Фото: көрнекі сурет / bulak.kg

Қызылорда қаласының №2 соты терминал ұрлығына байланысты қылмыстық іске қатысушыларға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалғанын мәлімдеді.

Деректерге сүйенсек, сотталушы У. тергеумен анықталмаған Б. есімді азаматпен сөйлесіп, өзінің қаражаттан қысылғанын алға тартып, ұрлық жасауға келіскен. Дәріхананың есігін электрлі бұрғымен бұзып кіріп, терминал құрылғысын және дәріхана ақшасын жымқырған. Әрі қарай терминал құрылғысының есігін бұзып, ішіндегі ақшаны иемденіп, қылмыс ізін жою мақсатында терминалды Сырдария өзеніне лақтырып жіберіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Нәтижесінде, «A» ЖШС-не 545 100 теңге мүліктік шығын келген.

Сотталушы У. өзінің қылмыстық іс-әрекетін жалғастырып, танысы сотталушы Қ.-мен алдын ала келісе отырып, жоғарыда аталған қылмысты қайталап, тағы да оқиға орнынан бой тасалаған. Қылмыстық іс-әрекет салдарынан «A» ЖШС-не 392 620 теңге мүліктік шығын келген.

Сот талқылауында сотталушылар тағылған айыптарды мойындап, өз әрекеттеріне өкінетіндерін жеткізді.

Сот үкімімен сотталушы У.  Қазақстан Республикасының ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі 2), 3)-тармақтарымен кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сотталушы Қ. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі 3)-тармағымен кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!