(Сенсеңіз — рас, сенбесеңіз — өтірік әңгіме)
Қазір тәубә дейік, тәуелсіздігімізді алғалы салт-дәстүр, дін-тілімізді қалыптастырып келе жатырмыз. Тегімізді, ата-бабаларымызды зерттеп жазып жүрміз. Білген дұрыс та. Менің айтпағым- «Күн көсеміміз » болған өзіміздің атамыз Ленин жайлы еді.Шежіреге ден қойып, сонау найман Ақсопы бабамыздан бастау алған ұрпақтар жалғасын тізіп жазбай, Жанболат бабамызға төтелей келсем. Ол бабамыздың сегіз ұлы болғаны белгілі, оның ішінде кейін тоқсан ауыл болған Тоқабайдың батыр ұлы Атанның алты ұлы шежіреде бар да, қалмақ шешемізден туған Ұлан деген ұлы аталмай жүр. (Нағашы жұртына ерегесіп). Осы Ұланның енді Ресейге қалай барғанына тоқтала кетейін.Ресейге бодан болмайсыз деп соғысып жүрген бахадүр бабамыз Қожакелді бірде сарбаздарын жинапты. Содан Кенесары ханның жасағына кеңесе келе қосылу жайлы шешім қабылдайды. Енді мекен жайын біліп хабарласуға біреу бару керек. Сол шақтары ержүрек жас Ұланға бару жүктеледі. Ол Кенесарыға барып жолығып, қайтып келе жатқанда орыстарға тұтқынға түсіп қалады.Алғашында Омбының түрмесінде жатыпты. Шоқан Потанинге барғанда сөйлесіпті-міс. Кейін босатып аламын- деп жүргенінде, ары қарай Ұланды жер аударып жіберіпті. Содан көрмегенді көреді. Бірақ сүйегі асыл атамыз бәріне шыдайды. Орысша үйренеді. Бір-екі баласы бар, орыстың өңді бір келіншегіне үйленеді. Оған бірден шарт қояды. Қыз тапсаң есімін өзің қоя бер, ұлдарыма өзім қоямын- депті. Содан жасы 70-ке қараған шағында бір ұл өмірге келеді. Құлағына үш мәрте айғайлап «БАЛАМБІЛДІР» ( тегіңді біл) деп атын қояды. Ұлы 6-7 жасқа жеткенде өзі қайтыс болыпты. Дегенмен ұлының зердесіне бәрін сіңіріп, ұқтырып кетіпті. Ал орыс анамыз Баламбілдір Ұлановты Владимир Ульянов деп өзгертіп жібереді.
Себебі ақ патшаның қаһарынан сескенсе керек.Баламбілдір өсе келе әкесінің кегін қуып, ақ патшаға өшіккенінің аяғы не болғанын өздеріңіз білесіздер. Сонда үнемі ата- тегімді білемін деп айтып жүреді екен. Бірақ орыстардың арасында өскендіктен тілі келмей «Б- ЛЕМИН, Б-ЛЕМИН, ЕЛИМ » – дегенін жолдастары түсінбей ЛЕНИН деп атап кеткен екен. Қайтыс боларында Сталинді шақырып алып, – мені қазақ даласына апарып жерлеңдер-депті. Олда – жарайды- дей салыпты. Ленинге жұлдызы қарсы Сталиннің кейін қазақтарға жауласқаны да сол.Шынында да суреттеріне қарасаңыз, дөңгеленген қоңыр қой көзі, кере қарыс маңдайы, тілінің мүкістігі, бет пішіні қандай елдің баласы екенін аңғартып тұрғандай. Әттең бізге осы хикаяны жеткізген (әлі де зерттеуді қажет етеді) Үміт жеңгеміз (Надежда) құрсақ көтермей кеткені өкінішті. Жастайынан бейнетті көп көргендіктен денсаулығы болмай Ұлан атамыздың ұлы өмірден ерте озды. Енді он шақты жыл ғұмыр кешкенде Гитлердің өзі коммунист болар еді.Енді арттағы біз сияқты ұрпақтарының міндеті атамыздың сүйегін өз жерімізге әкелу. Таяуда Ресей думасының депутаты, Сарқыт Жындысүрей (жеңгелерінің қойған жанама аты) батырдың немересіне (Жириновскийге) хат жазып жібердім, -көмектес- деп. Сіздер оған қалай қарайсыздар?
Серік Зейнетайұлы Жұмат
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!