фото: obshe.net/ашық дереккөзден алынды
Тарих беттерін парақтасақ, ел тағдырын өзгерткен тұлғалардың қатарынан көбіне ер азаматтардың есімін көреміз. Патшалар, қолбасшылар, елшілер, министрлер… Ал әйел есімі көбіне сарай өмірімен, отбасы тарихымен немесе махаббат хикаясымен ғана байланыстырылады. Десе де келіссөз үстелінде ел тағдырын өзгерткен әйелдер де болды. Олар қолына қылыш емес, сөз алды. Сол сөз кейде тұтас мемлекетті сақтап қалды.
Иә, әлемдік саясатта түрлі мемлекеттің тағдырын әскери күш емес, келіссөз шешкен сәт аз болған жоқ. Ал сол келіссөздердің арғы жағында кейде ақылымен, кейде сабырымен, кейде саяси көрегендігімен бүтін бір елдің мүддесін қорғаған әйелдер тұрды. Олар ресми түрде «дипломат» атанбаған кезеңнің өзінде халықаралық саясаттың бағытын өзгерте білді.

Ерлермен қатар ел тағдырына араласып, хандықтың ішкі-сыртқы саясатына ықпал еткен дана әйелдің бірі – Бопай ханым. XVIII ғасыр қазақ халқы үшін ең ауыр кезеңдердің бірі еді. Жоңғар шапқыншылығы, Ресей империясының ықпалы, көрші хандықтармен күрделі қарым-қатынас… Осындай аумалы-төкпелі заманда Әбілқайыр ханның жанындағы ең сенімді кеңесшілердің бірі оның жары Бопай ханым болды. Ол тек отбасының ұйытқысы ғана емес, саяси мәселелерге белсенді араласқан, елшілік істерге қатысқан, көрші мемлекеттердің билеушілерімен хат алмасқан көреген тұлға ретінде тарихта қалды. Кейбір тарихи деректе оның Ресей әкімшілігіне бірнеше мәрте ресми хат жолдап, қазақ жұртының мүддесін қорғауға күш салғаны айтылады. Тapиxшы Лeвшин «Қыpғыз-қaзaқ нeмece қыpғыз-қaйcaқ opдacы мeн дaлacының қыздapы тypaлы жaзбa» aтты eңбeгiндe былaй дeйдi: «Бoпaй өзiнiң epeкшe aқылдылығымeн бүкiл Кiшi жүздiң құpмeтiнe бөлeнгeн жәнe oны бacқapyғa зop ықпaл eттi».

Ал бертін келе XX ғасыр әйелдердің халықаралық саясаттағы орнын түбегейлі өзгертті. Бұрын дипломатия ерлердің кәсібі саналса, енді әйелдер әлемдік келіссөздердің алдыңғы шебіне шыға бастады. Солардың бірі – Мадлен Олбрайт. Ол АҚШ тарихындағы алғашқы әйел мемлекеттік хатшы болды. Балқан түбегіндегі қақтығыстар, НАТО-ның кеңеюі, ядролық қауіпсіздік мәселелері сияқты күрделі келіссөздерде шешуші рөл атқарды. Олбрайттың: «Келіссөз үстелінде орын алмаған адам, шешім қабылдау үстелінде де болмайды» деген сөзі бүгінгі дипломатияның маңызын көрсетеді.

Мұсылман әлеміндегі жаңа бетбұрыс. Беназир Бхутто мұсылман мемлекетінде премьер-министр болған алғашқы әйел ретінде тарихқа енді. Ол халықаралық аренада Пәкістанның беделін көтеруге, көрші мемлекеттермен диалог орнатуға және елдің әлеммен байланысын нығайтуға күш салды. Қазіргі дипломатияда аты ерекше аталатын тұлғалардың бірі – Ангела Меркель. Ол өзін эмоциямен емес, есеппен әрекет ететін саясаткер ретінде көрсетті. Еуропалық одақтағы дағдарыстар, Ресеймен қарым-қатынас, миграциялық мәселелер, халықаралық санкциялар сияқты күрделі тақырыптарда Меркель мәмілеге келудің үлгісін көрсетті. Саясаттанушылар оны «үнсіз дипломатияның шебері» деп бекер атамайды. БҰҰ мінберіндегі алғашқы әйел Виджая Лакшми Пандит та халықаралық дипломатия тарихында ерекше орын алады. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы президенті болған алғашқы әйел ретінде әлемдік саясатқа жаңа көзқарас әкелді.

Саясаткерлер мен дипломаттардың алдын орап, қайсар мінезімен ел жадында қалған батыр қыздардың бірі − Балжан Бөлтірікова. 1921 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қасық аумағында дүниеге келген. 1949 жылы Қазақ КСР орта және бастауыш мектептері қызметкерлері кәсіподағының Орталық Комитетінің төрағасы болып сайланды. 34 жасында Қазақстанның әлеуметтік қамсыздандыру министрі лауазымына тағайындалған. Тарихқа үңілсек, ол кезеңдерде нәзік жандардың басқарушы лауазымына тағайындалуы сирек кездесетін жағдай екен. Ол 1955 жылдан бастап өмірінің 11 жылын республиканың әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі жұмысқа арнаған.
Балжан Бөлтірікқызы − 1966-1971 жылдары Қазақ КСР-інің Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Еңбегінің нәтижесінде Сыртқы істер министрі лауазымына тағайындалды. Азия және Африка елдерінің халықтарымен ынтымақтастық комитеті, кеңес әйелдері комитеті жұмыстарына белсене қатысып, сыртқы саясат саласында биік белестерге қол жеткізді. Министрлік жұмысымен қатар ол БҰҰ Бас Ассамблеясының сессияларына үнемі қатысып, пленарлық отырыстарда ел атынан сөз сөйлеу мүмкіндігіне ие болған Қазақстанның алғашқы әйел дипломаты.
Ол туралы АҚШ-тың білікті саясаткері, бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджирдің өзі «Еркек дипломаттарды қалай да алдауға болады, бірақ әйел дипломаттардан қулығыңды асыру мүмкін емес. Дипломатия – білектіні бүгетін өнер», – деген.
Тарихты жасағандардың қатарында тек қолына қару ұстағандар ғана емес, қолына қалам алып, келісімге жол ашқан әйелдер де бар. Олардың есімі әрдайым алдыңғы қатарда аталмаса да, адамзаттың бейбіт болашағына қосқан үлесін ұмытпау – тарих алдындағы парыз. Бүгінге қысқаша айтарымыз – осы.
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!