Қару-жарақ асынып, жауға қарсы шабатын уақыт тарих бетінде қалды. Айлар ауысып, жылдар жылжыған сайын қарусыз майдан – білім мен ғылымның, технологияның бәйгеге түсер шағы келгенін түсінеміз. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген мақалдың мәні де соны меңзесе керек. Ой жарыстырып жүрген жастар мен жеткіншектер қатары өңірімізде де аз емес.

Соның бірі жақында Гонконгтың төрт бірдей жоғары оқу орнынан шақырту алып, олардың екеуінен толық білім грантын ұтып алған Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі – Жангерей Зинелов.

Зияткердің академиялық біліміне қызығушылық танытып, мыңдаған түлектің арасынан таңдап, грант ұсынған жоғары оқу орындары – Chinese University of Hong Kong (CUHK), City University of Hong Kong, Hong Kong University of Science and Technology және Hong Kong Baptist University. Алғашқы екі білім ұясы жерлесіміздің білімі мен потенциалына жоғары баға беріп, толық оқу грантына лайықты деп таныған. Айта кету керек, аталған білім ошақтары әлемдегі үздік университеттер рейтінгінде «топ-100 ЖОО-ның» қатарына енеді және техника, инженерия, жалпы ғылымның түрлі саласы бойынша маман дайындайды.

«Таңдауым – инженерия мамандығы.Бұл салаға деген қызығушылық 9 сыныпта пайда болды. Физика мен математика мектептегі сүйікті пәнім еді. Әртүрлі деңгейдегі олимпиадаға қатысып, ғылыми жобалар байқауында білімімді шыңдадым. Осылай тәжірибе жинақталды. Еліміздің технология саласында жақсы жаңалықтар, тың өзгерістер жоқ емес. Әр жаңалық – ел болашағының кепілі. Болашақта еліміздің технология саласын дамытуға үлес қосқым келеді», – дейді жас түлек.

Бірнеше жыл бойы оқу озаты болған Жангерей – мектеп өміріне, қоғамдық шараларға да белсенді араласып,

өзін-өзі басқару ұйымының

көшбасшысы ретінде

талай жобалардың

іске асуына

септігін

тигізген

жас.

Бітіруші сыныпта барлық түлек секілді ЖОО грантына ие болу үшін барын салды.

– Қуанышымда шек жоқ. Шетелдік университеттердің бағалайтын тұсы – оқушының, болашақ студенттің жан-жақты болуы. Академиялық біліммен бірге әртүрлі бағытта қол жеткізген жетістіктер де маңызды. Сонымен қатар болашақ мамандығын ертерек анықтап, нақты шешім қабылдайтын, болашақта кім болғысы білетін жастарды қолдауға әрқашан дайын. Менімен бірге осындай мүмкіндікке ие болған жерлестерімді құттықтаймын! – дейді кейіпкеріміз.

Айта кетейік, Жанкерей сынды бірнеше қызылордалық түлек түрлі шетелдік университеттерден грант ұтып, шақырту алған. Соның бірі – Ж.Нұрманов атындағы №198 орта мектептің түлегі Марат Ерланұлы. Ол Ресей Федерациясының Мәскеу қаласындағы Болат және қорытпалар институты металлургия факультетінде білім алу мүмкіндігіне ие болды.

«Грантқа ие болғанымды естігенде қатты қуандым. Он бір жыл бойы жиған білімімді көрсетіп, еліміздің абыройын көтерер уақыт келді. Ұстаздарыма, үнемі қолдау білдіретін ата-анама алғысым шексіз. Болашақта елге оралып, мемлекетімізді өркендету жолында еңбек етемін», – дейді ол.

Аделина МӘДЕЛХАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!