Kyzylorda-news.kz. Осы жылдың наурыз айынан бастап «Бастамаларды қолдау» қоғамдық бірлестігі «Келешек мамандықтары: Жұмыссыздық проблемаларының шешімі» жобасын жүзеге асыруда.

Жобаның мақсаты – Қызылорда қаласындағы жұмыссыз жастар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды еңбек нарығындағы сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандықтарға даярлау және оларды белсенді өмірлік ұстанымға тарту арқылы өнімді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

Ол үшін қоғамдық бірлестік жоба шеңберінде 3 ай ішінде қысқа мерзімді кәсіптік оқыту арқылы еңбек нарығында сұранысқа ие IT-технология саласындағы 30 маманды даярлау жоспарлап отыр екен. Әрі қарай, оларға кеңес беру арқылы қолдау көрсетпек.

«Пандемия біздің біраз проблемамызды анық көрсетті. Соның бірі жұмыспен қамту мәселесі. Соңғы кезде еңбек нарығындағы жағдай күрделі. Карантиндік шектеулерге орай жұмыс берушілер толық қуаттылықта жұмыс жасай алмай отыр. Офлайн қызметтердің басым бөлігі онлайнға ауысып жатыр. Осы жайттардың барлығын ескере келе біз «Келешек мамандықтары: Жұмыссыздық проблемаларының шешімі» жобасын әзірледік. Жобамызға АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі (USAID) қаржыландыратын Орталық Азиядағы азаматтық қоғамды қолдау бағдарламасы аясында Еуразия қоры қолдау көрсетті. Нәтижесінде Қызылорда қаласындағы жұмыссыз азаматты оқытып, жұмыспен қамтуды көздеп отырмыз», – дейді «Бастамаларды қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мәдина Төлепова.

Сәуір айында қоғамдық бірлестіктің ұйымдастыруымен алғашқы 12 жас SMM маркетинг бойынша курсты бастап кетті. Курсты ұйымдастыруды «Qosyl» қалалық жастар орталығы да әріптестік қолдау көрсетуде. Жастарға SMM-ның қыр-сырын қоғамдық бірлестіктің шақыртуымен белсенді жас, кәсіпкер Ботагөз Бақбергенова үйретуде.

«Қатысушылардың белсенділігі жоғары. Күн сайын жаңа трендтерді қатысушылармен бірге талқылап, қолдану тетіктерін үйретудемін. Болашақта өздері ашатын кәсібін, көрсететін қызметін кәсіби тұрғыда тұтынушыларға ұсына алатын мамандар шығады деген сенімдемін», – дейді бизнес-тренер Ботагөз Бақбергенова.

Қоғамдық бірлестік алдағы уақытта графикалық дизайн, мобилография сияқты жаңа мамандықтарға да оқытуды көздеп отыр. Қатысуға ниет білдіруші жастар «Бастамаларды қолдау» қоғамдық бірлестігіне мына байланыс телефоны бойынша хабарласа алады:+7 777 408 4393.