Жаз келсе болды, жас көңіл жаңа естеліктерді, жаңа тәжірибені қалап тұрады. Әсіресе, шетел жағалап, ел көруге құлшынысымыз оянады. Бұрын саяхаттау қиынның қиыны болса, бүгінде кез келген адам бір-екі айлық жалақысын жинап, қыдырып келе алады.

Бүгінде көпшілік «қай елге барған тиімді?» деген сұраққа жауап іздейді. Біреуге визаны қажет етпейтін мемлекет маңызды болса, енді біреуге арзан билет керек. Ал кей жастар үшін тарихи орындар мен ерекше атмосфера сезіну маңыздырақ. Осы орайда Қазақстан жастары арасында сұранысқа ие әрі қалтаға ауыр салмақ салмайтын бірнеше бағытты зерделеп көрдік.

Жастар арасында ең танымал бағыттардың бірі – Тайланд. Әсіресе Бангкок қаласы саяхатшылардың сүйікті мекеніне айналған. Себебі бұл елге Қазақстаннан виза қажет емес. Ал ұшақ билетін ертерек алсаңыз, Алматы, Астана, Шымкент немесе Ақтау қалаларынан тікелей рейспен барып-қайту шамамен 180 мың теңге көлемінде шығады. Үш жұлдызды қонақ үйдің бағасы 5-6 күнге орта есеппен 50 мың теңге шамасында. Тайландтың басты артықшылығы – арзан өмір сүру деңгейі. Көшедегі тағамдары да қолжетімді. Туристер көбіне Паттайя, Пхукет секілді жағажайлы аймақтарға асыққанымен, Бангкоктың өзі бөлек әлем. Биік ғимараттар мен будда храмдары қатар тұрған бұл қалада Азияның нағыз тынысын сезінесіз.

Тай асханасының дәмі, түнгі базарлар, түрлі-түсті көшелер, тук-тук көліктері – бәрі ерекше әсер қалдырады. Оның үстіне жастар үшін бұл елде еркіндік атмосферасы бар. Күндіз тарихи орын аралап, кешке өзен жағасында серуендеуге болады.

Көпшілік Жапонияны қымбат мемлекет деп ойлайды. Алайда кейінгі кездері бұл елге өз бетімен саяхаттау әлдеқайда тиімді секілді. Әсіресе, Осака бағыты жастар арасында танымал. Рейстерді ауыстыру арқылы барып- қайту билеті шамамен 220 мың теңге көлемінде. Ал 3 жұлдызды қонақ үй бағасы 100 мың теңгедей. Ең бастысы – Жапония визасы қазақстандықтар үшін тегін.

Жапония – бір мезетте болашақ пен өткеннің тоғысқан жері. Осака көшелерінде жүргенде бір жағынан алып неон шамдарын көрсеңіз, екінші жағынан ғасырлар бойы сақталған ғибадатханалар көзге түседі. Бұл елдің тазалығы мен адамдарының мәдениеті көп туристі таңғалдырады.

Еуропа мен Шығыстың ортасында орналасқан Әзербайжан да кейінгі жылдары жастардың сүйікті бағыты десек болады. Әсіресе, Баку қаласының түнгі өмірі мен әсем сәулеті арқылы туристерді өзіне тартады.

Бұл елге де қазақстандықтарға виза қажет емес. Тікелей рейспен барып- қайту шамамен 110 мың теңге көлемінде. Ал қонақ үй бағасы 60 мың теңге шамасында.

Баку көшелерінде серуендеген адам өзін бір мезетте әрі Дубайда, әрі ескі шығыс қаласында жүргендей сезінеді. Каспий теңізінің жағалауы, Flame Towers ғимараттары, көне Ичери-шехер ауданы – қаланың ең көрікті орындарының бірі.

Әзербайжан қазаққа да жақын халық. Тілі мен мәдениетінде ұқсастық көп. Сондықтан бұл елге барған жастар өзін бөтен сезінбейді. Асханасы да қазақ талғамына жақын. Палауы мен кәуабы бөлек әсер сыйлары анық.

Одан бөлек, қазір күллі әлем корей мәдениетін жақсы көреді десек, артық айтқандық болмас. Қазақстан жастары да бұл толқыннан тыс қалған жоқ. Сондықтан Сеулден бөлек, Пусан бағытына сұраныс жыл сайын артып келеді.

Пусанға тікелей барып-қайту шамамен 180 мың теңге көлемінде. Қонақ үй бағасы 70 мың теңге шамасында. Қазақстан азаматтарына виза қажет емес, алайда К-ЕТА рұқсатын алу керек.

Пусан – теңіз жағасындағы заманауи қала. Мұнда зәулім ғимараттар мен тыныш жағажайлар қатар орналасқан. Әсіресе жаз мезгілінде Хэундэ жағажайы туристерге толады.

Арзан әрі әсерлі саяхат іздеген жастар үшін Грузия – таптырмас бағыттардың бірі. Әсіресе Батуми мен Кутаиси қалалары жазғы демалысқа өте қолайлы. Қазақстан азаматтарына виза қажет емес. Барып-қайту билеті шамамен 100 мың теңге көлемінде болса, 3 жұлдызды отель бағасы 50 мың теңге шамасында.

Грузияның басты ерекшелігі – табиғаты мен адамдарының кеңпейілдігі. Таулы аймақтар, Қара теңіз жағалауы, ескі көшелер бұл елге ерекше романтика сыйлайды.

Одан бөлек, Вьетнам бағыты да қазақстандықтар арасында кеңінен танымал. Бұл елдің табиғаты да, тағамы да, бағасы да жастар үшін тиімді.

Вьетнамда демалу Тайландпен салыстырғанда кей жағдайда тіпті арзанырақ түсуі мүмкін. Әсіресе көше тағамдары өте қолжетімді. Елдің Ханой, Дананг, Хошимин секілді қалалары тарих пен қазіргі өмірдің үйлесімін көрсетеді.

Түркия – қазақстандықтар үшін бұрыннан ең сүйікті бағыттардың бірі. Бұған себеп көп. Біріншіден, визасыз режим бар. Екіншіден, турлардың бағасы әртүрлі бюджетке сай келеді.

Айя-София, Көк мешіт, Босфор бұғазы – әлем тарихындағы маңызды орындар. Түркияға барған жастар әрі демалып, әрі тарихи танымын кеңейтіп қайтады.

Қытай елі туристік бағыт ретінде де, бизнес бастағысы келген жас кәсіпкерлердің де арасында ерекше танымал. Әсіресе Үрімжі, Бейжің, Шанхай қалаларына сұраныс жоғары.

Бұл елге бару жастар үшін үлкен тәжірибе болуы мүмкін. Себебі Қытай – әлемдегі ең көне өркениеттердің бірі. Ұлы Қытай қорғаны, тыйым салынған қала секілді тарихи орындар адамды өткен ғасырларға жетелейді.

Сонымен қатар Египет мемлекетіне турлар көбіне қолжетімді бағамен ұсынылады. Әсіресе жастар арасында «бәрі қосылған» форматындағы демалыстар танымал. Қызыл теңіздің жағалауы, шөл даладағы сафари, ежелгі перғауындардың ізі қалған мекендер – бәрі бұл елді ерекше етеді.

ТҮЙІН: Бүгінде жастар саяхатты байлықтың белгісі емес, өмірлік тәжірибе ретінде қабылдай бастады. Расында, өзге мәдениетті тану арқылы адам өз елінің де қадірін түсінеді һәм жаңа ел көру адамның ой-өрісін өзгертеді. Егер сіздің де тұлғалық тұрғыда өскіңіз келсе, саяхаттауға асығыңыз. Мүмкіндіктен құр қалмаңыз!

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!