Сырбойылық жастар қаланы қалыпқа кел­тіру ісіне белсенді атсалысуда. Еріктілер де халықпен бірге екенін көрсетуде.  «Біз қашанда халықпен біргеміз. Елдің бауырмалдығы, ауыз­біршілігі осындай сын сағатта білінсе керек. Қала – ортақ үйіміз. Біз бұл істі жұ­мыла көтеруді міндет санаймыз. Қазақстан азаматы ретінде елдің қиын-қыстау сәтінде қолдау білдіру – патриоттық борышымыз», – дейді облыстағы еріктілер фронт-офисінің жетекшісі Болатбек Айтбенбетов.

Бұзақылардың қатысуымен орын алған жағдай адам шошырлық. Ол тұрғындардың бойына үрей билеткені де рас. Әр үйде отырып, сырттағы жағдайға алаңдағанымыз, бала-шағасының болашағын ойлаған ата-ананың көңілі бүгінде бір арнаға түсті. Билік тиісті шараларды қолға алды, жағдай тұрақталуда. Жоғарыда айтқанымыздай, жастар оған бірауыздан жұмылып, бір жүйе­ге түсуге сеп­­тесуде. Бұған облыстық «Жастар ресурстық орталығы» қызметкерлері мен облыстағы еріктілердің атқарған ісі дәлел. Олар елмен бірге қиындыққа төтеп беруде. Жыртылғанды жамап, сынғанды түзеуге білек сыбана кіріскен.

– Аймақ жастары қаланы қалпына келтіру жұмыстарына белсенді атсалысуда. Олар жауапкершілікті сезінеді және алдағы уақытта да еліміздің гүлденуіне өз үлесін қосатын болады. Ел басына түскен қиын күнде жастарды алып-қашпа әңгімеге ермеуге, ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырамын. Біз елмен біргеміз, – дейді бізбен әңгімесінде орталық директорының орынбасары Талғат Тілес.

Сыр жастары еліміздің қуанышында да, қайғысында қасынан табылып, қайырымдылық істерден құр қалған емес. Мәселен, жаппай тәртіпсіздік салдарынан зардап шеккен облыс әкімдігін қайта қалпына келтіру жұмыстары кезінде олардың ұйымшылдығымен ас әзірленіп, үлестірілді. Сондай-ақ қазір олар бірқатар ғимараттардың тазалық және жөндеу жұмыстарына қол ұшын беруде. Ал облыста зардап шеккен ғимарат аз емес. Бұл ретте еріктілерден құралған топ дәл қазір материалдық тұрғыдан қолдау білдіре алмаса да, моральдық тұрғыдан қолдауға дайын екендіктерін жеткізуде.

–Жастардың бұл істің басы-қасынан табылып, қол ұшын созып жатқаны қуантады. Қаланы көгалдандыру жұмыстарын бүгінге дейін қолға алға алған едік, енді туған өлкенің қалпына келуіне септессек, ел қажетіне жарағанымыз деп білемін. Аз уақыттың ішінде орын алған жағдай барлық қазақстандықтардың жүрегіне жара салды. Тынышын кетірді, түн ұйқысын бөліп, уайымға салды. Тығырықтан шығар жолды Президент өзі көрсетті. Айтылып жатқан қауесеттерге ермей, тарап жатқан ақпараттардың бәріне сене бермеуге шақырамын. Бәрі де уақыт өте өз орнына келеді. Жерлестерді сабырға шақырамын, – дейді Болатбек Айтбенбетов.

Шынында, бұған дейін әлеуметтік желілірде желдей ескен ақпараттар жүректі ауыртады. Әрқайсысы ойына келген пікірін жазып, осындай сәтте бұратартса жақсы болмасы анық. Әсіресе, жастар жалған ақпараттың жетегінде кетпесе деген тілек бар.

P.S.Тәуелсіздікке жету қаншалықты қиын болса, тәуелсіздікті сақтап қалу да соншалықты қиынға соғуда. Бұл соңғы уақыттарда анық байқалды. Елім, жерім деген азаматтардың еңсесі түсіп, не істерін білмей, әбігерге түсті. Сын-сағатта Президент барлығының еңсесін тіктеп, түзу жол көрсетті. Елді бірлікке, ынтымақтыққа, тұрақтылыққа шақырды.  Қираған қала, тоналған сауда үйлері, полиция пункттері, тас-талқан болған ғимараттар жүрегімізді ауыртты. Ендігі кезекте «күш бірлікте» деген ұранды ұстанып, қиын кезде қолдау білдіріп жатқан ерктілерге алғыс айтып қана қоймай, оларға да қолғабыс ету керек. Құрметті оқырман сізді де еріктілермен бірге халыққа қолдау білдіруге шақырамыз!

«Ел болғың келсе, бесігіңді түзе». Саналы ұрпақ тәрбиелеп бұзылмастай қамал тұрғыз. Елі деп жүрегі жалындаған жасөспірімдеріміз көп болғай.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!