Цифрлық технологияның қарыштап дамуы адам өмірінің барлық саласына елеулі өзгеріс әкелді. Кеше ғана ғылыми-фантастикалық шығармалардың кейіпкеріндей көрінген жасанды интеллект бүгінде күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлігіне айналып үлгерді. Әсіресе білім беру саласындағы ықпалы айтарлықтай сезіледі. Қазіргі оқушы бұрынғыдай тек оқулықпен немесе мұғалімнің түсіндіруімен шектелмейді. Көкейдегі сауалын жасанды интеллектіге жолдап, бірнеше секундтың ішінде жан-жақты жауап ала алады. Иә, мұның уақыт талабынан туған мүмкіндік екеніне таласымыз жоқ. Дегенмен, мүмкіндікпен қатар келетін жауапкершілік жүгі де бар емес пе?! Оны да ұмытпаған жөн.
Бүгінде ЖИ мектеп қабырғасында түрлі мақсатта қолданылып жүр. Оқушы күрделі тақырыпты түсінбей қалса, оны бірнеше тәсілмен қайта жеткізеді. Әр баланың білім деңгейін саралап, соған сәйкес тапсырма ұсынады, жіберілген қателерді талдап, әлсіз тұстарын анықтайды. Бұрын ұзақ уақыт кітап ақтарып немесе бірнеше дереккөзден іздейтін ақпарат бүгінде санаулы секундта қолжетімді. Мұның бәрі оқушының білім алуына қолайлы жағдай қалыптастырып отырғаны анық.
Сонымен бірге жасанды интеллект мұғалімнің де сенімді көмекшісіне айналып келеді. Сабақ жоспарын әзірлеу, тест тапсырмаларын құрастыру және тексеру, оқу материалдарын жүйелеу, оқушылардың үлгеріміне талдау жасау сияқты жұмыстардың бір бөлігін автоматтандыру арқылы педагогтың уақытын үнемдейді. Нәтижесінде мұғалім қағазбастылықтан біршама арылып, оқушылармен жеке жұмыс жүргізуге, олардың қабілетін дамытуға және тәрбиелік бағыттағы жұмыстарға көбірек көңіл бөле алады. Бұл өз кезегінде білім сапасының артуына ықпал етеді.
Алайда мәселенің екінші қыры да бар. Қазір кей оқушылардың кез келген тапсырманы өз бетінше ойланбастан жасанды интеллектіге орындатып, дайын жауапты көшіріп алуға әуестеніп бара жатқаны жасырын емес. Мұндай жағдайда технология білім берудің құралы емес, ойланудан қашудың амалына айналады. Егер оқушы әр тапсырманы дайын күйінде қабылдай берсе, оның ізденуге, талдауға, салыстыруға және өзіндік пікір қалыптастыруға деген қабілеті ақырындап әлсірейді. Бұл жалғаса берсе білімнің тереңдігі емес, сыртқы көрінісі ғана сақталады. Міне, нағыз қатер – осы.
Мұнан бөлек жасанды интеллектінің әрдайым мінсіз жауап бермейтінін ескерген абзал. Кейде ол нақты емес немесе шындыққа жанаспайтын ақпарат ұсынуы мүмкін. Сондықтан оқушы кез келген мәліметті өзгеріссіз қабылдамай, бірнеше дереккөзбен салыстырып, оның дұрыстығына көз жеткізе білуі қажет. Бұл жерде мұғалімнің бағыт-бағдары мен сыни ойлауды қалыптастырудағы рөлі бұрынғыдан да маңызды бола түседі. Өйткені жасанды интеллект ақпарат ұсына алады, бірақ оның ақиқатын саралап, өмірлік тәжірибемен байланыстырып, тәрбиелік мәнін түсіндіретін адам ғана.
Иә, қоғамда «жасанды интеллект мұғалімнің орнын басады» деген пікір де айтылады. Алайда бұл көзқараспен толық келісуге де болмайды. Себебі білім беру – тек ақпарат жеткізу емес. Мұғалім баланың бойына құндылықтарды сіңіреді, оның мінезін қалыптастырады, жігерлендіреді, қиын сәтте қолдау көрсетеді. Ал мұндай қасиеттерді ешбір алгоритм немесе бағдарлама толық алмастыра алмайды. Демек, жасанды интеллект мұғалімнің бәсекелесі емес, оның жұмысын жеңілдететін көмекшісі ғана болуы тиіс. Егер біз жасанды интеллектіні ойланудың орнына емес, ойымызды дамыту үшін пайдалансақ, ол болашақ ұрпақтың білімді, шығармашыл әрі бәсекеге қабілетті азамат болып қалыптасуына қызмет ететін қуатты құралға айналары сөзсіз. Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
Ғазиз АСЫЛБЕКҰЛЫ,
Мардан Байділдаев атындағы
№232 орта мектептің информатика мұғалімі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
