Жаңақорған аудандық сотында БАҚ өкілдерінің қатысуымен 2020 жылдың қорытындысы бойынша онлайн режимінде баспасөз конференциясы өткізілді.
Шара барысында аудандық сот төрағасы Ә.Түбекбаева 2020 жылдың 12 айында атқарылған жұмыстар жайлы баяндады.
Аудандық сот өндірісінде 2020 жылдың 12 айында 77 адамға қатысты 65 қылмыстық іс, 587 азаматтық іс, 573 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралып, аяқталған.
Қылмыстық істер бойынша 65 адамға қатысты 53 үкім шығарылған. 10 адамға қатысты іс тоқтатылған. Оның ішінде 7 қылмыстық іс сотталушылардың жәбірленушіге келтірілген залалды өтеп, медиация тәртібімен татуласуына байланысты тоқтатылған.
Сот өндірісінде ең көп қаралған қылмыстық істерді есірткінің заңсыз айналымына қатысты істер құраған. Есепті мерзімде аталған санатта 16 қылмыстық іс қаралып, үкім шығарылған.
Онан кейінгі кезекте мал ұрлығына қатысты қаралған істер. Бұл санат бойынша 8 адамға қатысты сот үкімі шығарылған.
Азаматтық істер бойынша 348 іс бойынша шешім шығарылып, 68 іс тоқтатылған, 88 сот бұйрығы шығарылған. 155 іс оңайлатылған тәртіппен қаралған.
42 іс медиация тәртібімен, 8 дауды партисипативтік рәсім тәртібімен, яғни тараптардың адвокаттарының жәрдемдесуімен шешіліп, 4 іс бойынша татуласу келісімдері бекітілген.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша есепті кезеңде 477 әкімшілік іс бойынша жаза қолданылып, 95 іс тоқтатылған. 271 тұлғаға әкімшілік айыппұл, 169 адамға әкімшілік қамаққа алу, 21 адамға арнайы құқықтан айыру, 16 адамға ескерту жасау түріндегі жазалар қолданылған.
65 іс тараптардың татуласуына байланысты, 8 іс өзіне қатысты іс жүргізіліп жатқан тұлғаның әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты, 9 іс әкімшілік жаза жауаптылыққа тарту мерзімінің ескіруіне байланысты, 2 іс заңның күшін жоюына байланысты тоқтатылған.
Қазіргі таңда аудандық сотта соңғы өзгерістерге сәйкес сот жүйесін жаңғырту аясында тараптарға смартфонға жүктелген «TrueConf» қосымшасы көмегімен қашықтан сот отырысына келмей-ақ, бейнебайланыс арқылы қатысуға мүмкіндік беретін «SMART сот» пилоттық жобасы жақсы нәтижелі жұмыс жасауда.
Баспасөз конференциясын қорытындылай келе сот төрағасы алдағы уақытта да сот төрелігінің сапасын арттыруға, сот жүйесін нығайтуға барлық шаралар қолданылатынын атап, баспасөз өкілдерінің туындаған сұрақтарына жауап бере отырып, алғысын білдірді.

Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі