Әпкем тұрмысқа шығатын күні бәріміз түгел үйге жиналдық. Ауылда ұрлық жиі болатындықтан, шаңыраққа көз-құлақ болсын деп апамды шақырдық. Ол болса, бізді шығарып салып, есікті іліп алды. Алайда сол түннен кейін апам біздің үйдің босағасын аттап баспайтын болды.
Бірде үйінде шәй ішіп отырып, оған не себеп екенін сұрадым. «Сендер кеткен соң, жатын бөлмеге төсек салып, телефонымды ұстап жата қалдым» деп бастады ол даусы дірілдей.
– Экранын төмен түсіре бергенімде… Дәл алдымда біреудің тұрғанын байқадым. Өте жақын… Басымды көтерсем, жасы 12-13-тердегі бейтаныс қыз бала маған төбеден төніп қарап тұр екен. Жүзі өлімші, сұп-сұр. Жанарын бір аудармастан маған сұқтана қарап қалыпты…
Үрейден жүрегі тоқтап қала жаздаған апам амалсыздан көрпені бүркенеді. Тыныс алуға да батпай, он-он бес минут бойы үрейден бүрісіп жатады. Әрең дегенде көрпені ашып сығаласа… Ешкім жоқ. Түк те ойланбастан, ол заттарын жинап, сол түні үйден қашып шыққан. Содан бері ол біздің үйдің босағасын аттап басуға да батпайды екен.
Бір қызығы, ол қызды мен жақсы білетін едім. Осыдан бір ай бұрын анам мен әжем алыстағы тойға кеткен. Мен ҰБТ-ға дайындықты сылтауратып үйде қалдым. Таңғы сағат 3-4-тердің шамасы. Оқудан шаршап, ас бөлмесіне су ішуге шықтым. Есікті аша бергенімде, денеме ине сұғылғандай болды. Алдымда әппақ көйлек киген кішкентай қыз жылап отыр екен. Апам айтқандай, жасы 12-13-терде. Жанарамыз түйісіп қалғанда, үстімнен мұздай су құйып жібергендей өн бойым мұздап, бойымды сұмдық үрей биледі. Өзімнен қайдан күш тапқанымды білмеймін… Ақырын кері шегініп, бөлмеме кіріп, төсегіме оранып жата қалдым.
Таңғы 6-да қайта тұрып, бойымдағы үрейді басуға тырыстым. Орта бөлмені есіктен сығалап қарадым. Ешкім жоқ. Ас бөлмеге жол тартқаным сол еді, бір дүниені байқап қалдым. Ақ киген қыз қолын біздің ескі диванға сүйкеп отырған. Ал қазір ол жерде шынтақтың ізі анық көрініп тұр еді…
Негізі бұл үйдің түрлі мистикалық құбылыстары туралы әпкелерімнен де жиі естейтінмін. Ал қазір олар арман қуып Алматыға кетті. Осыны жазып отырып, балалықта болған бір оқиға есіме түсті.
Түсім көбіне есте қала бермейді. Бірақ бір он күн аралығында бірдей түс көре бастадым. Сол қызды жиі түсімде көремін. Бірге ойнаймыз. Ал біздің үйдің астында баспалдақ бар. Онымен түссек, жаңа досымның үйін көреміз. Өзі секілді әппақ. Үйінде анасы, әкесі және кішкентай інісі бар. Бірде мен жақта, бірде оның үй жағындамыз. Бірде баспалдақпен төменге түсіп бара жатқанымда, әжем қолымнан шап беріп ұстап алып, «Олардың үйіне барма» деп жібермей қалды.
Келесі күні түсімде досыма әжемнің қарсы болғанын айттым.
– Егер үйдегілерің қарсы болса, біз жаққа келме!, – деді ол.
Сол күннен бастап ол менің түсіме кіруін қойды. Кейін бұл оқиғаны әпкеме айтқанымда, оның жауабы төбеме жай түсіргендей болды.
– Мен де түс көретінмін… Бірақ сен айтқан ақ үйдің орнында төрт мола көрдім.
Түсімдегі қыз өңімде де пайда болды. Мен оның ата-анасын көрмедім. Бірақ інісін менен екі жас үлкен әпкем көріпті. Үйде үнемі себепсіз заттар құлап, өз-өзінен шырылдайтын, тысырлаған дыбыстар шығатын. Мүмкін соның балалығы ма екен деп те ойладым. Бірақ әпкемнің айтқан оқиғасы бәріміздің төбе шашымызды тік тұрғызды.
Бұл оқиға кешкі уақытта болған екен. Әпкем ауладан үйге кіріп бара жатқанда, артынан кішкентай ұл бала пайда болып, оның аяғына жармасып, соңынан қуған. Әпкемнің үрейленгені соншалық, біраз уақыт бойы үйге кіруге батпай, далада дірілдеп тұрады. Үйге кірсе, айнала тым-тырыс. Өлі тыныштық. Әлгі бейне ғайып болған…
Біздің үйдің астында не барын, ол төрт жанның кім екенін және неге бізден кетпей жүргенін біз әлі күнге дейін білмейміз. Тек бір дүние анық. Олар бізбен бірге, бәлкім, бір бөлмеде әлі де өмір сүріп жатыр…
Мейір НИЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!