Иә, бүгінде интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың да түрі көбейіп барады. Қаржыңызға көзі мен қолын сұққан қаскөйлер өзін банк қызметкері, құқық қорғау органы өкілі немесе интернет-дүкен сатушысы ретінде таныстырып, ақшаны түрлі айламен қалтаға басып жатыр. Мұндай жағдайға тап болған адам көбіне абдырап, қандай әрекет жасау керек екенін білмей де қалады. Алайда уақытылы әрі дұрыс қадам жасау шығынды азайтып, кінәліні анықтауға көмектеседі.

Онлайн алаяқтық жайлы не білуіміз керек? Олар қандай тәсіл арқылы жұмыс істейді? Осы орайда Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментімен байланыстық. Бізден сауал, ал маманнан жауап болсын.

Алаяқтың арбауына түскенде

Алаяқтар жиі қолданатын тәсіл − әлеуметтік желідегі жалған инвестициялық жарнамалар. «Қазатомөнеркәсіп», «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз» секілді ірі компанияның атын пайдаланып, табыс табуға шақыратын жарнамалардың басым бөлігі алаяқтардың айласы. Мұндай хабарландыруға телефон нөмірін қалдырған азаматқа өзін инвестициялық компанияның менеджері ретінде таныстыратын орыс тілді адам міндетті түрде хабарласып, қаражатыңызды жымқыруға әрекет жасайды.

Алаяқтың арбауына түскенде

Мұнан бөлек, алаяқтар пошта арқылы зат келгенін айтып, емханаға тіркеліп, анализ тапсыру керек екені жайында хабарлап, SIM картаңыздың мерзімін ұзарту керек деп те байланысқа шығады. Тіпті өзін жарық немесе су жүйесінің маманынан бастап полиция қызметкері ретінде де таныстырады. Сондықтан барлығына бірдей сенуге болмайтынын естен шығармаған жөн.

Ал кейінгі уақытта «WhatsApp» мессенджеріндегі аккаунттарды бұзып, таныстарынан қарыз сұрау жағдайы да жиілегенін сіз де білесіз. Әдетте алаяқтар күдік тудырмас үшін 20-50 мың теңге көлеміндегі салыстырмалы түрде аз соманы сұрайды. Ақшаны аты-жөні көрсетілмейтін банк картасына немесе бөгде есепшотқа аударуды өтінеді. Сондықтан мұндай өтініш түскен жағдайда, алдымен адамға тікелей видео арқылы хабарласып, ақпараттың рас-өтірігін нақтылап алған дұрыс. Қарызға ақша берген күнде де тек өзінің шотына аударыңыз.

Алаяқтың арбауына түскенде

Иә, жаз мезгілінде құрылыс жұмыстары көбейеді. Ал мұндайда жұмыс тобын өзге мемлекеттен іздейміз. Осы мүмкіндікті де алаяқтар тиімді пайдаланып үлгіруде. Мамандардың айтуынша, өзін құрылыс бригадасының өкілі ретінде таныстырған адамдар алдын ала жол ақысы немесе басқа да шығындар үшін ақша сұрайды. Кейін шекарадан өте алмай жатқанын, айыппұл төлеу қажет екенін айтып, тағы да қаражат талап етеді. Ақыр соңында байланысқа шықпай қояды. Ақша да, жауапты адам да, үйіңізге жасалу қажет жұмыс та ғайып болады.

Дроппер − мамандар дәл осы ұғым жайлы кеңінен айтып түсіндірді. Дроппер дегеніміз интернет-алаяқтарға өзінің банк картасын ақылы түрде беретін азаматтар. Яғни, алаяқтар жәбірленушінің шотындағы қаражатты ұрлау үшін дроппердің картасын пайдаланады.

Алаяқтың арбауына түскенде

− Мысалы, қазір алаяқтар «Instagram», «Telegram» және «Facebook » әлеуметтік желілерінде «жұмыс бар», «оңай табыс табуға болады» деген жарнамаларды жиі таратады. Шарты да оп-оңай: сіз банк картаңызды немесе реквизиттерді бересіз, ал олар әрбір ақша аударымы үшін 5 мыңнан 50 мың теңгеге дейін комиссия төлейтіндерін айтады. Алайда бұл – заңсыз схема. Шын мәнінде, қылмыскерлер мұндай карталарды интернет алаяқтықтан және өзге де қылмыстардан түскен қаражатты аудару немесе қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланады, – дейді мамандар.

Алаяқтың арбауына түскенде

Тағы да ескеретін жайт, көпшілік алаяқтарға SMS код немесе жеке мәліметті айтып қойса, бірден несие рәсімделеді деп ойлайды. Алайда мамандардың сөзінше, алаяқтарға ол дерек қажет те емес. Олардың мақсаты − сізді қалай да болсын алдап, қорқытып, ерікті түрде несие рәсімдетіп, қаржыңызды шетелдік шоттарға аудартып алу. Қазір банктерде несие рәсімдеу үшін міндетті түрде фото немесе бейневерификациядан өту міндеттелген. Сондықтан кодты айтқанның өзінде де егер фото-видео верификация өтіп, рұқсатыңызды бермесеңіз, ешкім сіздің атыңызға несие рәсімдей алмайды.

Алаяқтың арбауына түскенде

«Сақтықта қорлық жоқ», «сақтансаң – сақтайды» демекші, «мені ешкім алдай алмайды» деп жәйбарақат жүрудің қажеті жоқ. Онлайн алаяқтардың қандай тәсіл арқылы жұмыс істейтінін, алданған жағдайда кіммен байланысу қажет екенін біліп, қаперде ұстаған жөн. Мұнымен қоса Полиция департаменті жариялайтын ақпарат, видеоролик пен хабарландыруларға көңіл бөлуді ұсынамыз.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!