Алып динозарлардың қазіргі Қызылорда өңірінде де тіршілік еткенін білесіз бе? Ал арада сан ғасыр өткен соң осы далада қазақ халқының бай тұрмысы мен мәдениетін айғақтайтын сандық, кілем, самаурын мен ұлттық ою- өрнектер қалыптасты. Мұндай баға жетпес сабақтастықты Қызылорда облыстық тарихи- өлкетану музейіне арнайы барып, көзбен көрдік, тарих пен мәдениеттің мәңгі екенін ұқтық.

Бүгінде көріп жүрген ұлттық ою-өрнектер халқымыздың мәдени мұрасының маңызды бөлігі. Әрбір өрнектің өзіндік мағынасы бар. Мысалы, қошқармүйіз молшылық пен берекені білдірсе, түйетабан сәтті сапардың белгісі ретінде танылған. Киім-кешек, тұрмыстық бұйымдар мен жиһаз да кеңінен қолданылып, ұлттық өнердің ажырамас бөлігіне айналған.

Ою-өрнектермен әшекейленген бұйымдардың бірі – сандық. Сандық ерте кезден қазақ отбасының ең қажетті тұрмыстық заттарының бірі болған. Оған киім-кешек, зергерлік бұйымдар және басқа да бағалы заттар сақталған. Әсіресе қыз жасауының ішінде сәнді безендірілген сандықтың орны ерекше болған. Сандықтардың бетіне түсірілген өрнектер олардың көркемдік құндылығын арттырып, ұлттық нақышын айқындай түскен.

Қазақтың қолөнерінде кілем тоқу өнері де ерекше дамыған. Табиғи жүннен тоқылған кілемдер үйдің ішін сәндеп қана қоймай, суықтан қорғау қызметін атқарған. Кілемдегі түрлі ою-өрнектер халықтың табиғатпен үйлесімін, тұрмысын және өмірге деген көзқарасын бейнелеген. Сондықтан кілемдер қазақ тұрмысында әрі қажетті, әрі сәндік бұйым ретінде жоғары бағаланған.

Қазақ дастарқан мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналған бұйымдардың бірі – самаурын. Әсіресе Тула қаласында жасалған жез самаурындар кең таралған. Самаурын тек шай қайнататын құрал ғана емес, отбасы мүшелері мен қонақтардың басын қосатын береке мен қонақжайлықтың белгісі болған. Қазақ халқы үшін шай ішу дәстүрі үлкен мәдени маңызға ие болғандықтан, самаурын әр шаңырақтың қадірлі бұйымының бірі саналған.

Ою-өрнек, сандық, кілем және самаурын – қазақ халқының бай мәдениеті мен тұрмысын танытатын құнды мұралар. Бұл жәдігерлер ата-бабаларымыздың шеберлігі мен дүниетанымын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп отыр. Ұлттық құндылықтарды сақтау және насихаттау – тарихи мұрамызды құрметтеудің маңызды көрініс.

Қазіргі Қызылорда облысының аумағында миллиондаған жыл бұрын динозаврлар мекендеген. Олардың сүйек қалдықтары Арал теңізі маңындағы Бостан түзілімі мен Шах-Шах шатқалынан табылған. Бұл жаңалықтар өңірдің палеонтологиялық маңызын арттырды.

Табылған динозаврлардың ішіндегі ең танымалы – Аралозавр. Ол шамамен 94-90 миллион жыл бұрын өмір сүрген, ұзындығы 8-9 метрге жеткен ірі шөпқоректі динозавр болған. Сонымен қатар Қызылорда жерінен жыртқыш дромеозавридтер мен құстарға ұқсас каенагнатидтердің қалдықтары да анықталған. Бұл деректер ежелгі дәуірдегі табиғат әлемін зерттеуге үлкен мүмкіндік береді.

Қазақтың ою-өрнектері, сандықтары, кілемдері мен самаурындары халқымыздың тұрмысын, мәдениетін және рухани дүниесін танытатын асыл мұралар болып табылады. Ал Қызылорда өңірінен табылған динозавр қалдықтары өлкенің табиғи тарихының қаншалықты бай екенін көрсетеді. Осындай құндылықтарды зерттеп, насихаттау арқылы өткенімізді тереңірек танып, ұлттық мұрамызды келер ұрпаққа жеткізе аламыз.

Анар БОРАНБАЙ,
Бағым ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ,
Гауһар АБАТ,
Бексұлтан АҚБИСЕНО

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!