Кітап – адамның ішкі әлемін байытып, ой өрісін кеңейтетін ең сенімді серіктің бірі. Әсіресе бүгінгі ақпарат тасқыны күшейген заманда кітаптың орны бөлек екені жиі айтылады. Осы орайда кітап оқуды өмір салтына айналдырған жас буын өкілдерінің бірі – Ізбасар Әмірмен әңгімелестік.

Ізбасар – небәрі 18 жаста. Жас болса да, біршама істі қатар алып жүрген ол бүгінде «Кітап құрттары» клубының жетекшісі, әрі «Зияткер» бағдарламасының жүргізушісі ретінде көпшілікке таныс. Жас оқырманның сөз саптауынан-ақ кітапқа деген ықыласы мен ішкі мәдениеті байқалады.

Оның айтуынша, кітапқа деген қызығушылығы бірден пайда болмаған. Тек 9-сыныпта қазақ әдебиетіндегі шығармаларды түсіне бастаған кезде бұл әлемге деген қызығушылығы оянған. Кейін қазақ әдебиетінен басталған бұл жол біртіндеп шетел әдебиетіне ұласқан. Қазір де сол ізденіс тоқтаған емес.

Ізбасардың өміріне әсер еткен шығармалардың қатарында әлемдік классика мен қазақ әдебиетінің туындылары бар. Ол Джек Лондонның «Мартин Иден» романын ерекше атап өтті. Бұл шығарма арқылы ол көп жағдайда әдемі көрінетін арманның шынайы, кейде ауыр тұстарын түсінгенін жеткізеді. Ал Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» кітабындағы кейіпкерлер образы оған табандылық пен жауапкершіліктің мәнін тереңірек ұғындырған.  

«Жастар кітап оқымайды» деген біржақты пікірге Ізбасар келіспейді. Оның сөзінше, бүгінде кітап оқитын жастар аз емес. Әртүрлі оқырман клубы, қауымдастықтар жұмыс істеп тұр. Дегенмен мәселені тек сын айту арқылы емес, жастарға сапалы, қызықты әдебиет ұсына білу арқылы шешуге болатынын алға тартады.

Кітап ұсыну жайында сөз болғанда, ол Кобо Абэнің «Құм ортасындағы әйел» шығармасын ерекше атады. Оның пікірінше, бұл шығарма өмірге басқа қырынан қарынан қарауға, тіпті адамның өз ойымен бетпе-бет қалуына себеп болады.

 Жас оқырманның айтуынша, кітап оқу әрдайым белгілі бір тәртіпке бағына бермейді. Кейде кітапқа деген қызығушылық бәсеңдеп кетсе, кейде керісінше, бір кітапты бірнеше күндеақ тауыссатын сәттер болады. Мұнда ең маңыздысы – ішкі көңіл күй мен шабыт.

 Ізабасармен әңгімелескенен кейін кітап оқудың тек уақыт өткізу емес, адамның өзін-өзі тануына апаратын жол екен түсіндік. Бүгінгі жастар арасында осындай көзқарастағы оқырмандардың болуы – үміт ұялатады.

 Иә, кітап – үнсіз ұстаз. Оны тыңдай білген адам ғана өз жолын таба алады.

Камилла САҒЫНДЫҚОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!