Жаздың жаймашуақ күндері табиғат аясында демалып, кешкі салқынмен таза ауада серуендеу кімге де болса ұнайды. Алайда жылы мезгілдің қызығын кейде кішкентай ғана жәндік – маса бұзады. Құлақтың түбінен ызыңдап, мазаны алатын, шаққан жерін қышытып, қызартатын масаны көпшілік жағымсыз жәндік ретінде ғана қабылдайды. Дегенмен бұл жәндіктің тіршілігі, табиғаттағы орны және адам денсаулығына әсері туралы білу маңызды.

20 тамыз – масаларға назар аударылатын күннің бірі. Бұл күн адамдарға масаның ерекшеліктері, олардың тіршілік ету ортасы, көбею жолдары және олардан қорғану шаралары туралы ақпарат беруге мүмкіндік береді. Әсіресе жаз мезгілінде масалар көбейетіндіктен, олардан қорғану мәселесі өзекті бола түседі.

Масалар қайдан пайда болады?

Масалар – өте көне жәндіктің бірі. Олар әлемнің көптеген бөлігінде кездеседі және қоршаған орта жағдайына тез бейімделеді. Жер бетінде масаның мыңдаған түрі бар. Әр түрдің тіршілік ету ортасы мен ерекшелігі басқа болғанымен, олардың көпшілігі көбею үшін суға тәуелді.

Масалардың тіршілік циклі жұмыртқадан басталады. Ұрғашы маса жұмыртқаларын суға немесе су жиналуы мүмкін орындарға қалдырады. Одан кейін жұмыртқадан дернәсіл шығып, суда тіршілік етеді. Кейін қуыршақ кезеңінен өтіп, ересек масаға айналады.

Сондықтан масалармен күресудің ең тиімді тәсілдерінің бірі – олардың көбеюіне қолайлы ортаны азайту. Үй ауласында қараусыз қалған шелекке, ыдысқа немесе басқа да заттарға жаңбыр суы жиналса, ол масалардың көбеюіне жағдай жасауы мүмкін. Сол себепті мұндай орындарды уақытылы тазалап, судың жиналуына жол бермеу қажет.

Маса неге шағады?

Масаның барлығы бірдей адамды шақпайды. Әдетте қанмен қоректенетіндері – ұрғашы масалар. Қан олардың жұмыртқаларының жетілуіне қажетті қоректік заттарды алуға мүмкіндік береді. Ал масалардың қоректенуі тек қанмен шектелмейді: көптеген ересек масалар өсімдік шырыны мен гүл нектарын да пайдаланады.

Маса адамды табу үшін бірнеше белгіге бағдарлана алады. Олардың ішінде адамның тыныс алуынан бөлінетін көмірқышқыл газы, дене жылуы және дене иісі маңызды рөл атқарады. Сондықтан адам көп шоғырланған жерде масалар да жиі байқалады.

Маса шаққан кезде оның сілекейі адамның терісіне түседі. Ағза оған жауап ретінде иммундық реакция береді. Соның нәтижесінде шаққан жер қызарып, ісініп, қышуы мүмкін. Кей адамдарда бұл реакция әлсіз болса, кейбір адамдарда айқынырақ байқалады.

Бұл – жай ғана мазасыз жәндік емес

Маса шаққаннан кейін пайда болатын қышу мен қызару көп жағдайда бірнеше күн ішінде басылады. Алайда масаның кейбір түрлері адам мен жануарларға инфекциялық аурулардың қоздырғыштарын тасымалдауы мүмкін.

Масалар арқылы таралатын ауруларға безгек, денге, Батыс Ніл вирусы, сары безгек және басқа да инфекциялар жатады. Олардың таралуы масаның нақты түріне, аймақтың табиғи жағдайына және инфекцияның сол жерде болуы сияқты көптеген факторларға байланысты.Сондықтан масадан қорғану – тек жайсыздықтың алдын алу емес, кейбір жағдайда денсаулықты сақтауда маңызды саналады.

Бірақ барлық маса қауіпті ауру тасымалдайды деп ойлау дұрыс емес. Дегенмен жәндіктер арқылы таралатын аурулардың алдын алу үшін қарапайым сақтық шараларын ұстану қажет.

Олардан қалай қорғануға болады?

Масалар кешкі және түнгі уақытта белсендірек болатын түрлерімен белгілі. Табиғат аясында демалғанда олардың шағуын азайту үшін бірнеше қарапайым ережені сақтауға болады.

Біріншіден, денені барынша жабық ұстайтын киім киген дұрыс. Ұзын жеңді киім, ұзын шалбар және шұлық масаның ашық теріге жету мүмкіндігін азайтады.

Екіншіден, масадан қорғайтын репелленттерді қолдануға болады. Оларды пайдаланған кезде өнімнің сыртындағы нұсқаулықты мұқият оқып, көрсетілген тәртіппен қолдану қажет.

Үшіншіден, үйдің айналасында су жиналатын орындарды бақылауда ұстаған жөн. Ауладағы ыдыстарды төңкеріп қою, қажетсіз су жиналатын заттарды алып тастау және су сақталатын ыдыстарды жабық ұстау масалардың көбеюін азайтады.

Е.ЕРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!