Көрер жарығы бар жандар. Бұл ғажайыптың күшімен аман қалып, шартарапты таңғалдырған Уотсондардың отбасына қатысты айтылған. Әлеуметтік желіні парақтай отырып, біз де олардың оқиғасына бей-жай қарай алмадық. «Әр қиындықтың бір қайыры бар» деген.

Осыдан біршама уақыт бұрын кезекті саяхаты барысында  Кертис Уотсон отбасымен бірге Калифорния штатындағы Арройо Секо өзеніндегі сарқыраманың басында қалып қойған. Ер адам өзеннің жолын жақсы білетініне сенімді болған екен. Алайда12 метрлік сарқыраманың басына келгенде төмен түсетін арқанның жоғалып кеткені байқалады. Ол кері қайтудың ең қауіпсіз жолы еді. Осылайша отбасы еш байланыс құралынсыз шатқалдың басында қалған. Уақыт өте берді. Талғажау етер азықтың да түбі көріне бастаған. Бірақ олар өмір үшін жанталасуды тоқтатпады. Сан түрлі әрекетке барды. Берекет болмады. Отбасын құтқару үшін ағашқа «Бізге көмектесіңдер!» деп жазып, оны суға да тастады.  Ағаш тым жеңіл болғандықтан, төмен ақпай қойды. Содан соң тағы пластик бөтелкені алып, жан-жағына «HELP» сөзін қырып жазып, ішіне координатын көрсетті. Кейінгісі хабар күту. Ал күту қиынның қиыны. Белгісіздік адамды қажытады емес пе?!

Десе де, үміт алдамады. Түн ортасында олар құтқарушылардың дауыс зорайтқышынан оянды. Олар «Бұл құтқарушылар тобы, орындарыңызда болыңыздар, таңертең алып кетеміз» деп хабар берді. Ертесіне Кертис отбасымен бірге дін аман үйіне оралды. Кейіннен отбасы бөтелкелерін екі туристтің тауып алғанын білді. Олар бөтелкедегі хатты оқып, жергілікті құтқару тобына хабарласқан екен. Түнгі уақытқа қарамастан құтқару тобы тікұшақпен отбасын іздеуге шыққан. Биіктіктен жылу сезгіш құрылғы арқылы отты көрген. Сол сәтте тікұшақ ұшқышы Джо Кингман 23 жылғы қызметінде бөтелкедегі хабарлама арқылы адам өмірін бірінші рет құтқарғанын айтыпты.

Кертис те көп ұзамай өзінің Инстаграм желісіндегі парақшасына: «Өмір, қадіріңді енді ұқтым. Мен бақытты жанмын!» деп жазды. Осыған қарап, бүгінімізді, барымызды бағалауды естен шығарып жатады екенбіз деген ойға келесіз. Ал бақыт көрінбейді, бейне бір жасырынбақ ойнап жүргендей. Ол дәл қазіргі сәт. Бүгінімізді бағалап, ғажайыпқа сенейік!

Айлин МАНСҰРҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!