Хагги Вагги ағылшын тілінен аударғанда «құшақтау» деген мағына береді. 2021 жылдың қазан айында шыққан Poppy Playtime қорқынышты ойынындағы кейіпкер қазір балалардың сүйікті ойыншығы. Бірақ жұмсақ ойыншықтың сырт келбеті сіз ойлағандай сүйкімді емес. Сонда Хагги Вагги балаларға несімен ұнайды?

Алдымен ойыншықтың шығу тарихын баяндасақ. Смартфондағы Poppy Playtime хоррор-ойынынан бастау алған сюжет көрген адамды қорқынышты әлемге жетелейді. Онсыз да тісі ақсиып, көзі бадырайып, денесін түк басқан ұсқынсыз бейнелер дыбыспен берілгенде үрейден құлақ тұнады. Әрі қарай ойын сюжеті келесідей жалғасады.

Ойынның басты кейіпкері – ойыншық зауытының бұрынғы қызметкері. Ол жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен қызметтестерін іздеп, қараусыз қалған зауытты шарлайды. Құр жүрмей VHS кассеталарын жинап, өткеннің суреттерін қалпына келтіреді. Сол сәтте оның ізіне Хагги Вагги түсіп, қуа  бастайды. Хагги Вагги да – зауыттың ең танымал ойыншығы. Егер одан қашып үлгермесе, қызметкерді ұстап алып, жұтып қоюы ғажап емес. Осылай Хаггиден қашып жүріп, бірнеше сатыдан өткенде ғана ойын жеңімпазы бола аласыз. Ойын жарыққа шыққаннан кейін ютуб арнасында құбыжықтың қалай пайда болғаны жайлы анимациялық фильм пайда болды. Қаралымы 10 миллионнан асатын анимацияда Хагги Ваггидің денесі Playtime зауытының бұрынғы қызметкері Вадзен мырзаға тиесілі екені айтылады. Ол жұмыста жетістікке жетіп, отбасын құруды армандайды. Алайда бір ғана түн оның өмірін өзгертеді. Сюжет бойынша зауыт шынайы құбыжық ойыншықтың жобасын құрастырады. Құрылтайшыларға көп пайда әкеледі деп болжанған жоба өкінішке қарай ойдағыдай болмайды. Әлеуметтік желіге аталған бейнежазбаны ойынның жанкүйері жүктеген. Бұл жазбаның тик-токтағы да танымалдылығы жоғары, құдды бір вирус секілді балалардың санасын дереу еліктіріп әкетеді. Содан болар Хагги Вагги ойыншығына балалар тарапынан сұраныс артқан.

       Бірде сабақ жазып отырған туыс інімнің Хагги Ваггиды құшақтап отыруы еріксіз таңқалдырғаны бар. «Менің Хаггиым» деп жазу дәптерінің алдына қойып, ауық-ауық ойыншығын еркелетуі маған алғашында қызық көрінсе де, кейін ойландыра бастады. Бес жастағы бала түрі қорқынышты ойыншықты қалай жақсы көруі мүмкін? Себебін ата-анасынан сұрап көргенімде Хаггидың «ерекше қасиетін» олар да білмейтінін айтты.

− Неге екені белгісіз, ұлым Хагги Ваггиды қатты жақсы көреді. Ойыншығымен ойнап қана қоймай, ютубтан сол туралы бейнежазбаларын қарап отырады. Хаггидың базардағы бағасы – 2000 теңге, ал түпнұсқасы – 6000 теңгеден асады. Хагги Вагги танымал болған бір ғана кейіпкер емес. Оның күлгін түсті қалыңдығы – Киси Миси, апельсин түстес – Ван Панк, жасыл түсті – Сили Били, қызыл түсті – Скари Лари, сұр түсті – Грисс Висс және  түрлі-түсті –  Лили Милли деген түрлері бар, − дейді Жұлдыз Ыдырысова.

    Хаггидың әлеуметтік желідегі жарнамасы да «біртүрлі». «Танымал құбыжық Хагги Ваггидің сүйкімді жұмсақ ойыншығы. Poppy Playtime кейіпкерінің келбеті – сүйкімді, ыңғайсыз жаратылыс, екінші жағынан, бұл түкті және тісті құбыжық. Хаги Вагидің қолында – Velcro, оның көмегімен ол ұзын қолын созып, ұстай алады. Бағасы қолжетімді. Хаггимен балаңызды қуантыңыз»  деген мағынаны арқау еткен тіркестерге ата-ананың алданбасы анық. Алайда баланың көңілі анасында емес, Хаггиде екенін ескерсек, талай дүкен сөресінің құбыжық ойыншықпен толығатынын аңғару қиын емес.

Хагги Ваггиды The Village  аталатын орыстілді интернет басылымы  «Зуммерлердің сүйікті құбыжығы және Тик Токтағы басты мем» деп бағалаған. Ал Medialeaks сайты Хаггиды «қанқұмар құбыжықтан сүйкімді қаһарманға айналды» деп есептейді.

«Сүйкімді қаһарманның» бала психологиясына баяу әсер ететін ықпалы бар. Алғашында баладағы шошыну, қорқу сияқты ішкі күйі байқалмаса да, уақыт өте келе ойыншықтың салдары анық білінеді. Бұл жағдайды ата-ана дер уақытында түсінбесе де, психологтар құбыжық ойыншықтың әсері бала есейгенде көрінетінін ескертеді. Мамандар “мұндай ұсқынсыз ойыншықтар девиантты мінез-құлық тудыратынын, сол себепті бала психологиясы агрессияға толы болатынын» айтады. Соның әсерінен баланың қоршаған ортаға қызығушылығын жоғалып, достарымен ойнағысы келмейтін әдет қалыптастырады. Психологтардың пікірінше,  Хаггидың әсерінен бала өзіне деген, ақыл-ойына деген сенімділікті жоғалтады. Тіпті мінезі тұйықталған балада «әлемде зұлымдық басты рөлде» деген ой пайда болуы мүмкін екен.

“Көбі Тик Токтан көріп жүргесін, қызығып алғысы келеді. Ал кей балалар өзінің қорқынышын басу үшін сатып алады. Бұл дегеніміз ондай балалар үйінде ата-анасымен тығыз байланыста болмайды дегенді білдіреді. Яғни өзінің ата-анасын қорғаныш деп есептемейді. Өздеріне сенімсіз болады. Сондықтан кез келген ата-ана баласымен ашық сөйлесіп, оның пікірін тыңдаған өте маңызды,” − дейді мамандар.

P.S. Әдетте ата-аналар Қытайдан жеткізілетін арзан ойыншықтардың сап асына алаңдайтын. Бірақ бұл жолғы мәселе сапа тақырыбын басып озғаны анық. Қазақ баласын «құбыжық ойыншық» тәрбиелесе, қоғамның қалай құбылары белгісіз. Сол үшін Хагги саудасына тиым болғаны дұрыс тәрізді…

Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!