Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда қаласында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі болды.Жеті аудан мен қаладағы шаруалар 250 тонна өнім әкеліп, нарық бағасынан арзан бағада сатты.«Көктем басталғалы ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін екінші рет өткізіп отырмыз. Бастысы, табиғи таза өнім. Сондықтан сұраныс жоғары. Шаруалар өз өнімдерін еш делдалсыз саудалады. Көкөніс, жеміс-жидек, күріш, ет, балық және сүт өнімдерінің барлық түрлері әкелінді. Жәрмеңкеге кәсіпкерлер де үлес қосты. Өнімдерін өз бағаларында халыққа ұсынды», – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.Жәрмеңке Қызылорда қаласының Астана даңғылының бойы, Көшербаев көшесі мен Амангелді көшесінің аралығында өтті. Барлық ауданға арнайы орын белгіленіп берілген. Жалпы 100-ге жуық көлікке тиелген 250 тоннадан астам өнім саудаланды. 60 тоннадан астам күріш, 8 тонна шамасында ет, 60 тоннадай картоп, 70 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек өнімдері, 5 тоннадан астам сүт өнімдері, 15 тоннадай балық өнімдері және 10 тоннаға жуық мал азықтық жем-шөп сатылды.