Сіз Түркменстан елі алабай тұқымын шетелге шығартпайтынын білесіз бе? Ұлттық киімі мен дәстүрі, ақалтеке арғымағы мен түкті кілемін қоя тұрыңыз. Бұл елдің иті де құндылығын жоймаған. Осы орайда қазақтың қайран тазысы мен қасқыр шатыс төбеті еске түседі. Кезінде елді құрығын сүйреткен ұры мен құйрығын сүйреткен бөріден аман сақтап, саятшылықтың сәніне айналған қазақы иттер қазір неге ұлттың мақтанышы емес?

«Иттің дағы тегі бар, тексіз болса ол, шіркін, иесін де қабады» деген Майқы бидің даналығы бар. Алайда аң болмаса, адамға шаппайтын тазыны ата-бабамыз «ит» деп атамапты. Текті, табиғаты адал жануарды осылай бағалайды. Ең алғаш тазыны Аркадий Слудский 1938 жылы зерттеген. Жерімізде жеті қазынаның қатарына қосылып, ауызша дәріптелгенмен, ғылымға тазы орыс ғалымының еңбегі арқылы енгізілген.Осыдан 5-6 мың жыл бұрын перғауындар заманында өмір сүрген тазылар қазақ даласына шамамен 2000-2500 жыл бұрын келген деп көрсетіліпті тарихта. Содан бастап, төбедей орны бар тазының құны бір төмендемеген. Айталық, оны ұзатылған қыздың жасауына берген. Тіпті тазы қалың малға теңестірілген кезең де болыпты. Болыстар сайлауға түскенде олардың тазы баптай алатын қасиеті де ерекше сарапқа салынған. Өткен ғасырда қазақтың бай манаптары тазыны жеке киіз үй тігіп баптаған екен.

Ал қазақы төбеттің «маңтөбет, бәйтөбет, таутөбет» деп жіктелетінін, әлемдегі 116 ит түрі ішінде таутөбеттің ең ірісі болып есептелетінін естіп пе едіңіз? Бұл жөнінде этнограф Жағды Бабалықұлының жазбаларында айтылады. XIII ғасырда Марко Поло көшпенділердің бұл иті турасында мынадай дерек қалдырған: «Олардың иттері тайыншадай. Көшпенділер иттерін қорғануда, жабайы аңдарды аулауда және тарту күш ретінде пайдалана береді» деп жазыпты.Көшпенді елдің көне жәдігерлерін көпшілік жаңа заманға керек деп есептемейтінін естіп жүрміз. Алайда Сыр сахнасында құмай тазысымен өнер көрсетіп жүрген Ержанның ойы алабөтен. Ол бізге тазы мен төбетті не үшін насихаттауымыз керек екенін айтып берді.

Ержан Шайрақ, атбегі:

− Қазақы тазы – ұлттық бренд. Төбеттің де таңдай қағар тұсы басым.Сондықтан шетел азаматтары итін асылдандыру үшінт азы мен төбеттің тұқымын алып кетіп отырады. Кейбір деректерде 1936 жылы қазақ жерінде жеті мың тазы, он тоғыз мың төбет болғаны айтылады. Бүгінде таза құмайдың саны 250 ғана. Ал төбеттің саны одан да аз. Бұрын бір тазының құны елу жылқыға бағаланғанын ескерсек, қазір мүлде құнттамайтынымыз қынжылтады. Бұл – ұлт болып ойланатын мәселе. Себебі кейінгі буын тазының қазақы түрін айыра алмайды. Шатыс тазының түрі көп. Соның салдарынан бұл тұқым азып кетуі де мүмкін, яғни тазының мінезі өзгеріп, қаны бұзылады. Қазақы тазы өзге иттерге мүлде ұқсамайды, жүйріктігі мен мықтылығы өз алдына, оған ақылдылығы мен тазалығын қосыңыз, ‒ дейді ол.

Көшпенді қазақ итті екі мақсатта ұстаған: бірі – аңшылықта, екіншісі – үй күзетуге. Үйір жылқы мен отар қойды бағуға бір ғана төбеттің қауқары жетеді. Оның тарихы 4 мың жыл бұрынғы кезеңді қамтиды. Саяхатшы Марко Поло Шағатай ұлысынан қасқыр алатын төбеттерді кезіктірген. Ол кезде ит саны он мың басқа жуықтайды екен. Әрі оларды ханның екі бауыры өсіріпті. Өкінішке қарай бүгінде төбеттің маңызын түсінетіндер некен-саяқ. Бұл мәселе жөнінде Сыр серісі Ержан кесімді пікір айтты:

– Көп адам төбетті төбелестіріп, табыс табу мақсатында асырайды. Ит төбелестіріп, пайда көздеу – қазаққа жат дүние. Ол төбет таза қанды емес, сондықтан қасқырға да бата алмайды. Қазіргі таңда төбеттің санын көбейту малшылар үшін өте тиімді. Себебі малдың жауы дала тағысы екені рас. Оған қоса ұрылардан да келетін қауіп көп. Қасқырды ату – көп шығынды талап етеді. Ал адал төбет бөрі мен ұрыны малға жуытпайды. Түркмендер алабайымен, орыстар овчаркасымен кеуде қағады. Ал қазақтың сұлу, жүйрік, мықты тазысы мен төбеті бола тұра оны жете бағаламайтыны өкінішті-ақ, – дейді ұлттың қамын ойлаған азамат.

Тазының бабын бір кісідей білетін Мұрат Сүйіндікұлы да бізге ұлттық брендтің бағасын айтып берген еді. Оның айтуынша мықты тазының өзіне ғана тән белгілері болады.

‒ Мен тазыны 2003 жылдан бастап ұстадым. Оған дейін тазыны әкем баптайтын. Бүгінде сексеннің төріне шыққан әкем кезінде тауға шығып, арқардың құлжасын тазымен ұстаған. Қазақта тазының түрлері көп. Төсі жалпақ, бойшаң тазылар мықты, жүйрік  болады. Әсіресе қоян, қарсақ, түлкі салғанда жақсы ұстайды. Тазыны аңға салар тұста «айт» деп айқалағанда ең мықты тазылар аспанға үш рет секіріп, оңға, солға қарайды да, жемтігіне қарай бағыт алып, қуа бастайды. Әрі жемтігін аузымен емес, қолымен шалады. Менде сондай мықты тазылардан Ақтөс, Ұшар, Құйын деген түрлері болды. Ақтөстің бір қасиеті алдына тамақ бергенде өзің ұсынбайынша жемейтін, өзі жаурағыш болған соң үйде жататын. Қар жауған кезде Ақтөстің үстіне атамнан қалған тонды жауып қоятынбыз. Олжалы болған соң әкем де Ақтөсті ерекше баптайтын. Ақтөстің ақылдылығына, адамға деген сүйіспеншілігіне қарап «жүз жылда бір келетін ит» деп бағалар едім. «Еттің бәрі қазы, иттің бәрі тазы емес» деп  ата-бабамыз көрегенділікпен айтқан. Негізінде тазыны баптау, күту өте қиын жұмыс. Оның терісі тықыр болған соң, жаурағыш келеді. Тазыны аңға салардан бір күн бұрын тамақ бермей күтеді, ‒ дейді саятшы.

Тазы мен төбеттің ұлтымыз үшін бағалы екені ақиқат. Алайда әлемдік кинологиялық орталыққа тіркелмеген, арнайы патенттелмеген құндылықты өзге елдің өзекке тартуы да оңай. Айталық Өзбекстан мен Тәжікстан елі өздерінің үш түрлі жергілікті аңшылық иттерін халықаралық ұйымның сараптамасына салып, ресми түрде құжаттарын рәсімдеген. Тазыны паттенттеу үшін оның саны мыңға жетуі қажет екен. Қазақ қадірлеген тазы мен төбет те назардан тыс қалмаса екен…

Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!