Бауырдан артық жан бар ма?
Бауыр деген бір әлем ауыл бөлек,
Бауырларсыз жүгің де ауыр демек.
Әр бауырдың амандығын тілейік,
Өмірде әр адамға бауыр керек.
Бауыр – адамның өмір жолындағы жақын серігі, қуанышыңды бөлісетін, мұңыңа ортақтасатын жан. Өмірде дос та, таныс та көп болуы мүмкін, бірақ бауырдың орны әрдайым бөлек. Өйткені бауыр – балалық шағыңның куәсі, жүрегіңнің бір бөлшегі.
Адам өскен сайын бауырдың қадірін тереңірек түсінеді екен. Кейде бірге өткізген қарапайым сәттің өзі уақыт өте келе қымбат естелікке айналады. Сондықтан әр адамның өмірінде бауырдың амандығы мен жанында болуы үлкен бақыт.
Мен үшін де бауыр ұғымы ерекше мағынаға ие. Сол үшін жүрегімде мәңгі сақталған жан туралы ой бөліскім келеді.
Рас, біреуге ұзақ, біреуге қысқа ғұмыр бұйырады. Бірақ өмірдің мәні оның ұзақтығымен емес, артында қалдырған ізімен өлшенетін секілді. Себебі кей адам аз ғұмыр кешсе де, айналасына мейірім мен жылу сыйлап, көптің жүрегінен өшпейтін орын табады.
Менің ағам Тұрсынхан Бақашар Бақытұлы сондай жан еді. Ол бұл өмірде небәрі он жеті жыл ғана ғұмыр кешті. Бірақ сол қысқа уақыттың ішінде айналасына адамдықтың, бауырмалдықтың, мейірім мен ізгіліктің қандай болатынын көрсете білді. Оның ақжарқын мінезі, ешкімге қиянаты жоқ таза жүрегі, жақындарына деген ерекше қамқорлығы біз үшін ең қымбат естелікке айналды.
Ағамның күн секілді нұрланып тұратын жүзінен күлкі кетпейтін. Жас болса да, әрдайым айналасына шуақ шашып, тез тіл табыса білетін. Оның жанында жүрген әр адам өзін ерекше жақын сезінетін. Өйткені ол барлығына құрметпен қарап, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық танытатын. Міне, дәл осындай асыл қасиеттері оны көптің жүрегіне жақын етті.
Уақыт тоқтамайды. Күн жылға ұласты. Бірақ сағыныштың салмағы жеңілдер емес. Өмір жалғасқанымен, өткен күндердің елесі көңіл төрінен орын алып, ағамның жарқын бейнесі көз алдымызға келеді. Сондай сәтте жылы дауысы, шынайы күлкісі мен мейірімге толы жанары сақталған естеліктері жүректі шымырлатады.
Жұлдызым ерте солай сөнгенің бе?
Бізді тастап мәңгіге кеткенің бе?
Жарқырап жүрген едің бір кездері,
Лапылдаған оттай тез сөнгенің не?
Орның қалды үңірейіп ортамызда,
Мұң ұялап бүгінде баршамызға.
Жалт еткен бір найзағай секілденіп,
Кеттің бе сен қосылмай қатарымызға?
Көңіл шіркін сенбейді-ау кеткеніңе,
Сұм ажалдың ертерек жеткеніне.
Іштей жанып, ішіңнен тынғаның ба,
Шыдай алмай өмірдің өткеліне?
Иә, аспанда жарқырап тұратын жұлдыздың да ғұмыры әртүрлі. Бірі ұзақ жарқыраса, енді бірі ерте сөнеді. Бірақ олардың сәулесі жүректен де, санадан да өшпейді. Менің ағам да жүрегімізден мәңгіге орын алған, ерте сөнген жарық жұлдызым.
Кәусар ТҰРСЫНХАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!