Комикс мәдениеті ХХ ғасырда әлемдік деңгейде қарқынды дамып, жасөспірімдер мен жастар арасында кең танылды. Егер Америка Құрама Штаттары «Marvel» және «DC» туындылары арқылы суперқаһармандар туралы хикаялар бүкіл әлемнің назарын жаулап алса, Күншығыс елі – Жапония терең философиялық ой толғайтын, ақ пен қараның күресін бейнелейтін манга жанрымен танымал болды. Бұл елдерде комикс – жай ғана сурет емес, ол жылдар бойы қалыптасқан мәдениет. Ал бізде кейінгі он жыл көлемінде бұл өнердің шығармашылық толқыны пайда болды. Жаһандану заманында ақпаратты қабылдаудың формасы өзгерді, ал визуалды контент бірінші орынға шықты. Бүгінгі таңда қазақша комикстер – бұл тек сурет кітапшалары емес, бұл ұлттық кодты, тарихты және заманауи мәселелерді жастар тілінде жеткізетін, олардың санасына тікелей әсер ететін қуатты медиа-құралға айналды.

Қазіргі қазақстандық креативті индустрияда дәстүрлі құндылықтар мен озық технологияны, тарих пен digital-өнерді ұштастыра білген жандар санаулы. Солардың қатарында ерекше қолтаңбасымен дараланатын тұлға – талантты digital-суретші әрі ұстаз Магира Тілеубердина бар. Ол тек әдемі суреттер салып қана қоймай, қазақ мәдениетін жаңаша пайымдау арқылы қоғамдық санаға әсер етіп жүр десек артық болмас.

Ұлттық рухтың жаңа тынысы

Қазіргі таңда оның қаламынан туған «Мерген», «Аяз апа», «Махаббатқа толы mood» секілді комикстері жарық көріп, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Әр туындының өзіндік ерекшелігі мен айтар ойы бар. Мәселен «Мерген» комиксі – бұл жай ғана батырлық дастан емес, қазақ тарихы мен мифологиясына негізделген терең визуалды хикая. Автор мұнда батырлар жырындағы эпикалық сарынды заманауи экшн жанрымен шебер үйлестірген. Оқырман «Мергенді» парақтай отырып, қазақ даласының кеңдігін, батырлардың өр рухын және халқымыздың ежелгі наным-сенімдерін сезінеді. Бұл – жастарға тарихты қызықты визуалды тіл арқылы үйретудің таптырмас құралы. Ал «Аяз апа» – атауының өзі қызығушылық тудыратын, ерекше концептуалды туынды. Дәстүрлі «Аяз ата» түсінігіне креативті көзқараспен қарай отырып, Магира оқырманға мүлдем жаңа, жылы әрі қызықты образ ұсынды. Неге қысты біз тек Аяз атамен байланыстырамыз? Қазақ қоғамындағы әжелердің рөлі, олардың мейірімі мен даналығы осы кейіпкер арқылы көрініс табады. Бұл комикс қалыптасқан гендерлік стереотиптерді бұзып, ертегілер әлеміне басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар автор заманауи жастардың тыныс-тіршілігінен де тыс қалмайды. Оның «Махаббатқа толы mood» жинағы – жастар арасында кеңінен таралған, заманауи қарым-қатынас, сезім және күнделікті өмірдің сәттерін бейнелейтін комикс. Мұндағы кейіпкерлерден әрбір қазақ жасы өзін көре алады.

Магира Тілеубердина өз туындыларында қазақ мифологиясын, ұлттық киім үлгісіндегі стильді, ою-өрнектер мен тарихи детальдарды қолдану арқылы оқырманды біздің елдің ерекшеліктерімен таныстырады. Оның кейіпкерлері батыстың кейіпкерлеріне еліктемейді, олар – өз топырағымыздан жаралған, қаны қазақ, жаны қазақ кейіпкерлер.

Ұлттық рухтың жаңа тынысы

Автордың өзі бұл туралы: «Бұл шеберліктің негізгі мақсаты – еліміздегі комикс саласын дамыту, оны жаңа деңгейге көтеру. Екіншіден, жастарымыздың назарын тарихи тұлғаларға аудару. Біз батырларымыздың бейнесін құр сөзбен емес, сурет арқылы, сол комикс арқылы көрсетіп, олардың рухын жас ұрпақтың санасына сіңіргіміз келді», – деп атап өтті.

Бүгінгі әлеуметтік желі мен интернет дәуірінде ақпаратты визуалды қабылдау басымдыққа ие. Осындай кезеңде Магира Тілеубердина сияқты суретшілердің еңбегі орасан зор. Олар қазақ комиксін тек ермек ету құралы емес, тәрбие мен білімнің, патриотизм мен эстетиканың қайнар көзіне айналдырып отыр.

Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!