Қоғамда қызу талқыға түскен Рамиль Мухоряповтың сөзінен кейін белсенділер мен желі қолданушылары Chocolife сервисіне бойкот жариялауды ұсынды.

Қазақстан Халықтар ассамблеясының мүшесі, журналист Максим Рожин Рамиль Мухоряпов иелік ететін 7 сервиске сараптама жүргізіп, басым бөлігінде қазақ тілін таңдау мүмкіндігі жоқ екенін мәлімдеді. 

«Сіздің ұтшылдық және қазақ тілі туралы сөзіңізден кейін «Бизнесіңіз қазақ тілді азаматтарға бағытталған ба?» деген сұрақ туындады. Нәтиже келесідей.

Aviata.kz сайтының пікірінше, бізде ұшақпен тек орысша сөйлейтіндер ғана ұшады. Себебі қазақ тілін таңдау мүмкіндігі жоқ. Бұдан «сәл-пәл ұлтшылдық байқалғандықтан» осындай опция жоқ шығар. Chocolife.me және chocofood.kz сайттарының пікірінше, тек орыс тілді азаматтарда ғана аштық сезімі болады. 

Сhocofood.kz сайтында тіл таңдау батырмасы мүлде жоқ. Бір қызығы, Chocolife.me сайты қазақ тілді клиенттердің бар екенін еске түсірген секілді. Дегенмен қазақ тіліндегі нұсқасын таңдасаң, ештеңе өзгермейді, ақпарат орыс тілінде қалады. Бұл кез келген қазақ тілді азаматтың орысша түсінетінін білдіретін секілді. Егер түсінбесе, «сәл-пәл ұлтшылдықтың белгісі» болып есептеледі», – деп жазды ол. 

Журналист аталған сервистердің 11 жылдан жұмыс істегенін айта келе, осы уақыт аралығында сайттың қазақша нұсқасын жасамағанына шүйлікті. 

«Lensmark.kz – адамдарға көру мүмкіндігін сыйлайтын сайт тек орыс тілді азаматтарда ғана көру қабілетімен мәселе туындайды деп ойлайтын сынды. Өйткені сайттан қазақ тіліне ауыстыратын батырманы таппадым. Сайттың негізін қалағандар қазақ тілін қоспағанына қарағанда ұлтшылдық туралы айып тағылады деп қорыққан сыңайлы», – деп қосты ол.

Максим Рожин idoctor.kz мен chocotravel.kz сайттарында ғана қазақ тіліндегі нұсқасы бар екенін айтады. Алайда 7 сайттың ішінде тек 2 сайттың қазақ тілді нұсқасы болуы көңіл көншітпейді, дейді. 

«Қазақ тілді клиенттерге деген қарым-қатынастарыңыз осындай ма? Неге қызметті қазақ тілінде ала алмаймыз? Сіздер олардың құқықтарын аяқ асты еттіңіздер, әлде олай ойламайсыздар ма? Сіздің мәдениетіңіз төмен немесе қазақ тілін қолдануға қатысты жеке пікіріңіз осындай деп ойлағым-ақ келмейді. Бірақ қызмет көрсетуге арналған сайттарды ретке келтіру туралы тапсырма беріңіз», – деді. 

Сонымен қатар Максим Рожин Chocolife.me сервисінің Instagram-парақшасындағы қазақ тіліндегі алғашқы постқа да тоқталып өтті. 

«Мемлекеттік тілде ақпарат өте аз ұсынылады. Мәселен, жоғарыда аталған компания қазақша постты алғаш рет жүктеді. Мұнда мемлекеттік тілді құрметтеу және кемсітуге қарсылық туралы айтылған, бірақ бұған сену қиын. Өйткені 10 жылда қазақ тілді әлеуметтік желідегі парақша сайт нұсқасын жасау үшін сайт жасаушы мен СММ-маманды жалдауға болар еді», – дейді ол.

Саясаткер Мұхтар Тайжан да Рамиль Мухоряповтың сөзіне қатысты пікір білдіріп, мұны «биліктің қазақ және орыс тіліне көзқарасының салдары» деп бағалады. 

«Кешегі Мухоряповтың қазақ тіліне айтқан лас сөздері биліктің орыс және қазақ тіліне көзқарасының салдары деп білем. Мен ол туралы жиі жазып отырмын. Биліктің қазақ тіліне қатысты ұстанымы берік болса, Мухоряпов секілді бизнесмендер ауыздарына ие болып тыныш отырушы еді», – деді ол.

Ал блогер Дәулет Мұқаев Chocolife сервисіне бойкот жариялап, жаппай қосымшаны өшіруге шақырды. 

«Соларды байытып отырған сіз бен біз! Ақыры қазақ тілін менсінбейді екен, бізден де сондай жауап болсын. Бір тілдің артында миллиондаған қазақ барын білсін.

Қазақтың ақшасын жақсы көретіндер қазақ тілін де жақсы көрсін. Қазақстандағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі», – деп жазды ол. 

Журналист Гүлмира Әбіқай қазақтың қазақша сөйлеуі ұлтшылдық емес, ұлтжандылық екенін атап өтті. 

«Тіл – арымыз. Ана тілі – әр адамның рухы, мәртебесі, биігі мен мақтанышы. Қазақ тілі – әр қазақтың бары мен нары. Қазақстанда дүниеге келіп, өмір сүріп жатқан өзге шағын ұлттар қазақ тілі жайлы айтпай-ақ қойғаны абзал. Әр қазақ алдымен қазақша сөйлейді! Одан кейін бұл ойын қай тілде тәржімалайды – өз еркі. Ұлтты сүю – тілден», – деп жазды ол өз Facebook-парақшасында.

Президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынып, сайлауға өте алмаған Нұржан Әлтаев та Chocolife сервисіне бойкот жариялауды ұсынды. 

“Рамиль Мухоряповты Қазақстаннан қуып жіберу керек! Ресейге барсын. Осы елдің, осы жердің нанын жеп, суын ішіп бетімізге түкіріп отыр. Барлықтарыңызды оның компанияларына бойкот жариялауға шақырамын”, – деп жазды ол.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Chocolife компаниясының директоры Рамиль Мухоряповтың ресейліктермен кездесуде айтқан сөзі қызу талқыға түскені туралы хабарлаған едік. Кездесу барысында компания басшысы шетелдіктерге қазақ тілінде жауап беру “мәдениеттің көрінісі емес” екенін айтқан. Алайда кейін жазба жариялап, азаматтардың дұрыс түсінбей қалғанын мәлімдеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!