Ес білгелі қою мұртын бір сипап алып, әңгімені асықпай бастайтын Талғат ағамның есіміне жалғанған «Ұста» деген атау азан шақы­рылып қойған аты тәрізді көрінетін. «Халық айтса, қалып айтпайды» деген қазақ бұл жерде де қалт кет­пеген.

Зергерлігі де, темірден түйін түйген ұсталығы да бір төбе. Салмақты қалпы, биязы болмысы оны өзгелерден көш ілгері көрсетіп, өнердің адамы екенін түрі-ақ айтып тұрады.
«Бала күнінде Талғат суретті жақсы салатын. Тіпті көптеген конкурстарға қатысып, жүлделі орындарды алып жүрді. Талғаттың талғамы биік, өзі салған суреттерге өзінің көңілі тола бермейді. Сондықтан оның өзіне ұнамаған суреттерін кіші ұлым Бағдат алып, бірнеше рет конкурстарға өз атынан қатысып, жеңімпаз атанған. Сонда мен ұлымның өнерді жоғары бағалап, сол жолға өзін арнайтынын түсіндім. Оның салған туындылары қазылардың да бағасынан биік болатын. Өсе келе оның қолынан шыққан туындылар талай жерге тарап, елдің игілігіне қызмет жасай бастады» дейді анасы.
Талғат Ыдырысовты бүгінде Сыр жұртшылығы жақсы таниды. Алақандай ауылда тұратын алып өнер иесі бір кездері Алашқа аты мәшһүр бекзат өнердің бекзадасы Мизам ұстаның тәлімін алған. Көшпенді елдің тұрмыс-тіршілігіне қажетті жарақтарды қолдан жасайтын өнері бар. Батыр бабалардың қаны бойында тулаған ұста Талғат бір кездері жүзі күнге шағылысқан, сілтегенін кесіп түсіретін керемет қылыш жасады. Онысына да бүкіл ауыл дән риза болысып, қарсыласқан дұшпанның басын алған хас батырлардың күйін кешті. Онысынан бөлек, жасаған садағын қорамсаққа қол салып, жебе іліп атуға талайдың шамасы келмеді. Садақ ату өнері дегеннің кереметін сезінді сонда жұрт. Ағасы Бүркіт көзі тірісінде «Талғаттың шеберлігіне өзім тәнтімін. Садақ ату оп-оңай көрінгенімен нысанаға дөп тигізу мергеннің қолынан ғана келеді. Бірде қора соғып жатырмыз. Сонда біз бәріміз «Ой, Талғат, бала болып кеттің бе?» деп кейідік. Ал Талғат болса, бір қаданы сызып, ортасына нүкте жасап, «Мықты болсаңдар, атыңдар» деп садақты жебесімен әкелген еді. Сонда біз тигізе алмадық, ал Талғат нүктеге дөп тигізді. Мен сонда оның бесаспаптығына тәнті болған едім» деген еді.
Ауылда сынған темірді жалғау, өлшемін келтіру, ер-тоқымды жасақтау тәрізді жұмыстың қайсыбірі болса да ұстаның алдынан өтеді. Әсіресе, көлігіне қосалқы бөлшекті базардан іздегісі келмейтіндер Тәкеңнің төріне келіп, бұйымтайын айтады. Сонда Тәкең талайдың табылмайтын қосалқы бөлшегін қолдан-ақ істеп беріп жібереді. Осы дәстүрден жаңылмайтын ұста шеберлігін сәт сайын дамытып келеді. Бойында ұлттық өнерге деген ұлы махаббаты мен шын ықыласы бар.
«Біз бабалар жүріп өткен тарихты білуіміз керек. Сезінуіміз керек. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, елдің ертеңі жолында еңбек ете білсек, ұрпақтар сабақтастығы деп осыны айтқан жөн. Жүзік, тағы басқа әшекей бұйымдарды өз қызығушылығыммен жасап көрдім. Бірақ кәсіп етпедім. Алдағы уақытта қажетті құрал-жабдықтарға қолым жетіп жатса, осы ұлттық өнерді ұлықтап, елдің тарихы мен тамырын байқататын ұлттық қолөнердің биігін елге көрсетсем деймін. Әлбетте, ол үшін үлкен күш керек» дейді Талғат Ыдырысов.

Дана халқымыз «Шешеннің тілі – ортақ, шебердің қолы – ортақ» деген. Осы бір сөздің елдің бағына туған жан екенін анық айтуға негіз бар. Міне, ұста тағы да ісіне кірісті. Көріктің үстіне қызған темірін қойып, өзіне қажетті формаға келтіруде.
Еңбегің жана берсін, шебер!

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!