Түркістан облысының Састөбе кентінде ата-аналар мемлекеттік балабақша қымбаттағанына наразылық танытуда. Айтуларынша, мұнда бұған дейін балаларға көгерен нан, тіпті құрт шыққан тағам ұсынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ата-аналардың айтуынша мекеме бағаны бірден 70 пайызға көтерген. Соған қарамастан, бөбекжайдың тамағы мардымсыз, бүлдіршіндерге жайлы жағдай жасалмаған. 

Жаз басында ата-аналар балабақша асханасындағы сұмдықты көріп, шу шығарған. Нәтижесінде аспаз бен қоймашы тәртіптік жазасын арқалап, кейіннен өз еріктерімен жұмыстан кеткен. Дегенмен ата-аналардың айтуынша, асханадан бастап, әжетханаға дейінгі жағдай өзгермеген. 

“Кейбір дәретханаларда тіпті су ақпайды. Олар шелекпен су алып солай ағызады. Ал әжетхана иісінен ол жерге кірудің өзі мүмкін емес”, – деді Алина Попова. 

Ата-аналар ғимараттан қыс бойы бүлдіршіндер тоңып ауырып қалатынын алға тартты. Одан бөлек, беті-қолды жуатын судың да жоқ екенін тілге тиек етті. 

Қазір мұнда бір балаға ақыны 14 мың теңгеге жуық көтерген. Ал кенттегі жекеменшік бөбекжайлар оның жанында бір балаға бағаны 7 мың теңге қалпында сақтап тұр.

“Біз үшін бағаның 8 мыңнан асырғаны өте қиын боп тұр. Жағдайы төмен отбасылар, жалғызбастылар, мүгедектігі бар, көпбалалы отбасылар көп. Сондықтан өте қиын боп жатыр. Өйткені мына 8 мыңның өзін екі айлап, үш айлап төлей алмай жатқандар бар”, – деді ата-ана Зульфия Қосалиева

Ал аудан басшылығы төлемақыны бөбекжайдың қажеттіліктері үшін көтергенін түсндірді. Себебі бұрынғы баға бүлдіршіндердің тамағынан артылмайды екен.

“Ата-ана баласының тек тамағына ғана төлейді. Ал бала басына мемлекеттен бөлінетін 47 325 теңгені 267-ге көбейтсек, онда санаулы миллиондар шығады. Оның ішінде қызметкерлердің жалақысы, санаттарына байланысты төленеді. Мекеменің салығы бар, коммуналды қызмет ақысы бар. Содан сәл артылған ақшаға біз мынау тазалық құралдарын, ыдыстарды жуатын, балалардың төсек-орнын жуатын ұнтақтар секілді заттар аламыз”, – деді «Қарлығаш» мемлекеттік балабақшасының меңгерушісі Ақмарал Бөрлібаева.

Ата-аналардың наразылығынан соң осы айға төлемақы бала басына 8 мың теңге күйінде қалатын болды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!