Монеталар сатылымға шығатын күнге қатысты ақпарат Ұлттық банктің ресми сайтында қосымша жарияланады

Ұлттық банк номиналы 1000 теңгелік «Qazaqstannyń astanasy – Nur-Sultan» коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

Номиналы 1000 теңгелік монеталар құрамдас бөлігінде алтын компоненті бар күмістен жасалған. «QAZAQSTANNYŃ ASTANASY – NUR-SULTAN» коллекциялық монеталары – «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясынан.

Таралымы – 1000 дана, жалпы массасы – 62,2 грамм, диаметрі – 50 мм.

Монеталар 925/1000 сынамалы күмістен, массасы 46,2 грамм, құрамдас бөлігі 999/1000 сынамалы алтыннан, массасы 16 грамм, «proof» сапасымен дайындалған.

«Монеталар сатылымға шығатын күнге қатысты ақпарат Ұлттық банктің ресми сайтында қосымша жарияланады», – делінген хабарламада.

Ұлттық банк коллекциялық монеталар төлемнің барлық түрі бойынша Қазақстанның бүкіл аумағында қабылдануға, сондай-ақ, барлық банкте банк шоттарына есепке алынуға, аударылуға, ұсақталуға және айырбасталуға міндетті екенін еске салды.

Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.

sputnik.kz