Уақыт керуені алға жылжыған сайын ұрпақ тәрбиесінің моделі де түбегейлі өзгеріске ұшырады. Сан соқтырған санды заман баланың тілін, мінезін біраз өзгеріске ұшыратты. Бүгінгі баланың даму бағыты қайда барады? Несімен ерекшеленеді? Ата-ана нені қаперден шығармауы керек? Бірге тарқатайық.

АҚШ-тағы Педиатрия академиясының зерттеуіне сәйкес, 2 жасқа дейінгі балалардың экран алдында өткізген әрбір 30 минуты тілдің даму тежелу қаупін 49%-ға арттырады. Экраннан келетін ақпарат – монолог. Ал баланың миы сөйлеуді үйрену үшін «реакция-жауап» принципіне негізделген диалогты талап етеді. Цинциннати балалар ауруханасының докторы Джон Хаттон жүргізген МРТ зерттеулері экранға көп қарайтын баланың миындағы тіл мен сауаттылыққа жауап беретін «ақ заттың» дамуы нашар болатынын дәлелдеген. Ал бізде екі баланың бірі телефонға тәуелді. Бұл баланың сөйлеу дағдысына қатты әсер етеді. Аталған мәселе туралы білу үшін логопед Күнімкүл Майорқызынан пікір алған едік.

– Бүгінгі таңда ең үлкен қауіп – бала тілінің кеш шығуы. Бұрын 2 жастағы бала еркін сөйлеп, өз ойын жеткізе алса, қазір бұл жастағы баланың көбі тек дыбыс шығарумен шектеледі. Мұның басты себебі – экранға байлану, – дейді маман.

Экран – бұл монолог. Бала «YouTube» немесе «TikTok» көргенде тек қабылдаушы болады. Оған жауап берудің, диалогқа түсудің қажеті жоқ. Ми «ақпаратты алдым» деп есептегенімен, сөйлеу аппараты, яғни ерін бұлшықеттері мен артикуляция жаттықпайды. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, 1950 жылдары бала күніне орта есеппен 30 мың сөз еститін болса, қазіргі гаджет заманында бұл көрсеткіш 10 мыңға да жетпейді. Тілдің шықпауы – тек физиологиялық емес, әлеуметтік оқшауланудың нәтижесі.

Бұрынғы балалардың ойыны қимыл-қозғалысқа негізделген. Ұлдар асық ойнап, саусақ ептілігін арттырса, қыздар резеңкеден секіріп, доп ойнап, физикалық тұрғыда белсенді болатын. Қазіргі бала құммен ойнамайды, моншақ тізбейді, пластилин илемейді. Оның бүкіл моторикасы – экрандағы видеоны алма кезек өткізу.

Күнімкүл Майорқызының айтуынша, мидың сөйлеу орталығы мен қолдың ұсақ моторикасын басқаратын орталық қатар орналасқан. Саусақ жұмыс істемесе, тіл де «жалқауланады». Табиғаттан алшақтау, таза ауада жүгірмеу және физикалық күштің жұмсалмауы баланың жалпы даму тежелуіне әкеп соғады.

Қабілет те, қарым-қатынас та өзгеріске ұшырады. Баланың мінезі де бір орында қалмады. Десе де маманның пайымдпуынша, бұл ата-анаға да байланысты дүние. Ендеше баланың мінез құлқы туралы педагог Назым Алиаскарқызының пікіріне зер салсақ.

– Қазіргі балалар сабырсыз, оларда еркелік басым. Мұның себебі – ата-ананың «балам жыламаса болды» деген ұстанымында. Ата-ана балаға телефонды қолдануға шектен тыс рұқсат береді. Кейін баланың зейіні тұрақсызданады. Балабақшадағы бір топта 25 бала бар. Олардың бәрін оқыту оңай емес. Ата-ана тарапынан көмек ретінде бала үйде де күн тәрбіне сәйкес жүрсе, моторика сияқты қабілеттерді алға тартса біздің жұмысқа демеу болар еді, – деді Назым Алиасқарқызы.

Маман шетелдің ойын бағдарламасы туралы да атап өтті. Балаларға ұлттық тәрбие беру – басты назарда. Себебі басқа елдің мәдениетіне сай жасалған ойын түрлері біз үшін жарамсыз. Тіл шұбырланады, ұлттық құндылық дәріптелмейді. Тіл демекші, баланың сөйлеуі де анық емес екенін жасыра алмаймыз. Қазақ қоғамындағы тағы бір мәселе – тілдік ортаның араласуы. Үйде – қазақша, көшеде – орысша, ал телефонда – ағылшынша. Күнімкүл Майорқызының айтуынша, 3 жасқа дейінгі баланың миы мұндай ақпараттық ағынды ажырата алмай, үнсіз өтеді. Бұл – мидың өзін-өзі қорғауы. Бала қай тілде сөйлеу керек екенін білмей шатасады. Соның салдарынан ойын жеткізе алмай, ашуланшақ, тұйық болып өседі.

Маман үшін әр бала – үлкен жауапкершілік. Бірақ ата-ананың да уайымы бар. Көпбалалы ана Шолпан Байходжаева бұл туралы өз ойын айтқан еді.

Оның 19 жыл жас айырмашылығы бар балалары екі түрлі әлемде өсті. Тұңғыш қызы қиындықтармен, жоқшылықпен бірге ержетіп, өмірдің қадірін ерте түсінсе, кенже ұлы баршылық пен берекенің ортасына келді. Материалдық жағдай жақсарған сайын, ата-ана балаға бәрін бергісі келеді. Шолпанның айтуынша, баланың мінезі тек жасқа емес, оның табиғаты мен өскен ортасына байланысты. Балалардың мінезіндегі ерекшелік – бұл генетика мен тәрбие. Бірақ қазіргі балалардың «дайын асқа тік қасық» болып өсуіне қоғамдағы молшылық пен ата-ананың шектен тыс қамқорлығы әсер етіп отыр. Оған әлі де ананың жылы дауысы, әкенің қолдауы және құммен ойнайтын еркіндік керек. Біз технологиядан қаша алмаймыз, бірақ технологияның баланы «тұтқынға» алуына жол бермеу керек.

Материалдық береке мен цифрлық мүмкіндіктер баланың тілі мен жанын кедейлендірмеуі тиіс. Кешегі мен бүгінгі баланың айырмашылығы – тек технологияда емес, біздің оларға деген көзқарасымызда. Гаджетті сылтау еткенімізбен, баланың тәрбиесіне жауапты ең алдымен ата-ана. Баланың саусағы ойнап, тілі сайрап, зейіні тұрақты болуы үшін уақытымызды ғана емес, жанымызды да беруіміз керек. Заман қанша өзгерсе де, баланың тірі сөзге, ата-ананың мейіріміне және дұрыс ойынға деген қажеттілігі ешқашан өзгермейді.

М.НИЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!