Қызылордада мереке күні үш бірдей азамат қаза тауып, бірнеше адам оқ тиіп, жараланған атыстың жай-жапсары әлі күнге толық ашылмады.

Бірақ сол күні екі аяғынан және ішінен оқ тиген Хансейіт Мектепбаевтың туыстары Экспресс К тілшісіне атыстың қалай басталғанын баяндап берді.

Хансейіттің әйелі Жанар Жұмабаеваның айтуынша, 7 мамыр күні топырлаған жігіт 49 жастағы азаматты өлтіруге оқталып үйіне келген.

Жанар өздері танымайтын адамдардың 6 мамыр күні келіп, күйеуіне тиіскенін айтады. 49 жастағы отағасы кешқұрым үйіне келген уақытта екі жігіт келіп, Хансейтті жабылып ұрып кетті дейді. Бірақ олардың үй иесін есігінің алдында не үшін жабыла соққыға жыққанын Хансейттің әйелі білмейді. Ал сол күнгі оқиғаға 15 жастағы қызы Аружан куәгер болыпты.

Ертеңіне кешке қарай отағасының екі інісі үйіне қонаққа келген. Соның артынан бірнеше көлікпен топырлаған жігіттер Хансейттің үйіне ағылыпты. Олардың үйге қарай бара жатқаны көшенің қарсы бетіндегі дүкеннің бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Жаға жыртыс төбелес те, атыс та сол уақытта басталған. 15 жастағы Аружан әкесін 6 мамырда ұрған жігіттің атыс болған күні де үйіне келгенін көрген. Ал Хансейттің інісі Қайрат Мектепбаев өздері танымайтын жігіттердің келе сала, ағасын жұлқылап сыртқа сүйрегені көз алдымда болды дейді.

Есіктен кірді де ағамды ұстап сүйреді ғой көшеге қарай. Біз түсінбей қалдық. Олар кім? Не үшін ағамды ұрып жатыр? Бірақ қарсы тұрып, ағамды арашалауға тырыстық. Олар оқ жаудыра бастады. Інім Қуандыққа сол жерде оқ тиді,

— дейді Қайрат Мектепбаев.

Сол уақытта кеуде тұсына тапанша оғы тиген Хансейттің қонаққа келген інісі — бокстан спорт шебері Қуандық Жүсіп көз жұмады. Қайрат содан соң Қуандықты көтеріп, ауланың аяқ жағына алып кеттім дейді. Бірақ ол сәтте атыс әлі жалғасып жатқан екен. Үйге және қоршауға тиген оқтардың ізі әлі де тұр. Жанар Жұмабаеваның айтуынша Хансейт хобби ретінде аңшылықпен айналысқан. Сондықтан ол үйдегі мылтықты атыс кезінде інісін өлтірген адамдардан қорғану үшін пайдаланды дейді.

Менің күйеуім ешқандай қылмыстық топпен араласпаған. Өз кәсібін өзі істеп жүрген жан. Бірақ оны өлтіруге 16 адам келгені анық. Не үшін екенін білмеймін. Ал күйеуім отбасын қорғау үшін мылтықпен шықты. Кім-кімді атқанын біз көрмедік,

— дейді Хансейттің әйелі.

Бұл — атысқа қатысқан Хансейт Мектепбаевтың жақындарының көзбен көргендері. Бірақ тергеу жүргізіп жатқан полиция департаменті әзірге оқиға жайлы толық ресми ақпарат жарияламады. Белгілісі осы оқиғаға байланысты 8 қылмыстық іс тіркелген. Және іздеу жарияланған адамдардың екеуі ұсталыпты. Қалған екеуі әлі де қашып жүр. Құзырлы органдағылар тергеу құпяиылығына байланысты артық мәлімет бермейміз дейді.

Атыс кезінде жарақат алған Хансейіт Мектепбаев пен тағы екі азамат ауруханада жатыр. Олардың жағдайы жақсарып келеді дейді дәрігерлер.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!