
Америкалық жазушы Марк Твеннің «Өзіңді өзгелермен салыстыруды тоқтатқан күні ғана бақытты бола бастайсың» деген сөзі бар. Расында, адам өз жолын өзгенің жолымен өлшей берген сайын өз мүмкіндігін көрмей қалады. Біреудің жағдайы жақсы екен деп оның қабілеті де артық деген сөз емес. Біреудің үлкен қалада туғаны оның өмір жарысын алдын ала жеңіп қойғанын білдірмейді.
Ауыл жастарының бойында көп жағдайда байқала бермейтін, бірақ бағасы жоғары қасиеттер жетерлік. Олар еңбектің қадірін ерте түсінеді, жоқтан бар жасауға бейім келеді, қиындыққа тез мойымайды, үлкеннің тілін тауып сөйлесуді, кішіні қорғауды табиғи түрде үйренеді. Бүгінде әлемнің көп елі жастардың бойына осындай қасиеттерді қалыптастыру үшін арнайы бағдарламалар қабылдап жатыр. Ал біз кейде қолымыздағы байлықтың қадірін өзіміз білмейміз.
Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзі осындайда ойға оралады. Мінез деген тек батыл сөйлеу немесе қатал болу емес. Мінез деген өзіңе сену, өз орныңды ешкімге бермеу, өзгелердің көлеңкесінде өмір сүруге келіспеу. Өзін төмен санаған ұрпақ өзгеге табынуға бейім келеді, ал өз мүмкіндігін бағалай білген буын ертең елдің тірегіне айналады.
Ауыл баласы қала баласынан кем емес. Кейде ол соны өзгеге дәлелдеуден бұрын өзіне дәлелдеуі керек сияқты көрінеді. Өйткені адамның алдынан шығатын ең үлкен қарсылас басқа біреу емес, оның ішіндегі күмән. Сол күмән жеңілген күні ауыл мен қаланың арасындағы көзге көрінбейтін қабырға да құлайды. Сол күні өзгенің соңынан еретін әлсіз буын емес, өзінен кейінгілерге жол көрсететін ұрпақ қалыптаса бастайды.
Ерназар СӘРСЕНҰЛЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!