Фото: Dknews.kz
Енді Қазақстанда шетелдік онлайн дүкендерден тапсырыс бергендер үшін қосымша салық енгізілмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24”арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Еуразиялық экономикалық комиссия әкелінетін өнімге салынатын салықтардың мөлшерін 5-тен 15%-ға дейін өзгертуді қарастырып жатыр:
- елге келесі өнімдер әкелінсе, салық мөлшері 15% болады: азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерінің жекелеген түрлері: ет, балық, сүт өнімдері, жұмыртқа, көкөністер, дәнді дақылдардан дайындалған өнімдер, алкогольді және алкогольсіз сусындар бар. Сондай-ақ жеңіл өнеркәсіптен, асыл тастардан жасалған бұйымдар, құрылыс материалдары және автокөлік тауарлары осы санатқа енеді;
- тауардың келесі түрлеріне 5% көлеміндегі салық салынады: жануарлар мен өсімдіктерді, жемістер мен жаңғақтар, кофе, шай мен какао, мал азығын, химиялық, оның ішінде дәрі-дәрмектерді, полиграфиялық өнімдерді, тоқыма бұйымдары, қара және түсті металлургия бұйымдары, электр аспаптары мен оптика;
- қалған санаттар бойынша интернет-алаңдар арқылы сатып алынған тауарларды әкелуге 10% көлемінде салық салынады.
Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлағандай, осыған дейін салық бойынша шектік меже 1000 еуро (500 000 тг) болған. Санкцияларға және көптеген елдерден Ресейге тауарларды жеткізудің төмендеуіне байланысты уақытша шек көтерілген екен. Биыл наурыз айының соңында норма қолданыстан алынған.
«Бүгінде интернет-алаңдар сатып алатын тауарлар Еуразиялық экономикалық комиссиясы кеңесінің шешімімен реттеледі. 107-шешімге сәйкес халықаралық почта жөнелтілімдерінде жіберілетін жеке пайдалануға арналған тауардың құны 200 еуродан асса, онда 15% көлемінде салық салынады. Дегенмен салық тауардың 1 келісі үшін 2 еуродан кем болмауы керек. Бажсыз әкелу нормасы бізде 200 еуро, бірақ 31 келіден аспайды», — деді мемлекеттік кірістер комитеті кедендік рәсімдер әдіснамасы басқармасының басшысы Болат Ибрагимов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!