Бейбіт күнде өрт сөндірушілердің қызметі елеусіз көрінеді. Дегенмен отқа оранған арпалыс шағында бұл мамандықтың мәртебесі биіктей түсетіні де жасырын емес. Әсіресе кешегі төтенше жағдай кезінде сала мамандарына деген ел құрметі еселей түсті. Биыл  өртке қарсы қызмет мамандарының саны артады. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында жалақыларын жоғарылату бойынша жұмыс атқарылып келеді.

Деректерге сүйенсек,кейінгі жылдары төтенше жағдай мен өрт сөндіру жұмыстары саласына жалпы сомасы 33,4 млрд теңгеге түрлі мақсаттағы 597 дана техника, 22 мыңнан астам өрт-құтқару жабдықтары сатып алынған. 2021-2023 жылдарға арналған тиісті жол картасында жалпы сомасы 47,9 млрд теңгеге 731 өрт-құтқару техникасын, 21362 өрт-техникалық және апаттық-құтқару жабдықтарын және 9492 арнайы жабдық сатып алу жобасы жасалған. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр қолданыстағы өрт-құтқару техникасы мен өрт-техникалық жабдықтарды жаңғырту шараларын қайта қарауға қатысты депутаттық сауалға жауап кезінде атап өткен еді. Өткен жылдан бастап ТЖМ қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің жалақысы орта есеппен 26%-ға артты. Бұл жұмыс 2023 жылға дейін кезең-кезеңімен жалғасады.

Биыл кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша заң жобасы әзірленеді. Онда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін жетілдіруге, азаматтық қорғау қызметкер­лерінің, құтқа­рушы­лардың мәртебесі мен әлеумет­тік қорғал­уын жақсартуға, өртке қарсы ерікті құралымдар­дың инфрақұрылымын дамытуға баса мән берілген.     Өрт сөндірушілердің жағдайын жақсартуға жіті көңіл бөлінуде десек те, сала маманы атану оңай дүние емес. Себебі оған қойы­латын талап та өте жоғары.

Ең алдымен көмекке жететін маман шұғыл шешім қабылдай білгені жөн. Өрт қай аумақта орын алды, оған қандай құжаттар керек әрі алғашқы көмекті де алдын ала бағамдай алу маңызды. Бір қызығы, мамандардың әрбір уақыты есептеулі. Мысалы, өрт сөндірушіге арнайы киімді кию үшін норматив бойынша 19-20 секунд, ал түгел бөлім киінетін болса 26 секунд қана уақыт беріледі.Екіншіден, нормативтерді тапсыруда жақсы нәтиже көрсету үшін төзімді әрі мығым болғаныңыз дұрыс. Сондықтан өрт сөндіруші болуға ұмтылған әрбір адамның денсаулық жағдайы маңызды саналады.  Үшіншіден, арнайы техниканың барлық қыр-сырын меңгеру қатаң қағиданың бірі екені рас. Кейде өртке оранған биік ғимараттардан заттар ғана емес, адамдарды да түсіріп, құтқаруға тура келеді. Сол үшін биіктікте жұмыс жасап үйрену де артық емес.

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!