Туған жерден түлеген талай жастың тасада қалмай, «елінің елеулісі, халқының  қалаулысы» болып жүргеніне сырбойылықтар дәлел. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары да ел болашағына үлесін қосып, әкесінің емес, адамның баласы болуға ұмтылған аза­маттар баршылық. Соның бірі – қазыналы Қазалы ауданының тумасы, «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС Стратегиялық дамыту қызметінің жетекшісі, «Мәдениет қайраткері», түрлі өнерді бір бойына жиған радиожурналист, диктор Мұхамедияр Рашаймен сұқбаттасудың реті түсті.

– Бала Мұхамедияр туралы айтып өтсеңіз…

– Балалық шағым ауылда өтті. Мектепке балалармен бірдей 1 қыркүйек күні бармай, 24-інде алғаш партаға отырғаным есімде. Кешігіп баруыма себеп жасымның жетпеуі болатын. Ата-анама «енді балабақшаға бармаймын» деп қиғылық салыппын.

Білім ордасында гуманитарлық пәндерге жақын болдым. Қазақ әдебиетінен сабақ берген Нәзен апайымды ерекше атап өткім келеді. Менің шығармашылық қабілетімді пайымдап, болашақ мамандыққа бағыттаған сол кісі еді. Жалпы осы күнге дейін қандай да бір биік дәрежеге, абыройға ие болсам, соның бәрі ауылдағы ұстаздарымның арқасы.

Қазалы ауданына ғана емес, республикаға танымал Ізеевтер әулетіндегі Айзада Шамшыраққызы. Ол кісі түрлі облыстық, республикалық байқауларға апарып, ауыл баласының жарыққа шығуына мұрындық болғанымен қоса, маған микрофон, сахнамен жұмыс істеуді үйретті. Мектептегі, өнердегі аяулы ұстаздарыма алғысым шексіз.

– Тәуелсіздікке дейінгі және кейінгі Қазақстанды қалай сипаттауға болады?

– Тәуелсіздіктің құрдасы болмасам да, сол тұста ес білген бала едік. Менің балалық шағымда барлық қажеттілігім қамтамасыз етіліп, керектінің бәрі бар болғанымен, еркіндігі жоқ қоғамда өмір сүрдік. Шын мәнінде сол тұста киерге киім, екі қолға бір күрек таппай қалған кездер болған. Бірақ «біз еркін елміз, тәуелсізбіз» деген ішкі тебіреніс материалдық жоқшылықты аса сездірген жоқ. Еркіндікті ес білгенде сезіндік. Сондықтан дейінгі мен кейінгінің айырмасы – еркін қоғамда, «Жаңа Қазақстанда».

– Мамандық таңдауға мұрындық болған кім?

– Мамандықты таңдауға белгілі бір адам әсер етті дей алмаймын. Тәуелсіздік алғаннан кейін жандана түскен телевизия саласының алғашқы қарлығаштары Дана Нұржігіт, Қымбат Досжан секілді аға буынның телеарналардан тәуелсіз жаңалық таратуы мамандығыма мұрындық болды. Сол кезден бастап журналист болуды армандадым.

Бірақ алғашқы үш қызметімнің де журналистикаға қатысы жоқ. Он алты жыл өнер саласында жүріппін. Қызметім 2000 жылдары Жамбыл облыстық филармониясының «Алатау» аудандық ән-күй ансамблінен басталды. 2012 жылы 1 қараша күні «Қазақ» радиосы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласынан алғашқы хабарын таратты. Сонда бес жылдай таңғы бағдарламаны жүргізіп, кейіннен телевизияға ауыстым. Бұл жағынан, тәжірибем болмаса да, қолыма үлкен шоқпар ұстатқан Дана Нұржігіт «Дара жол» бағдарламасын маған тапсырды. Кейіннен продюсер ретінде «Дара бала», «Баламен бетпе-бет» деген жобаларды іске асырдық. «Абай» арнасындағы «Жәдігер» деп аталатын 60 сериялық жобаны түсіріп, халыққа ұсынудамыз. Қазіргі сәтте «XXI ғасыр көшбасшысы» сынды интеллектуалдық бағдарламаға жетекшімін.

– Қазақ тиран ұлт емес сияқты. Бірақ неге тұрмыстық зорлық-зомбылық, балалар, әйелдерге жәбір көрсету үдемесе, тоқтамай тұр?

– Жаңа ұрпақ ақпарат айдынында өмір сүруде. Зорлық-зомбылықтың көп болып көрінуіне әлеуметтік желіде түрлі ақпараттардың жылдам тарауы да әсерін тигізуде. Сонымен бірге отбасыда «ене», «ата-ана» институтының жоғалып бара жатқаны да бір себеп. Осындай отбасылық құндылықтарды қайтармасақ, тиранға айналамыз. Ғалымдар отбасы институтын зерттеп, осы бір мәселенің шешілу жолдарын ұсынуы тиіс. Тәрбие мен отбасы құндылықтарын қайта қарауымыз қажет.

– Абай сипаттаған қазақ өзгере қоймаған сияқты. Бүгінгі қазақ қоғамын бір сөзбен сипаттасаңыз…

– Қазіргі қазақ қоғамы үлкен өзгерістердің үстінде. Біз дәстүрлі өмір сүру салтымызды заманауи үрдіске лайықтап, кей тұсын өзімізге сіңдіре алмай, кей тұста асып кетіп жатқанымыз жасырын емес. Қазақ қоғамы «алтын ортаны» таба алмай жатқандай боп көрінеді. Бірақ алдағы көштің дұрыс бағытқа жүретініне сенімім мол. Өйткені, тәуелсіздік алғаннан кейінгі ұрпақтың ойлауы, қабылдауы басқа. Тек аға буын соны бір қалыпқа салып жіберсе, өзгерген, сауатты, саналы қазақ қоғамы қалыптасады. Қазіргі жастардың атқарған істерін көріп, сүйсініп отырамын.

«Көздерiнде от ойнар,

Сөздерiнде жалын бар,

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемiн!» – деген Мағжанша мен жастарға сенемін. Тек тұтас мемлекет болып жастарды қолдау керек.

– Қазір немен айналысып жүрсіз?

– Соңғы уақытта телевизиялық жобалар, деректі фильмдермен айналысудамын. Бәсекеге қабілетті жастарды іріктейтін бағдарламаларды жасауға көңіл бөлудеміз. Осы бағытта ізденіс үстіндеміз. Тың жаңалық ашу мақсат емес, бастысы, көшке қосар толқын, жастар білімді болса, соларды ертерек көпшіліктің, қоғамның алдына алып шықсақ деген ниет бар. Талантты, білімді жастарға мүмкіндік сыйласақ, одан артық мәртебе жоқ.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!