«Ұлттық ойын

түрлерін білесің бе?» десе, «Алтыбақан», «Асық», «Көкпар», «Қыз қуу» деп бес-алты саусағын бүгіп қана тоқтайтын ұрпақ қалыптасып келе жатқаны өкінішті. Ал біліп қана қою бір бөлек, «Ойнап көрдің бе?» деген сауалға мардымды жауап аларымыз тағы күмәнді. Ендеше, насихаты кем тартып жатқан ойын түрлерін тізбектеп

көрелік.

Ақшамшық

Дәстүрлі ойын көпшілік арасына «Сақина салу» деп те тарап кеткен. Ауыл жастары жиналып, дөңгелене отырып ойынды бастайды. Ойынға он-он бес адам қатысып, ортаға бір жігітті немесе бір қызды шығарып, қолына сақина ұстатады. Ойын жүргізуші алақанындағы сақинаны кімге салса да өз еркі. Ол барлық адамдардың алақанына сақина салғандай болғанмен жүзік біреу ғана. Қолын қабыстыра ұстаған ойыншылар жүзіктің кімде екенін білдіртпеуге тырысады. Сақина салушы «Ақ шамшығым, шық!» дегенде, жүзікті қолына ұстаған ойыншы қасындағылардың тосқауылына бой бермей, ыршып шығуға тырысады. Егер ұсталып қалса, айыбын өтейді. Айып көбіне ән-күй орындау болған.

Бес тас

Дәстүрімізге бойлар болсақ, ата-бабамыз қызын үкілеп өсіріп, сонымен қатар тұрмыс-тіршілікке де баули білген. Қолына ине ұстатып, кесте тігу, құрақ құрау сынды қолөнер түрлерін меңгерткен. Осындай сәттерде сергу үшін «Бес тас» ойынын ойнаған деседі. Тарихына қатысты айтар болсақ, сонау еңбек құралдары ағаш, тас, сүйек болып келетін ғасырлардан бастау алады деген болжам бар. Махмұд Қашқаридың «Түркітілдері сөздігі» еңбегінде «бес тас» ойыны туралы мағлұмат кездеседі. Бұл мағлұматтар арқылы «бес тас» сақ-ғұндардан бері келе жатқан ойын екеніне көз жеткізуге болады. Ойын барысына қарап, ол ойыншыны жылдамдыққа, қағылездікке, тез шешім қабылдауға үйрететініне күмәнданбайсыз. Бұл ойын жас-кәріні талғамайды. Кішкентай бес жұмыр таспен немесе еліктің асығымен ойнаған. Атау да осыған қатысты қойылған. Ойын «балта шабу», «тоқылдақ», «тарақтау», «құдыққа салу», «қуалау», «кедергі» сияқты көп кезеңнен тұрады. Қатысушылардан кім бастайтынын шешу үшін бес тасты алақанға салып, қолын жоғары серпіп, қолының сыртымен қағып алады. Кім бес тасты түгел жерге түсірмей қағып алса, ойынды сол бастайды.

Ләңгі тебу

Халқымыз малын көбейте жүріп, асық атып, ләңгі тепкен. Осылайша, физикалық тұрғыдан ғана емес, ойды демалдыратын болған. Үнемі ат үстінде жүретін ер азаматтар «ләңгі» ойнап, дене шынықтырған. Бұл – тақымның мықтылығын күшейтіп, адамды жылдамдыққа бейімдейтін ойын. Сойылған ешкінің терісіне құйылған қорғасынды бекітіп, ләңгі жасаған. Ләңгі тебудің де өзіндік шарттары, ұпай жинау тәсілдері бар. Аяғыңды қия бассаң, көз жылдамдығынан адасып, ұпайдан қағыласың. Сондықтан қырағы жігіттер бұл ойында белсенді болған.

Тымақ ұру

Тымақ ұру ойыны көгалды алаңда өткізіледі. Ойнаушылардың санына шек қойылмайды. Ойынға әркім өз атымен қатысады. Күні бұрын көмбе белгіленіп 20 метр жерге биіктігі ат бойындай қазық қағылады да, тымақ кигізіледі. Ойынға көзге  байлайтын орамал керек. Ойыншылар бір сызықтың бойына қаз-қатар тұрады. Басқарушы кезекте тұрған, яғни қатардан өз жағындағы ең шеткі ойыншыны ортаға шақырады. Оның көзін орамалмен байлап, атына мінгізіп, қолына қамшы береді. Осы көзі орамалмен байланған жігіт қолындағы қамшысымен тымақты дәл ұрып түсіруі керек. Ойын ережесі бойынша тымақты үш рет ұруға еркі бар. Айталық, бір рет ұрғанда тимесе, онда одан ары тымақты іздеп ұруына болады. Таба алмаса, тымақты одан ары іздеп тағы ұрады. Осылайша, барлық ойыншылар бір реттен айналып шыққанда, тымақты кім көп ұрса, сол ойыншы жеңімпаз аталады. Ұлттық ойынды жаңғырту арқылы бойымызға рухани азық жинаймыз. Түптамырымыздан алыстамайықшы!

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!