Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

KAZINFORM – Атыраулық тұрғын 2 тонна дизельдің литрін 100 теңгеден сатамын деп жалған жарнама берген. Күдіктіге қатысты алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, күдікті WhatsApp мессенджеріндегі чатта хабарландыру жариялаған.

«Төтенше жағдайға байланысты WhatsApp мессенджерінде ашылған чаттардың бірінде ер адам 2 тонна дизельдік отынның литрін 100 теңгеден сататыны жөнінде жарнама жасаған. Атырау қаласының 43 жастағы тұрғыны су тасқынына бөгет салу жұмыстарына топырақ таситын КамАЗ жүк көлігіне құю үшін сатып алуға келісіп, күдіктіге 100 мың теңге көлемінде ақша аударған. Кейін алданғанын біліп, полицияға арызданды», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. 

Осы дерекке байланысты полиция департаменті кибер қылмысқа қарсы күрес тобының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шарасын жүргізді. Алаяқтық әрекетіне барған 33 жастағы күдіктіні ұстады.

«Қазір күдікті өз кінәсін толық мойындады. Күдіктіге қатысты «Алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!