Карьера қуалау әр жастың арманы. Жоғары жетістікке жетіп, өз замандастарынан оқ бойы озық жүруді кім қаламасын. Кешегі ауылдың қара баласы үлкен мекеменің есігін ашып, елге пайдасын тигізіп, ата-анасының үмітін ақтап жатса, одан асқан қуаныш бар ма? Бірақ осы жолда басшыға көсекөлденең жағымпазданып, ірге іздейтін, орын көздейтін жастардың көбейіп бара жатқанын да байқамай қалмайсың. Бет шымшып, ерін тістеп таңғалыс білдірсек те, заман дертімен күресте әлсізбіз. Қолымыздан бар келері соны газетке жазып, оқырманның ойына аз да болса әсер етсек деген ниетпен осы тақырыпты қозғап отырмыз.
Бір кездері қазақ баласы үлкеннің алдын кеспеген, сөзін бөлмеген, құрмет көрсеткен. Бірақ құрмет пен құлдықтың арасы бір-ақ тұтам екенін де жақсы білген. Сол шекара бүгін көмескі тартып бара жатқандай. Қызметтегі кейбір жастардың бойынан еңбектің емес, ебінің алға шығып кеткенін көресің. Қабілет пен білімнің емес, кабинетке жақын жүрудің қадірі артқандай әсер қалдырады. Кейбірі басшының айтқан әр сөзін даналыққа балап, әр қадамын ерлікке теңеп жатады. Жиында айтылған әзілге өзгеден қатты күледі. Әлеуметтік желіде басшының суреті шықса, бірінші болып пікір жазуға асығады. Қызмет бөлінсе жанынан табылады. Марапат берілсе маңынан табылады. Сапар болса қасынан табылады. Ал жұмыс ауырлап, жауапкершілік көбейген тұста көбі көзге түспей кетеді.
Қазақ мұндай мінезді бұрыннан таныған. Тіпті оған ат та қойған. Жағымпаз, жылпос, жылмиған, майда тілмен маңайлайтын жан деп сипаттаған. Ел арасында «Жағымпаздың жаны жоқ» деген сөз бекер айтылмаса керек.
Абай да мұндай мінезден қазақты талай сақтандырған. Ол бесінші қара сөзінде «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» деп ұлттың бойындағы кеселдерді тізіп береді. Сол мақтан мен өтіріктің арасында жағымпаздықтың да көлеңкесі жатыр. Отыз тоғызыншы қара сөзінде ел ішіндегі күндестік пен мансап үшін арын саудалауға дейін баратын мінездерді күйіне жазады. Абайдың күйінуі бүгін де өзекті екеніне әрдайым көз жетіп келеді.
Ұлы ақынның «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген сөзі де тек татулық жайлы емес. Ол адамның адамды мансабы үшін емес, кісілігі үшін бағалауын меңзейді. Біз кейде адамның қызметіне қарап құрмет көрсетеміз де, қызметі кеткен күні өзімен бірге сәлемімізді де ала кетеміз.
Шәкәрім де арды мансаптан биік қойған. Оның түсінігінде ар кеткен жерде адамдық та жоғалады. Қызмет үшін кішірейіп, орын үшін иіліп, мансап үшін мінезін айырбастаған жан ертең өзін де жоғалтады.
Мөңке бидің «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген сөзі жиі айтылады. Бірақ сол сөзді көпшілік айлакерлікке рұқсат бергендей қабылдайды. Ал бидің айтпағы заманның қулығына жұтылып кетпе, ақылыңды қолдан деген ескерту болса керек. Өкінішке қарай, бүгінде кей жастар ақылын емес, айласын шыңдауға көбірек күш жұмсайтын секілді. Бір мекемеде жылдар бойы үнсіз еңбек етіп жүрген маман болады. Оның аты жиында сирек аталады. Ол әлеуметтік желіде де белсенді емес. Бірақ жұмысы сөйлеп тұрады. Ал енді біреу бар, кабинеттен кабинетке кіріп шығып, әр мерекеде құттықтаудың басында жүреді, әр басшының көңілін табудың жолын жақсы біледі. Уақытша жеңіс көбіне осылардың жағында сияқты көрінеді.
Бірақ уақыттың өз таразысы бар. Жағымпаздық ешқашан ұзаққа апармайды. Бүгінгі басшы ертең орнында отырмауы мүмкін. Ал адамның аты мен абыройы өмір бойы бірге жүреді. Қызмет ауысады. Кабинет өзгереді. Бірақ елдің есінде кімнің қалай жүргені қалады.
Қазақ «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп бекер айтпаған. Әділдікке сүйенген ел ғана өседі. Ал жағымпаздық жайлаған ортада талант тасада қалады. Еңбек еленбейді. Қабілет кейін шегінеді. Сондай жерде жастардың бойында білімге емес, билікке жақындауға деген құмарлық пайда болады. Бұл қоғам үшін қауіпті белгі.
Өйткені ертеңгі мемлекет бүгінгі жастардың қолында болады. Егер бүгінгі жас қызметке жетудің жолы маңдай тер емес, маңайлай жүру деп түсінсе, онда ертеңгі ұрпаққа қандай үлгі қалмақ. Қазақ баласы ежелден сөзге тоқтаған халық. Сондықтан жастарға айтылар сөз де ауыр емес, анық болуы керек. Жуырда әлеуметтік желіде мына бір тіркесті көзіміз шалып қалды, қалымыз бұзбай, назарыңызға ұсынайық.
Басшыға құрмет көрсет. Бірақ басыңды сатпа.
Ұстазыңды сыйла. Бірақ ойыңды жоғалтпа.
Қызметке ұмтыл. Бірақ арыңды айырбастама.
Өйткені мансап адамды биіктетпейді. Адам мансапты биіктетеді.
Бір күні кабинет есігі жабылады. Лауазым өзгереді. Қызметтік көлік басқа адамға беріледі. Хатшы басқа есімге телефон соғады. Сол күні адамның қасында жағымпаздықпен жиналған жұрт та сиреп қалады. Ал адал еңбекпен келген абырой ғана иесін тастап кетпейді.
Ақназар ҚАЛИЕВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!