KAZINFORM — Пәкістанның Исламабад қаласында волейболдан ерлер командалары арасында Орталық Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуін өткізді.
Сергей Трикоз жаттықтыратын қазақстандықтар Непалмен матчта табандылық танытып, жеңісті жұлып алды.
Қазақстан командасы бастапқы екі партияда 25:19, 25:21 есебімен басымдылық танытты.
Үшінші сетте қазақстандықтар бірнеше матчболды пайдалана алмады — 32:34. Төртінші партия Непалдың еншісіне жазылды — 25:19. Дегенмен шешуші, бесінші сетте қазақстандық ойыншылар мүмкіндігін жіберген жоқ — 15:9.
Қазақстан волейбол федерациясынан мәлім еткеніндей, Ауғанстан құрамасының қатыспауына байланысты жарыс кестесіне өзгерістер енгізілді.
Осылайша, 23 шілдеде Қазақстан Өзбекстанмен, 24-інде Бангладешпен, 26-сында Шри-Ланкамен, 27-сінде Пәкстанмен алаңға шығады.
Турнир регламентіне сәйкес алты команданың төртеуі жартылай финалға шығып, чемпионат жүлделерін сарапқа салады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
