1 мамыр – тұтас ел ынтымақтастығының және Отан үшін ортақ жауапкершіліктің символына айналды. Бірлік мерекесі еліміздің басты жетістігі мен стратегиялық артықшылығының белгісі десек, артық емес.

Қазіргі таңда бір шаңырақтың астына 130-дан аса ұлыс өкілін сыйдырып отырған Қазақстанның этносаралық саясаты әлемге үлгі боп отыр. Әлем елдері мұны жоғары бағалайды. Шет мемлекеттердің өкілдері Қазақстанға ҚХА тәжірибесін зерттеу үшін келеді. Ассамблея мүшелерін ҚХА тәжірибесімен бөлісу үшін шетелдерге шақырады. Бұл – Ассамблеяның бір ғана жетістігі. Ассамблея этномәдени бірлестіктермен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бүгінде елдің барлық өңірінде өкілдігі бар. Олардың құрамына зерттеулер жүргізетін Ғылыми-сарапшылық кеңес, отбасы институтын нығайтатын Аналар кеңесі, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы, студенттермен, жастармен белсенді жұмыс жүргізетін «Жарасым» жастар ұйымы, ҚХА Қоғамдық келісім кеңестері, дауды сотқа дейін шешу мәселелерімен айналысатын медиация кеңестері, Достық үйлері кіреді. Достық үйінің жанында тіл үйре­нуге мүмкіндік беретін тегін мектептер жұмыс істеуде, коворкинг орталықтар да құрылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ассамблея сессиясын Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өткізу игі дәстүрге айналғанын және мұның зор символдық мәні бар екенін атап өтті.
– Бірлік, татулық және бейбітшілік – мызғымас құндылық. Оның айрықша маңызды екенін қаңтар оқиғасы кезінде айқын сезіндік. Қазір қатерлі күндер артта қалды. Сол кезде қандай қауіппен бетпе-бет келгенімізді уақыт өткен сайын ұғына түсеміз. Шын мәнінде, біз егемендігімізді жоғалтып ала жаздадық. Халқымыз қаңтар қасі­ре­тінен сабақ ала білу керек.
«Бірлігі­міз – әралуан­дықта» деген басты қағидатымыз ешқашан өзгермейді. Жас ұрпақты нағыз отаншыл азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Осы ретте саяси және қоғамдық плюрализмнің радикалды сипат алуына жол берілмейді. Әсіресе, азаматтарды кемсітуге, олардың ары мен намысын таптауға болмайды, – деді президент Қ.К.Тоқаев.
Сондай-ақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының елдегі саяси реформаларды жүзеге асырудағы рөлін күшейту қажет екенін айтып, оның Мәжілістегі квотасын Сенатқа ауыстыру туралы ұсынысын білдірген болатын. «Бұл – саяси жағынан да, заңдық тұрғыдан да дұрыс қадам. Аталған квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Соның нәтижесінде Мәжілістегі депутаттардың жалпы саны азаяды. «Аз болса да, саз болғаны» жақсы. Мұндай өзгеріс түрлі этностық топтарға мандат беріп, олардың үні жоғарғы палатада естілуіне мүмкіндік жасайды. Жалпы, Сенаттың жоғарғы палата ретінде жұмыс істеуін дұрыс әрі орынды деп санаймын», – деді Президент. Яғни, Ассамблея жұмысына қатысты тың өзгерістер мен жаңа жобалар, заңдардың барлығы ел болашағы мен ұлтаралық татулыққа тікелей әсер етеді. Мемлекет басшысының ұсынысына сай өзге ұлт өкілдерінің құқығы мен таңдау еркіндігі қазақстандықтармен тепе-тең боп тұр.

Аделина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!