Қазақстан журналистеріне жасалған шабуылды ұйымдастырған күдіктілер ұсталды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде ішкі істер министрлігінің ресми сайты жазады.

«ІІМ және ҰҚК ведомствоаралық жедел-тергеу тобы БАҚ өкілдеріне шабуыл ұйымдастырған күдікті топтың жолын кесті», – делінген сейсенбіде тараған ақпаратта.

Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 115-бабы «Қорқыту», 147-бабы «Жеке өмірге қол сұғу», 158-бабы «Журналистік қызметке кедергі келтіру», 202-бабы «Біреудің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» және 293-бабы «Бұзақылық» бойынша айып тағылуда.  

«Алматыда арандатушылық шабуылдардың тікелей үйлестірушісі – шетелдік азамат, білікті хакер О.Токарев ұсталды. Оның уақытша тұрып жатқан жерінен шабуылдарды басқару, анонимді Telegram-аккаунттарда «тапсырыстар» беру, орындаушыларды табу және олардың акцияларына ақы төлеу жүргізілген техника табылып, тәркіленді. Аталған топ В.Борейкоға, Г.Бажкеноваға, Г.Ерғалиеваға, С.Ибраеваға және бұқаралық ақпарат құралдарының басқа да өкілдеріне қарсы 30-дан астам арандатушылық шабуыл жасаған. Бұл – автокөлікті өртеу, журналистерге, олардың туыстары мен редакцияларға қоқан-лоққы көрсету мен шабуылдар жасау, DDoss шабуылдар», – деп қосты полиция.

Полиция дерегіне сүйенсек, қылмыстық топ шабуылдарының басты мақсаты – журналистерді қудалауды имитациялау арқылы ҚР президентін және ол жүргізіп отырған демократиялық реформаларды дискредитациялау болған.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесіне сәйкес басқа мәліметтер жария етілмейді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!