Қолыңдағы кітабың қандай болса, болашағың да сондай. Себебі адам өміріндегі жетістіктер – оқыған кітаптың, түйген ойдың жемісі. Қаладағы «Kitap Qurttary» кітап клубының 4 жылдық мерей­тойы қызылордалық жастар мен оқырмандардың бұған бейжай қа­ра­майтынын білдіреді.

Белсенді жас Талғат Меңдібаевтың бастамасымен құрылған кітапқұмарлар ортасының 4 жылдығына орай клуб мүшелері, Абылайхан атындағы №140 қазақ орта мектебі және облыстық «Жастар ресурстық орталығының» бірлесе ұйымдастыруымен Қызылорда қаласындағы 10-11 сынып оқушылары арасында «KQQ – Kitap Qurttary Quiz» зияткерлік сайысы ұйымдастырылған болатын. Танымдық шараның ашылуына облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Әбілқасымұлы арнайы қатысып, зияткер жастарға сәттілік тіледі.


«Кітап құрттары» клубының 4 жылдығын атап өтіп, 5 жылға қадам басып жатқанымен құттықтаймын. Клубтың алғашқы құрамы әлі есімде. Бар-жоғы 7-ақ адам болатын. Қазір 200-ден аса кітапқұмар жан осы бастаманы қолдап, белсенді қатысуда. Оның ішінде өзіміздің өңір жастарынан бөлек, Алматы, Астана, Атырау сынды аймақтардың азаматтары да қызығушылық танытып жүр. Осылайша бірлесіп, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, «оқитын ұлтқа» айналуға септігін тигізіп келеді. Оқымаған адам ойланудан қалады. Ал ойланудан қалсақ, өмір сүруден, дамудан жүз қадам кері шегінеміз. Сондықтан баршаңызды кітап оқуға шақырамын!» – деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, сайыс «2 сурет – 1 кітап», «Әлем әдебиеті», «Қазақ әдебиеті», «Кинокітап», «Оқуға тиісті 10 кітап» деп аталатын 4 кезеңнен тұрды. Озық ойлы оқушылар арасында интеллектуалдық ойындарды насихаттау, кітап оқу мәдениетінің маңызын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған байқауға қаладағы 34 білім ордасының оқушылары қатысып, өзара бақ сынады. Нәтижесінде жүлделі I орынды С.Лапин атындағы №261 орта мектеп құрамасы жеңіп алса, II орын Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицей оқушыларына бұйырды. Үздік үштікті С.Әлжіков атындағы №144 орта мектеп құрамасы қорытындылады.


«Кітап құрттары» клубының құрылғанына 4 жыл уақыт зулап өтіп кетіпті. Алғаш рет кітап клубын ашу жайлы идеясын ұсынғанда Талғатқа қолдау көрсеттім. Жоқтан бар жасап, шағын ортаны үлкен клубқа айналдырып, көптеген жастың кітап оқуға себепкер болып жүрген де өзі. Әрине, клуб жұмысы туралы көп нәрсе айтуға болады. Бәріміз дамып жатқанын көріп отырмыз, тек алға дегім келеді», – дейді Жасұлан Алдабергенов.


Интеллектуал оқушылардың арасында ұйымдастырылған квиз байқауы – клубтың бір ғана шарасы. Түрлі форматты, тың идеяларды жүзеге асырып жүрген кітапқұмарлар ортасы үшін мұндай ерекше жобалар таңсық емес. «Адамдар қымбат көлігімен емес, кітап сөресімен мақтанса екен» деген ұстанымдағы Талғат Меңдібаевтың жобасы болашақта өркендей түсеріне, ортадағы оқырман саны артатынына сенім мол.

Аделина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!