Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Құқық қорғау және сот жүйелерін реформалау жөніндегі комиссиясы 2020 жылдың 30 желтоқсанында Денсаулық сақтау министрлігіне сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету жөніндегі функцияларды кезең-кезеңімен беру туралы шешім қабылдады. Яғни, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жаза мерзімін өтеп жатқан, бас бостандығы шектелген, сонымен қатар ұсталған, қамауға алынған және арнайы мекемелерге орналастырылған адамдарға медициналық көмек көрсету функциялары денсаулық сақтау жүйесіне беріледі. Осыған орай, қазіргі таңда өңірлердің ерекшелігін, орналасқан орнын және тағы басқаларын ескере отырып, ішкі істер министрлігінің қарамағынан сотталғандарға және тергеуге қамалғандарға медициналық қызмет көрсету функцияларын өз саласы бойынша денсаулық сақтау жүйесіне беру жөнінде Жол картасы бекітілді. Сонымен қатар ғимараттардың тозуын, материалдық-техникалық жарақтандырылуын, ғимараттарды салу мен реконструкциялауға қажеттілігін айқындау мақсатында ҚАЖ медициналық объектілеріне түгендеу жұмыстары жүргізілді.
-Бұл ретте ҚАЖ департаменті, Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасы және Медициналық, фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті арасында бірлескен бұйрық негізінде жұмысшы топтары құрылып, тиісті жұмыстар атқарылды. Жарғыға сәйкес, 2022 жылдың 1 шілдесінен тергеу изоляторы-ЗК-169/1 мекемесі, ал 2023 жылдың 1 қаңтарынан қауіпсіздігі барынша төмен мекеме /қоныс колониясы/- ЗК-169/4 мекемесі, қауіпсіздігі аралас -ЗК-169/5 мекемесінің медициналық қамтамасыз ету бөлімі денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беріледі,-деді Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары әділет подполковнигі Ж.Әбдіқайыров.