Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев кезекті жұмыс күнін шаһардың арық жүйелерін аралап, саябақтардың аяқ сумен қамтылу деңгейін көруге арнады.
Шаһар басшысы алдымен Келмембет батыр саябағына барып, саябақтың көгалдандырылуы мен аяқ сумен қамтылуын назарға алды. Қорқыт ата және Яссауи көшелерінің қиылысында орналасқан 1 мың 123 шаршы метр аумақты алып жатқан саябақ жер асты ұңғымасы арқылы суарылуда. ЭЦВ-6 насос қондырғысы арқылы 80 метр тереңдіктен су тартылып, аталған аумақтағы жасыл желекті сумен қамту мүмкін болып отыр.
Жер асты ұңғымасы арқылы суарылатын тағы бір нысан Темір жол паркі. Мұнда да демеушілік есебінен 80 метр тереңдіктен су тартатын ЭЦВ-6 насос қондырғысы қойылып, 2 мың 450 шаршы метрді құрайтын парк аумағы аяқ сумен толық қамтылған. Қала әкімі өткен жылы қайта жаңғыртудан өткен парктің көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Айта кетейік, жаңарған саябақ ескінің естеліктерін көненің көзіндей сақтап, бүгінгі күнге маңызын жоғалтпай жеткізген. Сонымен қатар келушілер үшін паркте субұрқақ, балалар ойын алаңы мен 2 спорт және жаттығу алаңы жұмыс істеуде.
Тағзым мемориалының аумағы да биылдан бастап жер асты ұңғымасы арқылы суарылып, толығымен көгалдандырылған. Қазіргі таңда мұнда гүл егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Аралау барысында қала әкімі арық жүйелерінің де жағдайын көріп, шаһар орталығындағы аяқ судың жайын түбегейлі шешудің бірқатар тәсілдерін сала басшыларымен бірге талқыға салды. Қала негізгі арық жүйелері биылға дейін Жібек жолы және Сарқырама мангистральді каналдары арқылы сумен қамтылып келген. Сәуір айының аяғында Сарқырама каналына су жіберілгенімен дария деңгейінің төмендеуі арық жүйелерін аяқ сумен қамтуды қиындатып тұр. Осы мәселені шешу үшін қала әкімі Жібек жолы мен Сарқырама каналдарын қалалық канал арқылы біріктіруді мамандармен ақылдасып, сала басшыларына тиісті жұмыстарды жүргізуге тапсырма берді.
«Екі каналды байланыстырып, Жібек жолы арқылы Сарқырама каналына су беру, қала орталығын аяқ сумен қамтудың тың тәсілі болмақ. Шаһар орталығы немесе шет аймақ деп бөлмей, толық қала аумағының аяқ сумен қамтылуын өз қадағалауымда ұстаймын», – деген қала әкімі жауаптыларға аяқ сумен қамтуды жоғары деңгейде жүргізуді жүктеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!