Қазақстан Республикасының сот жүйесін цифрландыруды одан әрі дамыту мақсатында Жоғарғы Сот «Сот кабинеті» электронды сервисін әзірледі.

Электронды формат ең алдымен халыққа сот жүйесінің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жасалынған. Себебі сот кабинеті арқылы жолданған арыздар мен өтінішхаттардың электронды тіркелгенін, сот өндірісінде қаралып жатқан істердің қозғалысын біліп отыруға мүмкіндік бар. Электронды сервис арқылы азамат, оның өкілі немесе заңгер кез келген ыңғайлы уақытта, үйінен немесе кеңседен шықпай-ақ талап қою, арыз, шағым, өтінішхат, қосымша құжаттар жолдауға, іс құжаттарымен танысуға, сот актілерін алуға және мемлекеттік баж алымын онлайн режимде төлеуге үлкен мүмкіндік бар.

Сонымен қатар, сот жүйесі қызметкерлерінің азаматтармен байланысын төмендетіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, артық шығындар мен қағаздан арылтады.

Қазіргі таңда аталған электронды сервисті дербес компьютерден бөлек iOS, смартфон мобильдік платформасындағы «Сот кабинеті» мобильдік қосымшасы арқылы да қолдануға болады. Ол дегеніміз әлемнің кез келген жерінде еліміздің сот органдарымен байланыс орнатуға болады дегенді білдіреді.

Пайдаланушыларды мобилдік қосымшада тіркеу сервисінің веб нұсқасына қарағанда өзіндік артықшылықтары да бар.

«Сот кабинеті» сондай-ақ ЭЦҚ қолдану арқылы электрондық іспен танысу үшін қолжетімділікті қамтамасыз етеді, Push-хабарлама арқылы сот отырысының өткізілетін күні, уақыты мен орны cекілді хабарламаларды гаджеттің жоғары жағында көрінетін қалқымалы хабарлама арқылы лезде біліп отыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар сот отырысының хаттамасын беру туралы өтініш өткізуге, хаттамаға ескертулер беруге, сондай-ақ шығарылған сот актілерін алуға және атқару парақтарын сұратуға интернет желісі арқылы қолданушыға ыңғайлы кез-келген жерде, ресми немесе мобильді қосымша арқылы жүгіне алады.

Жалпы бұл сервис сотқа келмей-ақ үй жағдайында сот органдарымен байланыс жасауға өте тиімді. Егер сізде интернет желісіне қосылған дербес компьютер,  iOS, смартфон болмаса, онда соттың фронт-кеңселерінде жеке жұмыс жасау секторлары жұмыс уақытында үзіліссіз жұмыс жасайды. Аталған секторда сот кабинетіне қосылған компьютер арқылы да электронды құжаттарды сотқа емін-еркін жолдауыңызға болады.

Еліміздің сот жүйесін уақыт өткен сайын жаңа сипаттарға ие болып келеді. Мұның барлығы сотқа жүгінушілер мен қызмет алушыларға оңтайлы орта қалыптастыруға жасалған шаралардың бірі.

Гаухар Мырзатаева

Қызылорда қалалық сотының бас маман-сот отырысының хатшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!