Пандемия кезінде балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыс жасағандардың басым бөлігі – туыстары

 Адамдардың ұзақ уақыт оқшауда отыруы және ішімдікке салынуы салдарынан қылмыстың 80 проценті үйде жасалды. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты.

«Пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстары ғана күрт көбейіп кетті. Шыны керек, адамдар төрт қабырғаға қамалып қалды. Содан барлық қылмыс отбасының ішінде жасалды. Осы мәселе назардан тыс қалды. Оны мойындаймыз. Себебі полицияның бәрі блок-бекеттерге шықты, карантиндік шараларға атсалысты», – деді Тұрғымбаев парламент сенатында өткен үкімет сағатында.

Осы орайда министр маңызды бір мәселе жайында күрсініп айтты. Оның сөзінше, отбасының адамгершілік жағы нашарлап кетті.

«Ең қорқынышты мәселе мынада, бізде…қалай айтайын…отбасыда адамгершілік нашарлап кеткен. Мен бір статистиканы келтірейін, оны әлі еш жерде жариялаған жоқпын. Адамдардың ұзақ уақыт оқшауда отыруы және ішімдікке салынуы салдарынан қылмыстың 80 проценті үйде жасалады. Басым бөлігі – зорлау және балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы әрекеттер. Осы қылмыстардың көбісін туыстары жасаған», – деп атап көрсетті Тұрғымбаев.

Министр нақты мәліметтерді де жариялады. Осы санатқа жататын 825 қылмыс тіркелді. Соның 669-ын, яғни, 81 процентін отбасыдағы адамдар жасапты.

«Қылмыскерлердің 10 проценті – әкелер мен өгей әкелер, қалғаны – анасымен бірге тұратындар, көршілер, туыстар, таныстар. Былайша айтқанда, барлығы – жақын адамдар. Балалар оларға толығымен сенген, бірақ қолына түсіп, құрбанына айналды», – деді Тұрғымбаев.

Министр осы санаттағы қылмыстарды тергеу кезіндегі қиындықтарға да тоқталды. Мәселен, баланың анасымен бірге тұратын ер адам жауапқа тартылса, әйелдердің өздері оны қорғап жатады. Тергеу кезінде күдіктіге қарсы дәйек айтпайды. Ондайда істі сотқа жеткізу қиын. Содан қоғам ішінде ішкі істер органдарын сынға алып жатады.

sputnik.kz