Бүгінде жұмыс іздеу бұрынғыдан әлдеқайда күрделі. Бір бос жұмыс орнына ондаған, кейде жүздеген адам үміткер болады. Осындай бәсекеде жұмыс беруші әр үміткермен жеке сөйлесуге уақыт таппайды. Сондықтан алғашқы шешім көбіне бір ғана құжатқа сүйеніп қабылданады. Ол – түйіндеме. Оны қалай дайындау керек?

Өкінішке қарай, көптеген жас маман түйіндемені жай ғана өмірбаян деп қабылдайды. Интернеттен дайын үлгіні көшіріп, аты-жөнін ауыстырып, бірнеше жолды толтыра салады. Алайда мұндай жүйе бүгінде актуалды емес.

Ең жиі кездесетін қателіктің бірі – «қабілеттерім» немесе «дағдыларым» бөлігін жалпылама сөздермен толтыру. Мысалы, «жауапкершілігі жоғары», «ұқыпты», «адамдармен тез тіл табысады», «Microsoft Word бағдарламасын біледі», «еңбекқор» деген тіркестер бүгінде ешкімді таңғалдырмайды. Себебі мұндай қасиеттер кез келген жұмысқа қабілетті адамның бойында болуы керек. Жұмыс беруші үшін құр сөзден гөрі нақты нәтиже әлдеқайда маңызды.

Мәселен, «Word бағдарламасын білемін» дегеннің орнына «ресми құжаттарды талапқа сай рәсімдеймін, күрделі форматтағы есептерді дайындаймын» деп жазу әлдеқайда әсерлі. Ал «жауапкершілігім жоғары» деудің орнына «университет қабырғасында бірнеше жобаны мерзімінен бұрын аяқтап, команда жұмысын үйлестірдім» деген нақты дерек немесе мысал, сол бағыттағы жетістіктеріңіз туралы жазғаныңыз абзал. Басқаша айтқанда, қасиетті емес, сол қасиетті дәлелдейтін әрекетті көрсеткен жөн.

Тағы бір жиі жіберілетін ағаттық – барлық жұмыс орнына бір ғана түйіндемені жіберу. Әр мекеменің талабы әртүрлі. Егер журналист болып орналасқыңыз келсе, жазу тәжірибеңізді, жарияланған мақалаларыңызды, сұхбат алу немесе ақпарат жинау машығыңызды көрсетіңіз. Ал маркетинг саласына өтініш берсеңіз, әлеуметтік желідегі жұмыс тәжірибеңізді, жарнамалық жобаларды немесе аналитикалық қабілетіңізді алдыңғы қатарға шығарыңыз. Яғни түйіндеме бос жұмыс орнының талаптарына бейімделуі қажет.

Кейбір жастар оқу орнын, мектепті, алған барлық сертификатын, қатысқан әрбір семинарын тізіп жазады. Алайда ақпараттың көп болуы оның пайдалы екенін білдірмейді. Керісінше, маңызды мәліметтің тасада қалып қоюына себеп болуы мүмкін. Сондықтан түйіндемеде тек жұмысқа тікелей қатысы бар тәжірибе мен жетістіктер ғана көрсетілгені дұрыс.

Сондай-ақ тәжірибені тек жұмыс өтілімен шектеуге болмайды. Егер студент кезіңізде ерікті болсаңыз, ғылыми жобаларға қатыссаңыз, қоғамдық ұйымдарда белсенді болсаңыз немесе жеке бастамаңызбен қандай да бір жобаны жүзеге асырсаңыз, мұның барлығы да тәжірибе саналады. Ең бастысы – одан қандай нәтиже шыққанын көрсету. Мысалы, «ерікті болдым» дегеннен гөрі «50-ден астам қатысушыны қамтыған қайырымдылық шарасын ұйымдастыруға атсалыстым» деген сөйлем әлдеқайда құнды.

Түйіндеменің сыртқы безендірілуі де назардан тыс қалмауы тиіс. Құжат көзге жеңіл оқылатын, бөлімдері анық бөлінген, қарпі біркелкі болғаны жөн. Артық түс, ерекше қаріп немесе қажетсіз сурет ресмилікті төмендетуі мүмкін. Сонымен қатар орфографиялық және пунктуациялық қателер жұмысқа деген жауапсыз көзқарастың белгісі ретінде қабылданады. Сондықтан жіберер алдында мәтінді бірнеше рет мұқият тексерген абзал.

Қазір көптеген жұмыс беруші кандидаттың цифрлық ізін де назарға алады. Сондықтан түйіндемеге кәсіби әлеуметтік желідегі парақшаңызды немесе портфолиоңыздың сілтемесін қосуға болады. Әсіресе дизайнер, журналис, фотограф, мобилограф секілді мамандар үшін бұл үлкен артықшылық. Атқарған жұмысыңызды көзбен көруге мүмкіндік беріңіз.

Есте сақтайтын тағы бір маңызды қағида бар. Түйіндеме өзіңізді мақтауға арналған жарнама емес, кәсіби мүмкіндігіңізді дәлелдейтін құжат. Сондықтан жалған ақпарат жазудан, тәжірибені асыра көрсетуден немесе меңгермеген дағдыны білемін деп көрсетуден аулақ болған жөн. Себебі сұхбат барысында мұның бәрі оңай анықталады.

Әрине жақсы жазылған түйіндеме жұмысқа бірден қабылдануға кепілдік бермейтін шығар, десе де ол сізді жүздеген үміткердің арасынан ерекшелендіретін бірден бір құрал. Сондықтан түйіндемеңізге заманауи көзқараспен қарап, жаңа идеялармен толықтырсаңыз өзіңізге жақсы.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!