Редакцияға Асқар есімді жігіт хабарласты. Өзінің ғана емес көршілерінің де базынасын айту үшін шақырды. Межелі жерге, межелі уақытта барған бізді тұрғындардың барлығы жиналып күтіп алды. Шанхай мөлтек ауданындағы Тайманов көшесінің тұрғындары бүгінде шатырсыз үйде тұруға мәжбүр. Екі этажды үйдің шатыры осыдан 10 жыл бұрын дауылдан құлаған. Одан бері сол күйі өзгеріссіз. Жаңбыр жауған күнгі шатырсыз тұрғындардың қияметін өзіңіз де бағамдай беріңіз. Сондай-ақ жертөле суға толы. Нәжістің иісі үйде демалуға мүмкіндік бермейді. Баспанасын тастап кеткісі-ақ келеді, бірақ кім үйін тастасын? Жөндеу көрмеген үйдің бүгінгі қалпы адам шошырлықтай. Фундамент жерге кіріп, кірпіштер мүжіліп, құлауға әзір. Көрген кезде апатты үй ме деп қаласыз. Дегенмен әлі де апатты деп танылмаған.
“Бірде су дұрыс ақпайды, бірде кәріз жүйесі дұрыс емес, жөндеу көрмей, азып-тозып ол тұр. Кім, қай мекеме бізге құлақ асады?” дейді ашынған тұрғындар. Кәріз жүйесінің трубалары тесік, содан жертөленің іші су. Иісінен демалу мүмкін емес. Тұрғындар көбіне далада жүруге мәжбүр. Кәріз жүйесіндегі судан маса да көбейген. Олар да адамға тыныштық бермейді.
Асқар БЕКМАНБЕТОВ,
Тайманов көшесінің тұрғыны:
– Бұл үйлердің басты мәселесінің бірі – кәріз жүйесі. Бірінші этажға су көтерілгенімен, екінші этажға су бармайды. Тұрғындар далаға әжетхана салып алған. Себебі кәріз жүйесінің трубасы жиі тесіледі. Жазда маса көп, қыста төбе көгереді. Көгерген иіс көшеге шыққан кезде киімімізден шығып тұрады. Кәріз жүйесінің трубасы 20 жылдан бері ауыспаған. Қай үйдің қасынан тесілсе, сол жөндеп алады. Шыны керек, бізде тұрғындардың барлығынан бірдей ақша жинау мүмкін болмай тұр. Көбісі уақытша пәтерде тұратындар. “Қожайын біледі, сол жауап береді” дейді. Олар уақытша тұрған соң қиналғысы келмейді. Қаржы да шығармайды. Соның зардабын өзіміз де тартып жатқан сияқтымыз.
Тиісті мамандардың айтуынша, былтыр қайтарымды қаражатпен 37 үйге модернизациялау жұмыстары жүргізілді. Биыл министрлікке 22 үйдің тізімі жолданды. Оның 11-і ғана қолдау тапты. Қаржы бөлінген уақытта жөндеу жұмыстары жүргізіледі екен.
Айгүл ҚИЯТОВА,
Тайманов көшесінің тұрғыны:
– Басқа үйлер толық жөндеуден өткенде бізге де жөндеу жұмыстары жасалады деп қуандық. Күте-күте көңіліміз су сепкендей басылды. Жөндеу жүргізуге ұсыныс тастадық, құжаттарды өткіздік. Осыларды күтіп, жөндеу жұмыстарын бастамадық. Өзіміз істегенімізбен бәрі бір толық жөнделмейді ғой. Қазіргі кезде подьездерге кіру қорқынышты. Көше де, жертөле де сасып жатыр. Жөндеу жұмыстары қашан жасалады деп күтіп жүргенімізде жылдар өтіп барады. Біздің қалауымыз толық жөндеу жұмысын жасап берсе дейміз.
Бұл үйлерді апатты деп тану үшін арнайы аккредиттелген мекемеге бару керек екен. Сондай-ақ тұрғындар жиналып, үйді зерделеуден өткізеді. Тиісті мамандар үйді апатты деп таныған жағдайда үй кезегіне тұрады. Әкімшілік ешқашан үйді апатты деп жарияламайды. Ол үшін арнайы аккредиттелген мекеме бар. Сондықтан мамандар тұрғындарды сол мекемеге жүгінуге шақырды.
Шапағат КЕҢЕСБАЕВ,
“Қызылорда Тазалығы” ЖШС маманы:
– Тайманов көшесінде орналасқан №13-інші көп пәтерлі тұрғын үй Қызылорда тазалығы ЖШС-не ортақ меншікті күтіп ұстау бойынша балансқа өтпеген. Тұрғындар қарсы болған. Ортақ меншікті күтіп ұстауға байланысты 2020 жылы шыққан заңда екі басқару формасын таңдауға құқығы бар. Олар меншік иелері бірлестігі және жай серіктестік деген. Тұрғындар өздері меншік иелері бірлестігін құрып, қызмет көрсететін сервистік мекемелермен келісімшартқа отыра алады. Сол арқылы өздерінің ауа тазалығын, дәліздегі инженерлік сантехникалық жүйелерді күтіп ұстауға келісімшартқа отырып, әрі қарай жүйелі түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 32 бап 5 тармағында кез келген пәтер иелері және тұрғын емес меншік иелері сол үйді басқаруға және күтіп ұстауға міндеттелген. Сондықтан сантехникалық жүйені күтіп ұстауға, материал алуға, трубаларды алмастыруға өздері қаражат шығару керек. Бұл заңды. Модернизацияға байланысты тұрғындардың 66/6 пайызы келіссе, мекемеге келіп, арыз тастайды. Әрі қарай құжаттар, жобалық сметалар жағынан жұмыстар жүргізіледі.
P.S. Бірінші этаждың мәселесі астындағы су, екінші этаждың мәселесі шатыры болып тұр. “Бізде ақша жинау қиындық тудырып тұр, 180 мың сұраса, 10 үй жиналады, қалған 8 үй қосылмайды. Соның өзі жөндеу жұмыстарын жүргізуге кері әсер етеді”, – дейді Асқар. Мамандар айтқандай, модерницазия жүргізу үшін тұрғындар аталмыш мекемеге арыз тастау керек. Сөйтіп қана мәселенің шешімі табылмақ…
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!