Сайлау науқаны мәресіне жетті. Мәжіліс және жергілікті мәслихат депутаттарын анықтау үшін бес партия науқанға қатысып, өз кандидаттарын ұсынды. 8 қаңтарға дейін үміткерлер түрлі акция бойынша үгіт насихат жұмыстарын жүргізіп, партия аясында іске асатын бағдарламаларын таныстырды. Үгіт насихат жұмыстары барысында Nur Otan партиясының белсенділігі байқалды. Насихат жұмыстары аясында кандидаттардың атқарған еңбегі балдық жүйемен есептеліп, партия ішінде өзара рейтинг жасалды. Жетекші партиядан бөлек өңірде Adal-дықтардың қарқыны жақсы болды. Кәсіпкерлерден жасақталған партияның ұстанымын ұнатқандар бар. Өкінішке қарай қалған үш партияның үгіт насихат жұмысы біздің аймақта ауқымды болды деп айта алмаймыз.
Биылғы сайлаудың ерекшелігі көп болды. Мысалы, Парламенттік тәжірибеде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Мәслихат сайлауы да бірінші рет партиялық тізім бойынша өтсе, коронавирус пандемиясына байланысты бұл сайлау қатаң режим талап етті. Сайлау учаскесіне келген таңдаушы міндетті түрде бетперде тақты. Ол ең алдымен дезинфекциялық туннельден өтті, содан соң дене қызуы тексерілді. Міне, осы сақтық шараларының барлығынан өткен жағдайда ол өз мекен жайына қатысты комиссия өкіліне барып, тиесілі бюллетеньдерді алып, таңдауын жасайды.
10 қаңтар. Бес партияның басты додасы басталды. Біздің өңір сағат белдеуіне байланысты сайлауды өзгелерден бір сағат ерте бастады. Сағат тілі 7-ге таяғанда сайлау учаскесіне алғашқы дауыс берушілер келе бастады. Таңмен таласып, ең бірінші азаматтық белсенділік танытып, дауыс бергендерге сыйлық беру рәсімі бұл жолы да қалыс қалмады. Ынталандыру мақсатында сыйлық сыйлау шаралары барлық сайлау учаскелерінде де ұйымдастырылды. Мұндай шара Ілияс Қабылов атындағы №12 орта мектепте орналасқан №355 сайлау учаскесінде болғанын көзімізбен көрдік.
– Біздің ең алғашқы таңдаушымыз азанда 6.30-да келді. Сайлау 7.00-де басталатын болғандықтан күтуге тура келді. Шара еліміздің мемлекеттік әнұранымен басталып, алғашқы сайлаушыға өз сыйлығымызды табыстадық, – дейді №355 сайлау учаскесінің төрайымы Жадыра Садыққызы.
Әлеуметтік желі арқылы маңызды датада өңір-өңірлерде митинг ұйымдастырылып, наразылық танытушыларды байқадық. Алайда Ақмешітте мұндай келеңсіз жайттар орын алған жоқ. Негізінен аймақ тұрғындарының сайлауға қатысу белсенділігі жоғары болды. Мұны Орталық сайлау комиссиясының мәліметінен аңғаруға болады. Сайлауға кызылордалықтардың 73,9 пайызы қатысып, Солтүстік Қазақстан облысынан кейін екінші сатыға тұрақтады. Ал, Алматы қаласы бұл көрсеткіште кенже қалып, тұрғындардың 30,3 пайызы ғана атсалысқан.
Сайлау жергілікті уақытпен кешкі сағат 20.00-ге дейін өтті. Кейінірек сайлаудың Exit poll нәтижесі жарияланды. Қоғамдық пікір институты сайлаудан шыққан азаматтарға 600 сайлау учаскесінде сауалнама жүргізген. 24 мың сайлаушыға жүргізілген сауалнама қорытындысында Ауыл халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 5,75 пайыз, Nur Otan партиясы 71,97 пайыз, ADAL саяси партиясы 3,07 пайыз, Ақжол демократиялық партиясы 10,18 пайыз және Қазақстан Халық партиясы 9,03 пайыз дауыс жинады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудан кейін наразылық болған жағдайда қатысушыларға жазалау шаралары қолданылмайтынын айтты. Осыған орай ADAL және Ауыл халықтық-демократиялық патриоттық партиясының үміткерлері facebook әлеуметтік желісі арқылы сайлаудың өз деңгейінде болмағанын жеткізіп, оқырмандар арасында ойларын ортаға салды.
Бір қызығы, біздің өңірде сайлауға қатысқан барлық партия жергілікті мәслихаттардан мандат алды. Бұл өзге облыстарға қарағанда ерекше жағдай. Мұны облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев өңірлік коммуникациялар қызметінде мәлімдеді.
– Қызылорда облысында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына 152 мандат берілген. Сайлаудың қорытындысы бойынша барлық партия жергілікті мәслихаттардан мандат алды, – деді Ғалым Баймырзаев. Төрағаның сөзін тарқатсақ, “Қазақстан Халық партиясы” – 4, Nur Otan партиясына – 126, “Ақ жол” Қазақстанның демократиялық партиясына – 5, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясына – 15, ADAL саяси партиясына – 2 квота берілді.
Сонымен биылғы сайлау Nur Otan партиясының айқын жеңісімен аяқталды. Үміткерлер арасынан жеңімпаз болған депутаттар үгіт насихат кезінде жүргізген бағдарламасын іске асырса игі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!