Көздің тартуын әркім әрқалай түсінеді. Ырымға сүйеніп, не қуанамын, не мұңаямын деп топшылайтындар да бар. Алайда көздің тартуы сіздің жүйке жүйеңіздің тозғандығынан болуы мүмкін деп жазады KAZ.NUR.KZ.

«Қазақтың этикасы мен эстетикасы» кітабындағы мәліметтерге сүйенсек, дене мүшелерінің жыбырлауы да ырымның арқауы көрінеді. Адам оң қабағы тартса «қуанамын, бір игі хабар естимін» деп, жақсылыққа бейімдейді. Ал сол қабақ тартса «бір жайсыз жағдай болар» деп іштей үрейленеді. Қабағына сілекей жағып: «Жамандықтан сақтай гөр!» деп тілейді. Мүсәпірлерге садақа береді.

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей шектен тыс, шындыққа жанаспайтын ырым-тыйымдар да кездеседі. Мәселен оған «оң көзің тартса қуанасың, сол көзің тарса мұңаясың, қара мысық алдыңнан өтсе жолың болмайды» сияқты ырымдарды жатқызады.

Сол көз тартса не болады?

Кейбір астрологтар рухани тұрғыдан алғанда сол көздің тартуы жеке өміріңіздегі немесе кәсібіңіздегі сәтсіздіктің белгісі болып саналады дейді. Себебі сол көз ішкі түйсікті, шығармашылықты және парасатты, сананы бейнелейтін көрінеді.

Үнді жазбаларында көздің тартуы болашақ оқиғаларды болжау үшін маңызды белгі ретінде қарастырылады, бірақ бұл әдетте ер адамдар үшін бақытсыздықты білдіреді. Үндістанның батысындағы көптеген ырым Африкада пайда болған және оны отаршылдық кезінде құлдар әкелген деседі. Тринидадтықтар көздің тартуын «көздің секіруі» деп атайды және олар сол көздің тартуы мынаны білдіреді деп есептейді:

  • Жақында сіз жағымсыз жаңалықтарды естисіз.
  • Жақын адамыңыз қиындыққа тап болуы мүмкін.
  • Біреу сен туралы жаман сөздер айтады.

Көпшілігіміз шын мәнісінде көздің не үшін тартатынын біле бермейміз. Segodnya.ua басылымындағы ақпаратқа сүйенсек, егер сіздің жүйкеңіз шаршаса көзіңіз тартады. Ал жүйке жүйеңізге артық күш түсірудің арты стресске әкеп соғады.

Жағымсыз әсерден арылғыңыз келсе, ойыңызды тазалап, өкпе-реніш, дау-дамайдан аулақ болыңыз.

Сонымен қатар ағзаңыз шаршаса да қабақ тартылуына тап боласыз. Дұрысы, ағзаны демалдыру қажет, уақытылы ұйқы, уақытылы тамақтану, басқа ағзалардың қызметіне зиян келтірмеу керек.

Көздің тартуын дәрігерлер қалай түсіндіреді?

Көздің бұлшықетінің жиырылуын дәрігерлер қабақтың миокимиясы деп атайды. Бұл жағдай көбіне көздің саулығына байланысты болмауы мүмкін. Оған себеп ретінде күйзеліс, шамадан тыс жұмыс істеу немесе жүйке жүйесіне түсетін артық жүктеме болуы ықтимал. Мұндай жағдайда жүйке жүйесі өз әсерін әртүрлі жолдармен жеткізуге тырысады.

Қабақтың жиырылуының тағы бір себебі аз ұйықтау немесе алкоголь мен кофеинді көп тұтыну болуы мүмкін. Алкогольдік ішімдіктер жүйке талшықтарының жұмысын бұзып, кофеин бұлшықеттердің сезімталдығын арттырады.

Сонымен қатар бұл жағдай жүйке жүйесіне қатысты аурулармен де байланысты болуы мүмкін. Мұндай мәселені шешу үшін оның себебін анықтау маңызды. Мысалы алкоголь мен кофеинді азайтып, ұйқыны дұрыстау, күйзеліс тудыратын жағдайлардан аулақ болу немесе компьютермен жұмыс істегенде үзіліс жасау көмектесе алады. Егер бұл шаралар нәтиже бермесе, мәселенің анық-қанығын зерттеу үшін маманға жүгіну қажет.

Тағы бір себебі, көзіңіздің шаршауынан болуы мүмкін. Ұзақ уақыт компьютер алдында отыру, қараңғы жерде кітап не газет оқу, уақытылы ұйықтамау қабақтың айналасындағы бұлшықеттерге артық күш түсіреді.

Сондай-ақ конъюнктивит сияқты көз ауруының кесірінен де жайсыздықты сезінуіңіз мүмкін. Бұл жағдайды көздің мөлдір қабаты қабынады. Көзге бір нәрсе түсіп кеткендей сезінесіз. Сөйтіп, көзіңізді қайта-қйта жыпылықтатасыз, бұл көзге шамадан тыс күш түсіреді. Мұндай жағдайда тездетіп дәрігерге қаралған жөн.

Қан қысымының жоғарылауы және ми қан айналымының бұзылысы кезінде қабақ тартуы мүмкін. Сондықтан невролог маманға қаралған жөн.

Ырымға сеніп, өз денсаулығыңызға өзіңіз бей-жай қарамаңыз! Сіз ырымға сеніп жүргенде денсаулығыңызды, көру қабілетіңізді айтарлықтай нашарлатып алуыңыз әбден мүмкін.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!